АУЫЛДАН ШЫҚҚАН ҒАЛЫМ
Таланттардың көбі ауылдардан шығады. Мейлі ол қай салада болмасын. Айталық, есімі елге белгілі танымал азаматтың бірі, жерлесіміз Жанболат Сұраншиев дер едік.
Жанболат Әміреұлы Сұраншиев 1979-1989 жылдар аралығында Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Подгорное ауылындағы Карл Маркс атындағы №11 орта мектепте оқып, сол шаруашылықта еңбек етті. 1990 жылы Целиноград ауыл шаруашылық институтының (қазіргі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) ветеринария мамандығына қабылданып, 1995 жылы аталмыш институтты ойдағыдай аяқтаған соң шаруашылықта бірер жыл мамандығы бойынша қызметін атқарды. 1998 жылдан бастап С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ғылыми-зерттеу жұмысы мен оқытушылық қызметін жалғастырды. 2000-2002 жылдары аспирантураның күндізгі бөлімінде оқыды. 2003 жылы орындаған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері негізінде ветеринария ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін іздену бойынша кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғағаннан кейін «Микробиология және биотехнология» кафедрасының ассистенті, аға оқытушы, доценті, кафедра меңгерушісі, сонымен қатар Биотехнология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері лауазымдарын атқарып келеді.
Қазіргі таңда оның 160-тан астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектері жарияланған, соның ішінде 1 оқулық, 12 оқу құралдары мен оқу-әдістемелік кешендер, өнертапқыштыққа берілетін 23 патент, алдын ала патент және инновациялық патенттердің авторы, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері өндіріске енгізіліп, ветеринария тәжірибесінде қолданыс тапқан.
Осы еңбектерінің нәтижесінде:
– 2005-2006 оқу жылдарда жас ғалымдар арасындағы ең үздік ғылыми-техникалық өнімдер бойынша өткізілген университет ішілік байқауда жүлделі орынды иеленгендігі үшін І дәрежелі дипломмен марапатталды;
– ҚР Білім және ғылым министрлігі тағайындаған 2006-2008 жылдарға арналған «Талантты жас ғалым» Мемлекеттік стипендианты атанды;
– 2008 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» гранты иегері болды.
2004-2008 және 2022-2024 жылдар аралығында 16.00.03 – «Ветеринариялық микробиология, вирусология, эпизоотология, микология микотоксикологиямен бірге және иммунология» мамандығынан кандидаттық диссертация және D091 – Ветеринария даярлау бағыты (мамандықтары) бойынша құрылған диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы қызметін атқарды.
Шетелдік және отандық жетекші ғылыми орталықтарда біліктілігін арттырудан, тағылымдамадан өткен, Justus Liebig University Giessen (JLU), Германия, Гиссен қ., 2012; Harbin Veterinary Research Institute, Қытай, Харбин қ., 2016; М.Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығы, Алматы қ., 2019; Xinjiang agricultural university, Қытай, Үрімші к., 2024.
Жанболат Сұраншиев биотехнология және иммунологияның заманауи әдістерін қолдана отыра ауыл шаруашылық жануарларының аса қауіпті инфекциялық ауруларын анықтауға арналған диагностикумдарды әзірлеу тұрғысындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Сондай-ақ, биологиялық және техникалық мамандықтары бойынша білім алатын студенттерге білім беру процесіне интерактивтік әдістерді енгізу мен жаңа технологияларды пайдалану бойынша елеулі еңбектер жасап, айтарлықтай үлес қосуда.
«Ветеринария» және «Биотехнология» мамандығы бойынша 15 магистрлік диссертация, 60-тан астам жас ғалымдардың ғылыми жетекшісі болып, олардың болашақтарына жол ашты.
«С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ 60 жыл» (2017ж.) медалімен және ҚР Білім және ғылым Министрлігінің Құрмет грамотасымен (2017ж.) марапатталған.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің шешімімен 2025жылғы 26 мамырдағы №847 бұйрығымен Жанболат Сұраншиевке Ветеринария ғылыми бағыты бойынша Профессор атағы берілді.
М.Аятберген.
