Аппараттық кеңес өтті

257 Views

Өткен сәрсенбіде аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық, «Алтын сағат» қағидатының орындалуы, сондай-ақ, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу барысы сияқты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – жылыту маусымына дайындық бойынша аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Медет Әденов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Кеңес барысында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы жылыту маусымына дайындықпен қатар, санитарлық тазалық, «Жасыл белдеу» бағдарламасының жүзеге асырылуы, жол жөндеу жұмыстары және қыс мезгілінде жолдарды күтіп-ұстау сияқты маңызды бағыттарды да көтеріп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар аудан басшысы «Алтын сағат» қағидатының орындалуын қатаң бақылауға алатынын атап өтіп, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын уақтылы әрі сапалы өткізу – стратегиялық маңызы бар науқан екенін ерекше айтты. Жиын барысында тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне бұл жұмыстарды ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.

«Құлан медиа» ақпарат.

Поделиться ссылкой: