Әскерге барып, білім грантын жеңіп алды

259 Views

Қазіргі таңда жастар әскерге баруға құлықсыз. Себебі, әскер жайында неше түрлі қауесет ел арасында гу-гулеп жүр. Біз де бір әдет бар ғой. Бір жағдай орын ала қалса, бәріміз табалап соны жамандаймыз. Сол әскерде жақсы жаңалықтар да бар ғой. Ондайды көргіміз, естігіміз келмейді. Мәселен, жақында сондай жағымды жаңалықты естідік. Көрген болсаңыздар, ол «Құлан медиа» ақпараттық орталығында да ел назарына көрсетілді.
Айталық, әскерде азаматтық борышын өтеп жүріп, еліміздің жоғары оқу орындарының бірінен тегін білім алуға грант ұтып алған азаматтардың бірі – Ғазиз Бауыржанұлы.
Ғазиз Бауыржанұлы – Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Қазақ ауылында дүниеге келген. Ол Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп, үздік сарбаздар қатарынан көріне білген. Ендеше Ғазиздың өзін тыңдайық:
– 2023 жылдың қыс айында әскер қатарына шақырту келді. Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөліміне борышымды өтеуге келдім. Әскерде жарыстар өте көп өтеді, солардың көбісінен орындар алып жүрдім. Шеге сындыру, 80 келілік гір тасын қолмен көтеру секілді жарыстарда жүлделі I орын алдым. Осы жарыстар арқылы көзге түсіп, өзімнің табандылығымды көрсеттім. Қайтуға 2 ай қалған кезде бал қойылады. Жылдың қорытындысы шығады. Өзіңді жақсы көрсетсең, грант беріледі. Осылайша, өзімді әскер қатарындасан қырымнан көрсетіп, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне 4 жылға тегін грант ұтып алдым. Құдай қаласа, Шымкент қаласында оқуымды жалғастырамын – дейді Ғазиз Бауыржанұлы. Бұл өзге де көп жастарға үлгі болса дейміз.

Марат Аятберген.

Поделиться ссылкой: