Ата-аналар мектеп ауласына ағаштар екті
27 ViewsӨткен сәрсенбіде №6 мектеп-гимназиясында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Бір отбасы – бір тал» деген тақырыпта іс-шара өтті. Бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Бақкелді…
Ол Ауғанға өзі сұранып барған
Жалпы біздің ауданнан Ауған жеріне 120-ға жуық жауынгер аттанған екен. Ауғанстандағы соғысқа қатысқан сарбаздардың бірі – Мұрат Таклышев.
Мұрат Смайылұлы бүгінде Каменка ауылының тұрғыны. Екі ұл мен екі қызды тәрбиелеп өсіріп отырған ардақты әке. Мұрат Смайылұлы да редакцияға келді. Пікірлестік. Оның да сөздерінен Ауған жеріндегі қанды қақтығыстардың адамзат баласына оңай болмағанын аңғардық.
Мұрат Таклышев Ауғанстан жеріне 1986 жылы аттанады. Жас сарбаз бірден 45-ші саперлік полктің құрамына алынып, Парван провинциясы, Чарикар қаласында орын алған ұрыстарға қатысады. Тұтқиылдан шабуыл жасаған жауға талай тойтарыс береді. Сондай ұрыстардың бірінде ол қатты жараланады.
«Бірде біздің ротаға ойламаған жерден шабуыл жасалды. Шыны керек, сол ұрыста ротамыздағы біраз азаматтар жараланды. Олардың қатарында менде бармын. Арнайы ем алдық. Жазылып шықтық. Әскер басшылары ерлігімізді бағалап, тиісті деңгейде марапаттауды жөн көрген екен. Маған сол сәтте басшылар «Қызыл жұлдыз» орденін беруді ұйғарыпты. Бірақ мен сол тұста құны биік марапаттан бас тартып, орныма ұрыста қатты жараланған Игорь Колесник атты украин досымды ұсындым. Аяғынан қатты жараланған досым сол сәтте егіліп, езіліп көзіне жас алғаны бар. Өкінішке орай, бүгінде онымен ара-қатынасымыз үзілген. Хат-хабарсыз кеттік. Оның дәл қазір қайда, не істеп жүргенін білмеймін. Бір білерім, ол – сол сәтті мәңгілік есте сақтайды» деп, майдан шебінде болған жайтты кеңінен әңгімелеп берді.
Дәл осылай мәрттік танытқан Мұрат Таклышев бәрібір де марапатсыз қалмады. Бүгінде батыр ағамыздың кеудесінде «За отвагу» және «Ауған соғысының 20, 25, 30 жылдығына» арналған мерекелік медальдар тағылған.
Мұрат Смайылұлы өз естеліктерімен бөлісіп отырғанда, мен бейбітшіліктің қадірін одан сайын ұққандаймын. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Тәу етер тәуелсіздікті көре алмай, қаншама бабаларымыз арманда кетті. Шүкір. Біз оны сезіндік. Көрдік. Ауған соғысының ардагері Мұрат Таклышев та «Жастар отанды сүю керек. Телефонда көп отырмау қажет. Әскерден жалтармау керек. Отанды сүю осы ұғымдардан басталады» дейді.
Марат Аятберген.