239 Views
Қазір тойдың да түрі көбейген заман. Үйлену той, сүндет той болса, бір сәрі… 1 жастан бастап, 20, 25, 30, 35, 40, 45, 50, 55, құдай-ау, кете береді осылай. Тіпті зейнет жасқа шыққанды да дүркіретіп ресторанда жасайтынды шығардық. Дұрыс. Қуанышты бөліскен жақсы. Бірақ бір сәтке де ойланып көрелікші. Осындай қуаныштарға аста-төк дастархан мәзіріне кіріп, ресторанда атап өту қаншалықты ақылға қонымды. Әйтпесе «байдың малын байғұс қызғаныпты»-ның мысалы болмасын. Жоғары да атап өттік. Үйлену той, сүндет той болса, бір сәрі… Біреулер тіпті «сәйгүлігі бәйгеден көлік ұтса, дүркіретіп той жасапты» дегенді де естігенбіз. Ағайын-туыс, дос-жаранмен-ақ атап өтуге болады бұндай қуаныштарды. Ал «құстың сүтінен басқаның бәрі бар» дастархан жайып, шашылу дегеніңіз – ешкім айып етпес, ол енді тап-таза бос мақтан, дарақылық қой. Кейбіреулер тойға тіпті қомақты қаражатқа атақты әншілерді шақыртып жатады. Оның бәрі шығын емей немене? Сосын той жүргізетін асабалар да біліп алған. Оларға да қызық керек. Әлгіндей қуаныштарда орынсыз әзіл айтып, болмағанды болғандай етіп мақтап, ойын ойнатып, жұртшылықты қызыққа батырдым деп ойлайды. Соны жас бүлдіршіндер көреді. Тағы да ойлап қараңызшы. Қандай тәрбие беріп жатырмыз. Тойға уақытында бару мәселесі де кейінгі кездері талқыға түсіп жатыр. Түнгі 00:00-де тойдың аяқталғанын өз басым құп көремін. Жаз мезгілінде кешкі сағат 22:00-де басталған тойды да көргенбіз. Түнгі 22:00-де басталған той түннің бір жарым-екісіне дейін созылады. Оған үлкен кісілердің көбісі шыдай да бермейді. Сондықтан тойдың да белгіленген уақытында жиналған дұрыс. Бұл бір ақыл айту емес. Айтып айтпай не керек, той өткізу мәдениетінде көптеген олқылықтар бар. Оны жұрт та біледі. Сондықтан құр сөздің майын шығарып айта бергеніміз де жарамас. Той мәдениеті туралы да мақала жазбаған газет-журнал жоқтың қасы. Қысқасы айту – бізден, ал оны іске асыру – сізден.
Ауданымызда да той мәдениеті туралы көптеген жиындар өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркепов мейрамхана иелерімен кездесіп, біраз жайтты талқыға салған да болатын. Одан бөлек Жасұлан Әбдіхалық басқарып отырған Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы қызметкерлері той өткізу мәдениетіне қатысты да біраз мәселелерді көтерді. Жамбыл облыстық «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаевтың қатысуымен «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» жобасы бойынша ауданда бір емес, бірнеше мәрте жиындар да өтті. Тиісті жұмыстардың нәтижесі болар, жақында қуанышты жаңалықты естідік. «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» жобасының 2025 жыл қорытындысы бойынша Жамбыл облысында той мәдениетін, қазақы той дәстүрін сақтап, аймаққа белсенді жұмыс жасап, жаңа бастамаларды қолға алып, жұмыс жүргізе білген Тұрар Рысқұлов ауданы жылдың «Үздік аймағы» атанды. Осылайша «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» жобасының 2025 жыл қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің қолы қойылған Алғыс хатты «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің ауданымыздағы төрағасы, сауатты асаба, «Сұлутөр» халықтық вокалды-аспапты ансамблінің меңгерушісі Ермахан Сегізбаевқа Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай табыс етті.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: