Ата-аналар мектеп ауласына ағаштар екті
27 ViewsӨткен сәрсенбіде №6 мектеп-гимназиясында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Бір отбасы – бір тал» деген тақырыпта іс-шара өтті. Бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Бақкелді…
Қазіргі біз өмір сүріп жатқан заманда бір өзінде үш — төрт дипломы бар азаматтар бар. Мұндай азаматтарға таңғалмайтын да болдық. Себебі қызметке немесе қандай да бір жұмысқа орналасуға оңай. Бір жұмыстың орны босай қалса, лып етіп сол орынға қонжия қалады. Себебі қалтасында дипломы бар. «Әр гүлге қонған көбелектей» әр жұмыстың басын бір шалып жүрген азаматтардың үлкен жетістікке жетуіне күмәнім бар. Сонымен бірге жас кезінен армандаған мамандығына адал, өмірбақи таңдаған мамандығын бес саусақтай игеріп үлкен жетістікке жеткен, биікке көтерілген азаматтар жетерлік. Бұрынғы өткен заманды айтпағанда, қазіргі тәуелсіз Қазақстанда мұндай мақтан тұтар азаматтар жеткілікті.
Қазақстанның ( социолистік) Еңбек Ері атағы тағайындалғанда талай зиялы қауым өкілдері, депутаттар, ең бірінші «Еңбек Ері атағын сіз алыңыз?» деп ұсыныс тастағанда тұңғыш Президент одан бас тартып, ол атақты бүкіл өмірін білім саласына арнаған жерлесіміз, аяулы ұстаз Аягүл Миразоваға берді. Бұл «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздыкі» деген аталы сөздің нақты дәлелі болса керек. Осындай үлкен атаққа ие болмаса да мамандығына адал, 38 жыл бойы жастарды білім нәрімен сусындатқан, өнегелі тәрбие берген, өз мамандығын құлай сүйген ұстаздың бірі – Өрнек ауылындағы Алғабас орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі, 24 жыл оқу ісінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарған Нұржамал Әлімбекованы мен нағыз еңбекқор адам қатарына қосар едім. Кейіпкеріміз 1959 жылы қазіргі Байзақ ауданында өмірге келіп, Кеңес ауылындағы сегізінші сыныпты үздік бітірді. 1977 жылы Ақжар орта мектебін бітіріп, сол жылы жүрек қалауымен Жамбыл педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1981 жылы математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Алғашқы екі жылда балабақшада тәрбиеші, мектепте тәлімгер болып жұмыс жасаған ол 1986 жылдан бастап Өрнек ауылындағы Алғабас орта мектебінде өз мамандығы бойынша математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істей бастады. Барлық «ғылымның атасы» дейтін математикаға кім көрінгеннің тісі бата бермейді. Жасыратын несі бар, мектеп бітіру емтихандарында Алматыдан оқу министрлігінен жабық пакетпен келетін есептерді шығара алмай қалатын мұғалімдерді де көрдік. Мұны өзім де математика пәнінің мұғалімі болған соң жақсы білемін. Ал Нұржамал ондай есептерді еш қиналмай-ақ, оп-оңай шығаратын. Ол кезде Мәскеуден шығатын «Математика в школе» дейтін журнал шығатын. Мен өзім оқушыларды емтиханға дайындау үшін сол журналдағы есептерді сабағымда көп пайдаландым. Бір жолы сондағы бір есепті шығара алмай қиналдым. Сол есепті Нұржамал еш қиналмастан шығарды. Мен әріптесімнің білімінің тереңдігіне шүбәсіз сендім. Нұржамал Әлімбекованың біліміне, іскерлігіне көзі жеткен аудандық білім бөлімі басшылығының бұйрығымен 1993-2000 жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2000-2018 жылдар аралығында оқу ісінің меңгерушісі міндетін абыроймен атқарды. Осы 25 жылда бес бірдей мектеп директоры ауысты, ал Нұржамалдың іскерлігін, кәсіби біліктілігін жақсы білетін білім басшылығы оны орнынан қозғаған жоқ. Осы жерде менің ойыма үш бірдей түрік қағаны: Елтерістің, Қатағанның, Білге қағанның уәзірі болған Тоныкөк есіме түседі. Оқу ісінің меңгерушісінің жұмысы өте қиын әрі жауапты жұмыс. Таңертең мектепке ең алғаш келетін де сол, екі ауысымды мектеп болған соң ең соңында мектептен шығатын да сол. Сол жылдарда мектептердің арасында көркемөнерпаздар байқауы жиі болып тұратын. Кейбір мұғалімдер оған қатысқысы келмей жүргенде «мен басшымын» демей өзі үлгі көрсетіп әдемі даусымен өлең айтатын. Әсіресе бейбітшілік символы болып кеткен көгершінді қолына алып, аппақ көйлегін киіп, « Ақ көгершін көгершін, қолқанат құс сен едің, бар кезіп қайт ел үшін , кең дүниенің көлемін» – деп ақ көгершінді қолынан ұшырып жібергені қандай тамаша көрініс еді. Ол кезде қазіргідей көркемдік жетекші де, продюсер де жоқ, бәрін өзі ойлап табатын. Мақтанғанымыз емес, аудандық көркемөнерпаздар байқауында Нұржамал басқарған Алғабас орта мектебі жүлделі орындардан түскен емес. Осы жылдар кез келген мектептің маңдайына бұйыра бермейтін, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда, ғылыми жобалар жарыстарында жүлделі орындарға ие болды. Нұржамал Әлімбекованың ұлы Ілияс басқаратын «Жайдарман» тобы оқушылар арасында жүлделі I орын алып айды аспанға бір-ақ шығарғаны бар. Өзі жастайынан айтыс өнеріне баптап өсірген шәкірті Қасымхан Байкүшіков 2000 жылы дарынды балалармен басқосуда Елбасының қолын алды. Қазіргі кезде облыстық телеарнада қызмет етіп жүр.
Мықты тележурналистердің бірі. Сонау 2000 жылы оқыс оқиғадан бақилық болған жарының артында қалған үш перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, тамағын аш қылмай, киімін жыртық қылмай, үшеуіне де жоғары білім алуына бар жағдайын жасап, аналық парызын өтеген Нұржамал Әлімбекованы қалай мақтасақ та жарасады. 1954 жылы ешкімге жалтақтамайтын, жағымпазданбайтын, шындықты бетің бар, жүзің бар демей тіке айтатын қазақтың аңызға айналған батыры Бауыржан Момышұлы ағамызды Мәскеудегі генералдар 54 жасында отставкіге шығарып жібереді. Еліне Алматыға келген ағамыз «Я полковник в отставке, но не гражданин в отставке» деген екен. 2019 жылы зейнетке шыққан Нұржамал Әлімбекова 2021 жылы осы ауылдың тумасы, мектепте көп жыл мұғалім болып, кейін кәсіпкерлікке ауысқан Базарбай Өскенбаевтың екі қызы, ұлы бірігіп өз қаражатына соғып берген «Қарлығаш» бөбекжайына меңгеруші болып тағайындалды. Осы аздаған жылдың ішінде бөбекжай адам танымастай өзгерді. Сыртқы есіктен кіріп барғанда бейнебір пейішке кіргендей әсер аласың. Бір бос жер жоқ, сондай талғампаздықпен егілген гүлдердің сан алуан түрлері көздің жауын алады. Қазір үш ауылдан 140 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. 34 қызметкер жұмыс жасайды. Бір кездері 1-сыныпқа келген кейбір балалар анасының етегіне жабысып мектепте қалмаймын деп жылайтын. Қазір кейбір ата-аналардың айтуынша, «Баламыз ертеңмен бәрімізден ерте тұрып, жуынып-шайынып, киініп, «бөбекжайға барамын» – деп асығып тұрады деседі. Әр топта бүлдіршіндерге арналған, ойыншық құрал-саймандардың бәрі бар. Алты жасқа толғанда 1- сыныпқа баруға дайын. Осының бәрі іскер басшы, мектепте ұзақ жыл жұмыс істеген Нұржамал Әлімбекованың таза еңбегі. Осындай ұзақ жылғы еңбегі еленбей қалған жоқ. Аудандық білім бөлімінің, аудан әкімдігінің, облыстық білім басқармасының, білім және ғылым министрлігінің, Құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталды. Білім беру саласында 43 жыл еңбек еткен Нұржамалға еңбегіңнін рахатын көр, әлі де болса шаршамай-шалдықпай қызмет ете бер демекпіз.
Кенжебай Аманқұлов,
зейнеткер ұстаз. Өрнек ауылы.