Өз қызметіне жауапкершілікпен қарайтын Рүстем

162 Views

Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Кез келген уақытта өмірлерін қауіпке тігетін батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Аудандық №10 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Дадан Рүстем Әмреұлы осы абыройлы мамандықты 13 жыл адал атқарып келе жатқан еңбек адамы.

Аптап ыстықта да, қақаған аязда да, тәуліктің кез келген уақытында қауіпті жерге аттану – олардың күнделікті жұмысы.
Айта кету керек, биыл Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Жоғары кәсібилікті, жанқиярлықты және басқалардың мүддесі үшін өз өмірін қатерге тігуді талап ететін мамандық иелерінің қызметке деген адалдығы мен ерлігі әрқашан алғыс пен құрметке лайық.
– Мен 1995 жылдың 30 қаңтарында Жақсылық ауылында дүниеге келдім. 2013-2017 жылдары Көкшетау техникалық институтында білім алып, өрт қауіпсіздігі саласын меңгердім. Оқуымды бітіргеннен бері Т.Рысқұлов ауданындағы №10 өрт сөндіру бөлімінде үздіксіз қызмет етіп, бүгінде қарауыл бастығы лауазымын атқарамын. Өрт сөндіруші мамандығы жауапкершілікті, батылдықты және төзімділікті қажет ететін қызмет. Әрбір шақырту кезінде басты мақсатымыз – адам өмірін қорғау және мүлікті аман сақтау. Бұл жолда бізге тек кәсіби дайындық қана емес, күш-жігер мен бірлік те қажет. Кейде қатты суықта, кейде аптап ыстықта тәуліктің кез келген уақытында шақыртуға шығамыз. Уақытпен санаспай, табиғаттың түрлі сынақтарына төтеп беріп, әрдайым дайын болу – біздің басты міндетіміз. Қиындығы аз емес. Алайда әрбір құтқарылған жан мен аман қалған үй біздің ең үлкен жетістігіміз. Өз мамандығыммен мақтанамын. Себебі халқымыздың қауіпсіздігі жолында қызмет ету ең абыройлы іс, – дейді Рүстем Әмреұлы.

Ақжарқын Мұратбекқызы.

Поделиться ссылкой: