Жаңа Конституция: Қазақстанның негізгі өзгерістері мен құндылықтары

149 Views

Жаңа Конституция: Қазақстанның негізгі өзгерістері мен құндылықтары

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланып, ел өміріндегі аса маңызды саяси-құқықтық кезеңнің басталғанын көрсетті. Күмәнсіз, бұл құжат – конституциялық реформа жөніндегі комиссияның ауқымды, жүйелі әрі барынша ашық жұмысының нәтижесі. Жаңа негізгі заңды әзірлеу барысында азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының ұсыныстары жан-жақты қаралып, қоғам пікіріне ерекше мән берілді.

Талқылау үдерісі бұрын-соңды болмаған деңгейде ашық өтті. Қазақстандықтар e-Otinish және eGov порталдары арқылы өз ұсыныстарын белсенді түрде жолдап, екі мыңнан астам бастама тіркелді. Бұл – азаматтардың ел тағдырына тікелей қатысуға дайын екенін және қоғамдық сананың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететін маңызды көрсеткіш.

Реформаның бастау нүктесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жариялаған бір палаталы Парламентке көшу бастамасы болды. Бұл ұсыныс саяси жүйені кешенді жаңғыртудың өзегі ретінде қарастырылды. Президент атап өткендей, қазіргі әлемдегі геосаяси тұрақсыздық, технологиялық серпіліс, соның ішінде жасанды интеллект дәуірінің басталуы мемлекет басқару жүйесінің икемді, тиімді және азаматқа жақын болуын талап етеді.

Осы бастаманың аясында қазан айында парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы құрылып, 2026 жылғы қаңтарда елдің барлық өңірлері мен әлеуметтік топтарының 130 өкілін біріктірген Конституциялық комиссия жасақталды. Комиссия құрамына заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар, азаматтық қоғам өкілдері мен өңірлік сарапшылар енді. Комиссия отырыстары ашық форматта өтіп, тікелей эфир арқылы көрсетілді, бұл өз кезегінде қоғам тарапынан сенім мен бақылауды күшейтті.

Жұмыс барысында жекелеген түзетулер енгізу емес, тұтастай алғанда жаңа Конституция қабылдау қажеттілігі айқындалды. Ұсынылған өзгерістер қолданыстағы Конституция мәтініндегі 77 бапты қамтып, оның шамамен 84 пайызын құрады. Бұл – реформаның формалды емес, мазмұндық әрі құрылымдық сипатқа ие екенін көрсетеді.

Жаңа Конституция жобасының басты бағыты – мемлекеттің адамға бағдарлануын күшейту. Алғаш рет Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде нақты әрі тікелей бекітілді. Бұл қағида барлық мемлекеттік саясаттың, заң шығару мен құқық қолдану тәжірибесінің негізіне айналуы тиіс.

Сонымен қатар қоғам үшін аса маңызды құндылықтар айқындалды. Бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің берік іргетасы ретінде белгіленді. Ал егемендік, тәуелсіздік, унитарлық сипат және аумақтық тұтастық өзгермейтін, қол сұғылмайтын құндылықтар ретінде конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл нормалар мемлекеттің тұрақтылығы мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін айқындайды.

Жаңа Конституция саяси институттардың тиімділігін арттыруды да көздейді. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара жауапкершілік күшейтіліп, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығы мен есептілігіне басымдық берілген. Бұл өзгерістер азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтып, құқықтық мемлекеттің негізін тереңдете түсуге бағытталған.

Жаңа Конституция жобасы – уақыт талабына берілген жауап қана емес, Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына арналған стратегиялық құжат. Ол қоғамның басты құндылықтарын айқындап, мемлекеттің адамға қызмет ету қағидатын нақты бекітеді. Алдағы бүкілхалықтық талқылау мен шешім қабылдау үдерісі еліміздің демократиялық дамуының маңызды кезеңіне айналатыны сөзсіз.

Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Поделиться ссылкой: