Ұлттық құрылтай – қоғам трансформациясының  арқауы

192 Views

Ұлттық құрылтай – қоғам трансформациясының  арқауы

Қоғам дамуының әр кезеңінде ел тағдырын айқындайтын, тарихи бағыт-бағдарды белгілейтін ерекше алаңдар болады. Ол – жай ғана жиналыс емес, мемлекеттің болашағына әсер ететін шешімдер тоғысатын, билік пен халық арасындағы жауапкершілік көпіріне айналатын кеңістік. Қазақстан үшін кейінгі жылдары дәл осындай маңызға ие институт – Ұлттық құрылтай.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Ұлттық құрылтай – елдің ішкі бірлігін нығайтып, қоғамды ортақ мақсаттарға жұмылдыруға арналған маңызды диалог алаңы» деген сөзі бұл институттың мәнін айқын аңғартады. Бұл – мемлекеттік басқарудың жаңа логикасы. Яғни сөз жүзіндегі уәде емес, нақты іске ұласатын саясат, формальды кеңес емес, мазмұнды шешім алаңы, қоғамның үнін естіп қана қоймай, оны мемлекеттік әрекетке айналдыра алатын тетік.

Алғашқы жылдары құрылтайда айтылған бастамалар көбіне декла­ративтік сипатта қабылдан-ғаны рас. Қоғамның өзі де бұл алаңға күмәнмен қарады. «Айтылған сөз орындала ма? Ұсыныстар қағаз бетінде қалмай ма?» деген сұрақтар заңды еді. Алайда уақыт өте келе оның әлеуеті айқындала түсті. Бүгінде құрылтайда көтерілген мәселелер нақты заңдарға, бағдарламаларға, мемлекеттік шешім­дерге айналып жатыр. Бұл – қоғам мен билік арасындағы қатынастың сапалы деңгейге көтерілгенінің көрінісі.

Пікір алаңының қуаты

Ұлттық құрылтайдың басты құнды­лығы – оның ашықтығы мен мазмұн терең­дігінде.

Мұнда айтылған ойлар жабық каби­нет ішінде қалып қоймай, нақты шешімдерге айналу жолына түсті. IV Ұлттық құрылтайдан кейін Бурабайда қабылданған 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар – соның айқын дәлелі. Онда 10 заң жобасын әзірлеу, бірқатар стра­­тегиялық және концептуалдық құ­жат­ты қабылдау көзделді. Бұл – бұрын­­ғыдай ұсыныстар тізбегі емес, орындалуы міндетті саяси бағдар.

Ұлттық құрылтайдың қоғамға кірігу үдерісін бір ғана сөйлеммен сипаттауға болады: кейде тарихта айғайсыз, даң­ғазасыз, бірақ терең мағыналы бет­бұрыстар болады. Ондай сәттерде ел бағытын өзгерткен шешімдер қабыл­данады. Ол өзгеріс бір күнде емес, әуелі санада басталып, біртіндеп өмірге сіңе­ді. Кейінгі жылдардағы сондай өзгерістің ең маңызды белгілерінің бірі – Ұлттық құрылтай.

Алғашында ауқымды жиын, пікір ал­масу алаңы ретінде басталған құрыл­­тай біртіндеп мемлекеттік саясат пен қоғамдық ой-сананың ал­тын арқауына айнала бастағанын аңғармай да қалғандаймыз. 2022 жылы алғаш құрылған кезде көпшілік оны символикалық сипаттағы бастама ретінде қабылдады. Ол кезеңде қоғамға ең әуелі сенім қажет еді. «Билік тыңдай ма, ести ме, пікірмен санаса ма?» деген күмән басым болатын.

Уақыт өте келе бұл алаң өзінің формальды емес, мазмұнды екенін дәлелдеді. Бүгінде құрылтай қоғамдық пікірді тіркейтін мінберден алдын ала саяси және құндылықтық сараптама жасайтын институтқа айналып келеді. Мұнда көтерілген мәселелер кейін заңнамалық түзетулерге, мемлекеттік бағдарламалар мен Президенттің нақты тапсырмаларына ұласуда. Тіл, тарихи жады, ономастика, әлеуметтік саясат, тәрбие мәселелері – бұлар енді абстрактілі ұғым емес, нақты шешімдерге айналған тақырыптар.

Реформалардың

қозғаушы күші

Ұлттық құрылтай алғашқы күннен бастап қоғамдық диалог пен мемлекеттік шешім арасындағы көпір болды. Егер басында ол тек символдық алаң саналған болса, қазір нақты, стратегиялық шешімдерге ықпал ететін институтқа айналды.

Мемлекет басшысының «Құрылтай – бұл тек пікірталас алаңы емес, стратегиялық шешімдерге ықпал ететін механизм» деген пікірі – осының айғағы. Бастапқыда кеңес беру, идеяларды талқылау мақсатында құрылған алаң бүгінде идеялар нақты бағдарламаларға, заңдарға және мемлекеттік концепцияларға айналатын трансформация орталығына ұласты. Ономастика, тарихи жады, әлеуметтік саясат, білім беру, ұлттық тәрбие – барлығы құрылтайдан бастау алған нақты бастамалар.

Еліміз кейінгі үш жылда институ­ционалдық тұрғыдан бұрын-соңды болмаған жаңғыру кезеңін бастан кешірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтқанда, «Парла­менттің рөлі күшейді, Үкіметтің жауап­кершілігі артты». Бұл өзгерістердің жалға­сын көріп отырмыз.

Ауыл-аудан әкімдерінің тікелей сайлануы, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге арналған жаңа нормативтік актілердің қабылдануы ай­мақтық өкілділікті күшейтіп, тұрғын­дардың билікке қатысуын арттырды. Қазір Парламент қабырғасында талқы­ланып жатқан жергілікті басқару туралы заң жобасының негізгі міндеті – Ұлттық құрылтайда көтерілген баста­маларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету.

Экономика және инфрақұрылым саласында да басты басымдық нақты нәтижелерге бағытталған дамуға бе­ріл­ді. Салық реформасы, әлеуметтік салық­ты көтеру, қосымша құн салығы жүйесін қайта қарау – барлығы қаржылық тұрақ­тылықты нығайтуға арналған.

Шекаралық және шалғай өңірлерді дамыту, инфрақұрылымдық жобалар да жаңа мазмұнмен толықты. Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз автожолы, жаңа теміржол және логистикалық маршруттар, 2025-2030 жылдарға арналған аймақтық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы – осы бағыт­тағы нақты қадамдар. Бұл бастамалар әсіресе Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, жұртшылық тарапынан зор қолдау тапты.

Құқықтық қағидат – қауіпсіздік кепілі

Қоғамдық сананы жаңғырту – құқықтық тәртіп пен азаматтық жауапкершілікті нығайтудың басты алғышарты. IV Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелердің бірі – «Адал азамат» бағдарламасы. Ол жас ұрпақты нашақорлықтан, буллингтен, зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған.

Ал «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы балалар саясатын жүйелеуді және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді. Қазірдің өзінде бұл бастамалардың алғашқы нәтижелері байқала бастады. Бұл – ұзақмерзімді инвестиция. Оның жемісі бірден көрінбеуі мүмкін, бірақ мемлекеттің болашағы дәл осы жерден басталады.

Еліміздің қоғам қауіпсіздігін арттырудағы келесі стратегиялық бағыты – цифрлық трансформация және жасанды интеллект. 2025 жылы қабылданған ұлттық жоспар мен Цифрлық кодекс, сондай-ақ, Жасанды интеллектіні дамыту министрлігінің құрылуы, мемлекеттік қызметтердің толық онлайн форматына көшу – ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Мемлекет басшысы жаңа заңдар арқылы «Заң және тәртіп» қағидатын нығайта түсті. Кейінгі қабылданған бірқатар норма алғаш рет құқыққа қайшы контент үшін әкімшілік жауапкершілікті жүйеледі. Қоғамдық орын­дарда бет-әлпетті тануға кедер­гі келтіретін киімге қатысты жауап­кершіліктің енгізілуі де қауіпсіздікті арттыруға ықпал етті. Ал балаларды қа­терлі ақпарат ағынынан қорғау – техно­логиялық өзгерістер дәуіріндегі аса маңызды қадам. Сонымен қатар Тарихи-мәдени мұраны қорғау туралы заң қабылданды. Ол археологиялық лицензиялау, мемлекеттік қор және депозитарий құру, заңсыз қазбаларды бақылау мәселелерін қамтиды. Бұл – тек ғылымға емес, ұлттық жадқа қатысты өзекті мәселе.

Ұлттық құрылтайдың атсалысуымен 2026-2028 жылдарға арналған наша­қорлықпен күрес бойынша жаңа кешенді жоспар қабылданды. Онда алдын алу, қоғамдық денсаулық, жастармен жұ­мыс істеу тетіктері күшейтілді. Бұл – жаза­лауға ғана емес, мәселені түп-тамыры­нан шешуге бағытталған көзқарас.

Нақты әрекеттер бастамасы

Еске сала кетейік, IV Ұлттық құрылтайда Президент ішкі саясат саласындағы концептуалды құжатты әзірлеу бастамасын қолдаған еді. Осыдан кейін алты ай бойы Президент Әкімшілігінің бастамасымен диалогтік алаңдарда сарапшылардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың қатысуымен кең ауқымды талқылаулар өтті. Соның нәтижесінде «Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары және бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойылды. Бұл құжат – мемлекеттік органдар үшін координациялық бағдар, ал қоғам үшін ел болашағының айқын көрінісі. Онда азаматтық жауапкершілік, ұлттық бірегейлік, әлеуметтік әділет, қоғамдық келісім сияқты іргелі ұстанымдар жүйеленді. Яғни ішкі саясат енді жекелеген науқандармен емес, біртұтас құндылықтық жүйе арқылы жүзеге асатын болды.

IV Ұлттық құрылтайдан кейін көп­теген нақты іс-шара жүзеге асырыла бастады. Сол Бурабайда өткен құрыл­тайдан кейін қабылданған 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар – осы өзгерістің айқын көрінісі. Бұл – жай ұсынымдар жиынтығы емес, орындалуы міндетті саяси бағдар. Аталған жоспар аясында 10 заң жобасын әзірлеу, бірқатар стра­те­гиялық және концептуалдық құжат­тарды қабылдау көзделді. Соның ішінде ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен құндылықтарын жүйелейтін тұжы­рымдамалық құжатқа ерекше мән берілді. Бұған қоса әлеуметтік, инфрақұрылымдық және құқықтық бастамалар әзірленіп, тиісті құзыретті органдарға жолданды.

Осылайша қоғам мен билік ара­сын­дағы жауапкершілік қатынасы нығайып, құқықтық тәртіп жүйесі жетілдіріле бастады. Жұртшылық пен билік арасындағы алтын арқау іспетті Ұлттық құрылтайдың тағы бір миссиясы – қоғам сұранысын мемлекеттік саясатпен ұштастыру. Осы орайда құрылтай қоғамдық көңіл күйді айқындап, реформалардың мазмұндық негізін қалыптастыру бағытында ұдайы әрекет етіп келеді. Көптеген күрделі қадамның легитимдігін арттыруда, яғни қоғам үшін күрмеуі қиын шешімдерді қабылдауда қоғамдық ой-пікірдің ықпалын күшейтуде бұл алаңның тиімділігі айқын сезіледі. Бұл ретте құрылтайдан шыққан әр ұсыныс ресми түрде резолюцияға енгізіліп, кейін Президенттің тапсырмасымен Үкімет пен профильді органдар арқылы іске асырылады. Дегенмен бұл үдеріс әлі де толық ашық емес. Қоғам үшін бастамалардың қай жерде, кімнің жауапкершілігінде және қашан жүзеге асатыны әрдайым көрініп тұрмайды. Бұл – болашақта жетілдіруді қажет ететін маңызды мәселе. Аталған функциялар әсіресе «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруда айрықша мәнге ие. Көптеген азамат үшін құрылтай – ел тағдырын айқындайтын алаң болса, мемлекет үшін – әрекет етуге бағыт беретін бағдаршам.

Болашақ – білім мен инновацияда

Президент «Қазақстан – жас, білімді азаматтары бар мемлекет. Мақсатымыз – олардың әлеуетін барынша пайдалану, инновациялық экономика құру, әділетті қоғам орнату» деп атап өтті. Осыған орай Ұлттық құрылтай – жастарды да өз жұмысына тартып, оларды мем-лекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуына қатыстыруға жол ашып отыр. Сондықтан құрылтайда білім сапасы мен гуманитарлық саясат, тарихи жады мен ұлттық бірегейлік мәселелері – ерекше назарда. Елдің өткенін білу – болашаққа бағдар, ал жас ұрпаққа сапалы білім беру – мемлекеттің тұрақтылығының кепілі.

IV Ұлттық құрылтайдан кейін шынайы іс-қимыл кезеңі басталды деуге негіз бар. Қазақстанның болашағы – білім, инновация, әділеттілік, қауіпсіздік және тең мүмкіндік арқылы жасалатыны анық. Ал құрылтай осы бағдарлардың барлығында қоғам тынысын жіті қадағалап, жоғары билікке дәл жеткізетін алаңға айналып отыр. Яғни қоғамның әр тынысы, әр талабы мемлекеттік шешімдерге әсер ететін кеңістік – Ұлттық құрылтай. Алғашқы жылдары ол кеңес беруші, идеяларды талқылайтын орын болса, бүгінде күрделі реформалардың генераторы, нақты заң жобалары мен мемлекеттік концепциялар туындайтын орталыққа айналды.

Ономастика, тарихи жад, тіл саясаты, білім және тәрбие мәселелері – барлығы осы алаңнан бастау алып, мемлекеттік іс-қимылға жол тапты. Ұлттық құрылтай – қоғам мен мемлекетті өзара үнқатысуға бастайтын берік арқау. Мұнда мемлекет шешім қабылдамас бұрын тыңдауды үйренсе, қоғам талап қоюмен қатар дәлел келтіруге, жауапкершілік алуға бейімделе бастайды.

Бұл үрдіс баяу жүруі мүмкін, бірақ баламасы жоқ. Құрылтай қазірдің өзінде қоғамның үнін естіп, әлеуметтік сигналдарды заңнамалық және институционалдық шешімдерге айналдыра алатынын дәлелдеп келеді.

Елдің болашағы – білім, мәдениет, әділеттілік, қауіпсіздік және тең мүмкіндік арқылы құрылады. Ал Ұлттық құрылтай – осы үдерістің жүрегі, қоғамдық сұранысты нақты іс-қимылға айналдыратын күш. Сөзден іске өту, идеядан шешімге жету – дәл осы құрылтайдың миссиясы.

Сөз бен істің бірлігі

Қорыта айтқанда, қазіргі Ұлттық құрылтай – жаңа институт қана емес, мемлекеттің қоғаммен сөйлесу тәсілінің түбегейлі өзгергенін білдіретін форма. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл алаңның мәнін айқын атап өтті: «Ұлттық құрылтай – дискуссия үшін жиналатын клуб емес. Бұл – қоғамдық ойдың мемлекеттік шешімдерге ықпал ететін тетігі». Бұл сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Себебі сөз – айтылған жерде қалмауы керек, ол іс арқылы дәлелденуге тиіс.

Ұлттық құрылтайдың күші – оның тірі организм секілді өзгеріп, дамып отыруында. Оны шамадан тыс регламенттеу оның табиғи диалогтік сипатын әлсіретуі мүмкін. Дегенмен бір мәселе анық: ұсыныстардың орындалу барысы қоғамға түсінікті әрі ашық болуға тиіс.

Құрылтай – биліктен талап ету алаңы ғана емес. Бұл – қоғамның өзіне қойылатын сұрақтардың мінбері. Біз не талап етеміз? Біз соған дайынбыз ба? Біз жауапкершілікті бөлісуге әзірміз бе?

Президенттің сөзімен айтқанда, «Күшті мемлекет тек биліктің күшімен емес, жауапты азаматтардың санасымен қалыптасады». Қазақстан бүгін таңдаудың алдында тұр. Сөз айтылды. Бағыт айқындалды. Заң қабылданды. Енді ең күрделі кезең басталады – іске асыру кезеңі. Ұлттық құрылтай осы жолда қоғам мен мемлекеттің арасындағы үнсіз келісімді бекітетін алаңға айналуға тиіс. Айғайсыз, бірақ терең. Даңғазасыз, бірақ нақты. Сөз бен істің бірлігі нақты нәтижеге жеткізері анық.

 Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Президент жанындағы  Ұлттық құрылтай

 төрағасының орынбасары, Сенат депутаты.

Поделиться ссылкой: