Рамазан – рухани тазару айы

250 Views

Ораза – Исламдағы негізгі парыздардың бірі. Бізден бұрынғыларға да міндет болған ықылым заманнан жалғасып келе жатқан құлшылықтың түрі. оразаның адамның рухына, денесіне, денсаулығына тигізер пайдасы орасан көп.

Қасиетті Құран Кәрімде Бақара сүресі 183,184-аяттарында: «Уа, Иман келтіргендер! Ораза сендерден бұрынғыларға парыз болғаны сияқты сендерге де парыз етілді. Бәлкім тақуалықты ұстанып, сақтанарсыңдар». «Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек. Ал енді кімде-кім қайырымдылық жасап (аталмыш мөлшерден) асырып берсе, онысы өзі үшін қайырлы әрі жақсы болмақ. Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы» деген.
Оразасын күллі мұсылмандар бір айда, бір уақытта ұстауы, дініміз исламның бірлік пен ынтымаққа берген маңыздылығын көрсетеді. Ораза ұстағанда қана­ғатшыл күйде сабырлық танытып, жақсы мінез-құлыққа тәрбиеленіп, аштықты сезіне отырып, қолындағы игіліктердің қадірін еске түсіреді. Мал-дүниесі жоқ кісілердің қал-жағдайлары туралы ойланып, оларға деген мейірімділігі оянып, көзқарасы өзгеріп жан дүниесімен сезінетін күйге жетеді. Әрі Раббысына шүкіршілік білдіреді. Сондай-ақ, ораза қоғамдағы қызғаншақтықтың алдын алуға күшті ықпалын тигізеді. Сондықтан ораза тек осы үмметке ғана емес, бұрынғы үмметтерге де парыз етілген ғибадат болады.
Адамзат негізгі рухани азығын ұмытып, тәнін ғана азықтандырудың соңына түсіп кеткендігінен бұзылады. Өзі тойғанымен көзі тоймайды, қанағаттың не екенін білмейді. Нәпсінің құлы болғандықтан тіршілік азығы мен мәңгілік ақыреттің азығын ажырата алмайтын дәрежеге жетеді.
Ораза тұтқан мұсылмандарды рухани танымы мен тақуалығына қарай үш топқа бөлуге болады:
– бірінші, жай халықтың тұтқан оразасы. Яғни ештеңе ішіп-жемей, жұбайымен жыныстық қатынас жасамайтын адамның ауыз бекітуі. Бұл оразаның ең төменгі дәрежесі саналады;
– екінші, таңдаулы тұлғалардың тұтқан оразасы. Яғни тамақтан ғана тартынып қоймай, ораза тұтуға жан-дүниесімен бет бұрып, сыртқы пішінін түзеумен бірге, ішкі танымына да селкеу түсірмейтін тақуалық;
– үшінші, таңдаулылардың таңдау­лысының тұтқан оразасы. Бұл дәреже­дегілердің жүрегі Алладан басқаны ойына алмайды. Бүкіл болмысын Аллаға арнап, зәредей бір жаңсақ кетудің өзін ораза бұзушылыққа балайды. Тіпті шариғат құптаған дүние қызықшылығын да жүрегі мүлде қаламайды.
Рамазанда рухани тазару үшін парыз намаздарға аса мән беріп, түнде оқылатын тарауық және таһажжуд намаздарына көңіл бөлген жөн. Құран түскен ай болғандықтан мүмкіндік болса, қасиетті кітабымызды арабша­сынан оқып үйренуге талпынуымыз керек. Бұл айда Құранды қаншалықты көп оқысақ (мағынасын түсіне отырып) соншалықты рухани кемелденетінімізді ұмытпаған абзал. Негізінде Құран Кәрім жүрекпен оқылады. Көздің міндеті жүрекке көзілдірік болу міндетін атқару ғана. Бұл айда әрбір жасалған жақсылыққа еселеп сауап жазылатындығын білеміз. Сол үшін дініміздің парыз еткен зекетті де осы айда берсек, нұр үстіне нұр болады. Пітір садақасы, қайырымдылық көмектер, жетім-жесірге, мұқтаж жандарға осы айда көмек қолын созсақ материалдық және рухани тұрғыдан тазарып, ішкі жан дүниеміз рахатқа қауышып, рухани серпіліп қалатынымызға ешкімнің күмәні болмау керек.
Ауызашар қарын аш болғандықтан көбінесе уақытында орындалады, ал сәресі тәтті ұйқыдан тұру қиын болғандықтан немқұрайлылық көрсетіліп жатады. Сәресіге тұрып бір кесе сумен болса да аузымызды бекіткеніміздің сауабы мол. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Сәресіде жеңіздер, өйткені сәресіде берекет бар».
Сәресі уақытында оқылған дұғалар, айтылған зікірлердің өзіндік орны бар. Яғни дұғалардың қабыл болу ықтималдығы өте жоғары уақыт болып табылады. Сондықтан рамазанда рухани тазаруды қалаған, ақырет күнінде амал дәптерінде сауаптарының көп болуын үміт еткен мұсылман баласы рамазан айының әрбір уақытын ерекше тебіреніс пен ғибадатпен өткізу керек. Өйткені рамазан айының әрбір секундты баға жетпес рухани құндылықтармен көм­керілген.
Рамазан оразасын, он бір ай бойы адамның тәні мен жанына жабысқан кірлерден арылтатын рухани жаңғыру деп түсінген жөн. Оразаның мәні мен маңызын түсініп тұтуды Алла тағала баршамызға нәсіп етсін. Барша мүмін мұсылмандардың оразаларын қабыл етсін.

Талғат Таукеев,
«Қалқабай ата» мешітінің имамы. Абай ауылы.

Поделиться ссылкой: