Тапсырмалардың орындалу деңгейі сараланды
19 ViewsСәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда ішкі саясат және спорт салаларындағы негізгі міндеттер мен өзекті мәселелер қаралды. Кеңес барысында…
Кез келген адамның жұмысын еселі еңбек көрсетеді. Біздің бүгінгі сөзімізге арқау болып отырған адам да еткен еңбегімен еленіп, әріптестерінің, шәкірттерінің шын мейіріне бөленіп жүрген өнер иесі десек болады. Оның есімі – Лескүл Жиенбетова.Кейіпкеріміздің Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінде жұмыс жасап келе жатқанына 8 жыл болыпты. Лескүлді мен ең алғаш рет Каменка ауылындағы «Күншуақ» балабақшасы ашылған кезде көргенмін. Ұмытпасам, 2014 әлде 2015 жылдары болуы керек. Фортепианода отырып, балаларға ән шырқатып жатыр екен. Қандай ән екені есімде қалмапты. Бірақ балаларды ерекше жақсы көріп, солардың көңілін тауып жатқан Лескүлдің бойынан нәзіктікті, салқынқандылықты емес, жылулықты, «жұмыста күнім өтсе болды» деген көзқарасты емес, өз жұмысына деген адалдық пен шынайы кәсібилікті байқаған едім. Содан көп өтпей-ақ, Лескүл Жиенбетова Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебіне қызметке орнықты. Кейіннен білсек, Лескүл түске дейін «Күншуақ» балабақшасында еңбек етеді екен де, түс мезгілінен соң Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінде ауыл балаларына вокал сыныбынан дәріс береді екен. Өзінің айтуынша, Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болған мәдениет жанашыры, қазір зейнеткер Зайтуна Оразалиеваның Лескүлге жасаған жақсылығы көп екен. Ол оны ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да.
Лескүлдің аудандық мәдениет үйінің сахнасында талай мәрте ән салғанын көрдік. Тамаша дауыс иесі сөзсіз. Ән орындау шеберлігі қандай десеңізші. Анау-мынау әндерді орындамайды. Үнемі есті әндерді шырқайды. Түрлі іс-шараларда көрісіп, хал сұрасып жүрдік. Қазір Лескүл Жиенбетова жұрттың көкейінде «Саз мектебі» аталып кеткен Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінде вокал бөлімінің меңгерушісі әрі педагогы болып жұмыс істейді.
Әлеуметтік желінің өмірімізге дендеп еніп кеткені соншалық, қазір бәріміз түрлі платформаларды қолданамыз. Соның ішінде жұмысқа тиімдісі – «Уатсап». Телефонымды бір мезет ашып қарасам, Лескүл жазған екен. Жазған себебін түсіндіріп, қуанышты жаңалығымен бөлісті. Анық-қанығын сұрап, қажетті мәліметтерді түртіп алдым. Содан мақала жазылғанымен, газетке соны ыңғайластырудың реті келмей-ақ қойды. Одан кейін де бірер апта өтіп кетті. Оны біреулер түсінеді, енді біреулер газеттің ішкі «кухнясын» түсінбесе де, сыртымыздан біраз жерге апарып тастайды. Ондайлар көп болған. Лескүлге разы болғаным, «Мақала қашан шығады?» деп сұрап, мазаны қашырған жоқ. Ол бәрін түсінді. Өзі де педагог қой. Содан газетіміздің бүгінгі нөміріне кейіпкеріміз туралы жазған мақаламыз салынып отыр.
2019 әлде 2020 жылы ма екен, мен Лескүл Жиенбетова туралы мақала жазғанмын. Ол кезде оның шәкірті республикалық байқаудан жүлдемен оралған кез еді. Осы жолы да тура солай болып тұр. Лескүл секілді еңбекқор педагогтың жұмысын өзіміз жоғары бағалаймыз. Және газетте осындай жұмысына шын берілген, шәкірттері үшін барын беруге даяр ұстаздар туралы жазылуы тиіс деп ойлаймын.
Лескүл Жиенбетованың шәкірті көп әрине. Дегенмен жақында Алматы қаласында өткен «Жас жұлдыз» халықаралық өнер білім конкурсында Лескүлдің 3 шәкірті бақ сынады. Олар Елдос Қази, Дария Қайрат, Нұржас Бекқали. Алматыдағы конкурста үшеуінің бағы жанып, жеңімпаз атанып, Дубай қаласына және балалар киносына түсуге жолдама ұтып алған екен. Елдос Қазидың өнерін қазылар алқасы видео арқылы көріп, бағасын берсе, Дария Қайрат пен Нұржас Бекқали Алматыда өздерінің шын мықтыға тұсау жоқ екенін ұқтырды. Осылайша, олар ұстаздарының да мәртебесін арттырған жайы бар. Осы еңбегі үшін Лескүл Жиенбетоваға алғыс хат та табыс етіліпті. Бұл енді нағыз еңбектің көрінісі болса керек.
Марат Диханбай.