Тұрғындар көбінесе жұмыспен қамту және баспана алу мәселесін көтереді

205 Views

Тұрғындар көбінесе жұмыспен қамту және баспана алу мәселесін көтереді

Өткен жұмада аудан әкімі Ернар Есіркепов «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»  тұжырымдамасы аясында қоғамдық қабылдау өткізіп, бірқатар тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Бұл жолғы қабылдауға  Қарақыстақ, Құлан, Жаңатұрмыс, Көгершін  ауылдарының тұрғындары келіп, өзекті мәселелерін  ортаға салды.

Тұрғындардың басым бөлігі жұмыс­пен  қамту, әлеуметтік көмекке қол жеткізу, баспана алу, денсаулық сақтау  салаларына қатысты түйткілдерді  көтерді. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы әрбір өтінішке жеке-жеке тоқталып, барлық мәселенің заң аясында шешілу жолдарын түсін­дірді. Күрмеуі қиын мәселелерді жан-жақты қарастырып, тиісті сала басшы­ларына нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе  бала  еміне байланысты   ар­найы қаржы  жинауға мәжбүр болып жүрген  ата-ананың өтінішіне ерекше назар аударды. Аудан әкімі Ернар Есіркепов ем-домды ең алдымен еліміздегі  медициналық  меке­мелерде жүргізуді ұсынып, қажет болған жағдайда  арнайы мемлекеттік қор­лар арқылы  қаржылай көмек  сұрау мүмкін­дігін қарастыруды  аудандық ауру­­хана басшылығына жүктеді. Соны­мен қатар  жуырда өңір  намысын қор­ғап,  волейболдан  жүлделі орын иеленген ардагер спортшылардың сапар шығынын өтеу тәртібін зерделеуді,  бұл бағыттағы жұмыстарды  кеңінен наси­хаттап,  ақпараттандыру жұмыс­тарын  жүргізуді міндеттеді. Атап айт­қанда,  аудан орталығындағы  ақ­парат­тық  тақтайшаларға ардагер спорт­шыларға қатысты мәліметтерді  орна­ластырып,  бұқаралық ақпарат құралдары  арқылы насихаттауды тапсырды.

Қабылдау барысында аудан аума­ғында  «Қазақ аналары – дәстүрлі  жол» республикалық  қоғамдық бірлестігінің  жұмысын жандандыруға қолдау көрсетуді   сұраған  ақ жаулықты ананың  өтініші  де   назардан тыс қалмады.  Ау­дан басшысы  бала тәрбиесі, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, ұлт­тық құндылықтар мен салт-дәстүрді  наси­хаттауға  бағытталған бұл бірлестік жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуді  тиісті  бөлімдерге тапсырды.

                                                                                      Жәнібек Сұлтан.

Поделиться ссылкой: