Қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы
34 ViewsИлья Жақанов қазақ өнері мен әдебиетінде өзіндік қолтаңба қалдырған шығармашыл тұлға ретінде танылды. Ол тек әдеби шығармалар жазып қана қоймай, қазақ музыкасының тарихын зерттеуге…
Қазақ поэзиясының көгінде жарық жұлдыздай жарқыраған Мұқағали
Мақатаевтың туғанына биыл 95 жыл толып отыр. Уақыт өткен
сайын ақын тұлғасы асқақтап, оның шығармашылық мұрасы халқымен
бірге жасай береді. Мұқағали Мақатаев – қазақтың қара өлеңін жаңа
биікке көтеріп, ұлттық поэзияның алтын қорына өлмес туындылар
қалдырған дара талант.
Мұқағали Мақатаевтың тұңғыш
өлеңдері 1949 жылы аудандық «Советтік
шекара» газетінде жарық көрді. Кейіннен
оның «Ильич», «Армысыңдар, достар»,
«Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға-жүрек», «Аққулар ұйықтағанда»,
«Шуағым менің», «Өмірдастан» секілді
жыр жинақтары оқырманға жол тартты.
Мұқағали поэзиясының басты
ерекшелігі – шынайылық пен
сыршылдық. Ол туған жерді, Отанды,
махаббатты, ананы, адам тағдырын
ерекше сезіммен жырлады. Ақынның:
– Ақынмын деп қалай мен
айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын,–
деген жолдары оның шығармашылық
ұстанымын айқын көрсетеді.
Мұқағали Мақатаев тек ақын ғана
емес, дарынды аудармашы да болды. Ол
Уолт Уитменнің «Шөп жапырақтары»,
Уильям Шекспирдің «Сонеттері»,
Данте Алигьеридің «Құдіретті
комедиясының» «Тамұқ» бөлімін
қазақ тіліне тәржімалады. Осы арқылы
қазақ әдебиетінің әлемдік әдебиетпен
байланысын нығайтуға үлес қосты.
Мұқағали Мақатаев 1976 жылы
дүниеден өтті. Алайда оның өмірден
өтуі ақын мұрасының мәңгілік сапарын
тоқтата алған жоқ. Бүгінде оның
шығармалары бірнеше тілге аударылып,
ғылыми тұрғыдан зерттелуде. Ақынның
есімі мектептерге, көшелерге беріліп,
туған жерінде мұражай ашылған.
Оның құрметіне әдеби сыйлықтар
тағайындалып, халықаралық қоғамдық қор жұмыс істейді.
Мұқағали поэзиясы – халқымыздың
рухани қазынасы. Оның өлеңдері әрбір
оқырманның жүрегінен орын тауып,
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Өз
жырларында адамзаттың қуанышы мен
қайғысын, өмірдің мәні мен тағдырдың
сырын терең толғады. Сондықтан
да оның шығармалары уақыт өткен
сайын өз құндылығын жоғалтпайды.
Мұқағали жырлары қазақ халқымен
бірге мәңгі жасай береді.
Жұлдызай ҚОЖАБЕРГЕНОВА,
М. Х. Дулати атындағы Тараз
университетінің конвергентті
журналистика мамандығының 3 курс студенті.