Ата-аналар мектеп ауласына ағаштар екті
27 ViewsӨткен сәрсенбіде №6 мектеп-гимназиясында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Бір отбасы – бір тал» деген тақырыпта іс-шара өтті. Бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Бақкелді…
Рамазан сөзі арабтың ежелден келе жатқан тілдік сөздіктерінен алынған. Хижри күнтізбенің 9 — шы айы болып саналған Рамазан арабтардың өте ыстық, табиғатты күйдіріп жіберуге дейін болатын мезгілге тұспа-тұс келгендіктен «Рамазан» деп аталған. Рамазан дегені «рәмз» сөзінен алынып, «қыздыру» , «күйдіру , «қызыл шоқ болу» мағыналарға сай келеді. Тіпті араб жазирасында ен далада қалып кеткен қорларға дейін қарайып өліп кеткен екен. Сол үшін де аталмыш айда ораза ұстаған адамның күнәлары кешіріліп, жоқ болады, қате-кемшіліктері Рамазан айы кезіндегі жалындап тұрған отқа жағып, күйіп кетеді деп пайымдалған.
Рамазан оразасы Пайғамбарымыздың с.ғ.с. Мәдинаға хижрат (көшіп-қону) қылған жылдың екінші жылында, яғни шағбан айының екінші кешінде парыз етілді. Кейбір ғалымдар, демек бұл жәйт миләди күнтізбе бойынша 623 жылы 7 ақпанда орын алған дейді. Шағбан айы тәмәм бола сала Пайғамбарымызбен с.ғ.с. бірге барша мұсылман қауымы Рамазан оразасын тұта бастады. Ол күндер өте аптап ыстық еді. Айтқанымыздай, Рамазан да «өте ыстық» «күйдіретін ыстық» еді, әрі Рамазанда ораза ұстағандардың күнәлары жойылып, жоқ болып кетеді деген сенім араб жазирасында кеңінен қалыптасты. Пайғамбарымыз с.ғ.с. 9 жыл Рамазан оразасын ұстаған.
Рамазан айлардың сұлтаны һәм қасиеттісі. Оның басқа айлардан көп артықшылықтары бар. Олардың кейбірін атап өтейік:
– Рамазан айында Құран Кәрім нәзіл болды. Рамазан айындағы қадір түнінде Лаухул Махфуздан Бәйтул Ғиззаға бір мезетте түсірілді. Кейін Құран Кәрім Пайғамбарымызға с.ғ.с. 23 жыл бойы бөлек-бөлек болып, түрлі себептерге байланысты түсіріліп отырған. Алла Тағала бұл жайында: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді.» (Бақара сүресі, 185 аят).
Рамазан айының оразасы Исламның бес парыздарының бірі. Хазреті Ибн Омар р.ғ. риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с : «Ислам бес негізге құралған. Алладан өзге Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі екендігіне куәлік беру, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылық жасау», деген. (Имам Бұхари, Имам Муслим риуаяттары)
Рамазан айында жасалған қайырымдылықтар, садақалар мен жақсылықтар басқа айларға қарағанда сауабы өте мол. Пайғамбарымыз с.ғ.с. өзі табиғатынан жомарт жан еді. Рамазан айы бойы әр қайырымдылығын үздіксіз жасар еді. Рамазан айында жасалынған жақсылық амалдардың өзге айлардан жетпіс есе артық екендігіне төмендегі мына бір хадис дәлел бола алады. Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Рамазанда бір мәрте тәсбих тарту, басқа айларда мың мәрте айтқаннан да жақсырақ» дейді. (Бәйһақи риуаяты).
Рамазан айында мың айдан да жақсырақ болған бір түн бар. Ол Қадір түні. Аталмыш түннің мың айдан артық артықшылығы бар екендігін Алла Тағаланың Өзі де, Пайғамбарымыз с.ғ.с. да растап бекіткен.
– Рамазан айының басқа айлардан айырмашылығы ол айдың кештерін намазбен өткізу сүннет болған. Нақты айтар болсақ, тарауих намаздары жамағат болып оқылып, дұғалар жасалынатын болса, оның сауаптарын ешнәрсемен өлшеп болмас екен.
Рамазан айы – Құран айы. Құранды оқитын, үйренетін әрі өзгеге үйрететін ай. Бұл айда құран оқуды көбейту, құран дәрістерін көбейту мұстахаб амалына жатады. Өйткені Пайғамбарымыз с.ғ.с. да құран дәрістерін Жәбрайіл ғ.с. періштемен көп қайталайтын болған екен. Кезінде саңлақ сахабаларымыз, ата-бабаларымыз да тіпті медреселер де өзге сабақтарын, дәрістерін тоқтатып, тек құранмен ғана шұғылданатын болған. Рамазанда өзге айлардай болмайтын қонақтарға арналған дәмдер, былайша айтқанда түрлі ауызашар дастархандары жайылады. Мұндағы мақсат үлкен-кіші, мұқтажды, ауыз бекіткенді қуандырып шаттықа бөлеу. Хадистердің бірінде «Кімде кім бір мұсылманға ауыз ашар беріп, батасын алатын болса, оның сауабы иесіне екі есе болып қайтарылады» делінген.
Рамазан айында жасалынған ғұмра ғибадатын сауабы басқа айлардан едәуір артық. Рамазан айында ораза ұстаудың парыз екендігі жайында Алла Тағала Құранда: «Әй мүминдер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар» дейді.(Бақара сүресі, 183 аят). Демек Адам Атадан Пайғамбарымызға с.ғ.с. дейінгі барлық пайғамбарлардың үмметтерінің баршасына өздерінің ахуалдарына қарай Рамазан айында ораза ұстау парыз етілген. Кейбір үмметтердің оразалары 50 күн болған. Бұрындары мұсылмандарға рамазан оразасы парыз етілместен алдын оларға Ашура күні ораза ұстау парыз етілген екен. Рамазан оразасы парыз етілген соң Пайғамбарымыз с.ғ.с. ашура оразасы жайлы: «Кім қаласа ол күні ораза ұстасын, ұстамаса өз еркі» деген. (Бұхари, Муслим риуаяттары). Рамазан оразасын теріске шығарған адам Ислам дінінің шеңберінен шыққан кәпір болып саналады. Тіпті мәзһабымыздың кейбір фиқһ кітаптарында ешбір себепсіз ораза ұстамаған, ораза мен ораза ұстаушыларды мазақ еткен адамның өзін тәубе етуге шақырған.
Намаздың өз шарттары рүкіндері бар болғаны сияқты оразаның да өз шарттары бар.
Оразаның себебі: Рамазан айына жету, яғни Рамазан айын көру.
Оразаның шарттары: Мұсылман болу, ақылы толық болу және балиғат жасына жету. Тағы бір айта кетерлігі оразаны дұрыс ұстау үшін денсаулықтың да дұрыс болуы шарт.
Оразаның рүкіні дегеніміз – оразаны бұзатын нәрселерден сақтану болып саналады.
Рамазан оразасы кімдерге парыз деген сұраққа шариғатымыз мұсылман адамға, ақыл есі толық адамға, балиғат жасына жеткенге, денсаулығы бар адамға, жолаушы емес адамға және хайыз бен нифас жағдайында емес әйелдерге деп белгіленген.
Ораза ұстап жүрген адам сырқаттанып қалатын болса, оразасын тоқтатып, кейін сырқаты тоқтаған соң қаза оразасын өтейді. Сондай-ақ, жолаушы адам жұртына оралған соң, әйел адамдар хайыз, нифас жағдайларынан тазарған соң қалған оразаларын ұстайды. Аяғы ауыр немесе бала емізулі әйелдер де кейінірек өткізіп алған оразаларының қазаларын өтейді. Жасы келіп отырған қарт кісілерге ораза ұстау қиын болып тұрса ұстамайды. Оның орнына фидия садақасын береді. Рамазан оразасы жайында жүзге жуық хадистер жеткен. Төменде солардың кейбіріне әрі мәшһүрлеріне тоқталып өтеміз:
Әбу Һурайрадан р.ғ. хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с. айтады:
«Кім Рамаданда иманмен және сауап үмітімен ораза ұстаса, өткен күнәлары кешіріледі. Кім Рамаданда иманмен, сауап үмітімен түнгі намазға тұрса, өткен күнәләрі кешіріледі және кім Қадір түнін иманмен, сауап үмітімен өткізсе өткен күнәлары кешіріледі.» (Бұхари және Муслим риуаяты)
«Ораза ұстаушының екі қуанышы бар. Бірі – ауыз ашқан кезінде, екіншісі – Раббысына жолыққан кезінде. Ораза ұстаушының аузынан шыққан иіс Алланың алдында жұпар иісті мисктің иісінен артық». (Бұхари және Муслим)
Жәннатта «Раййан» деп аталатын қақпа бар. Ол қақпадан ораза тұтқандардан басқа ешкiм кiрмейдi. Қиямет күнi: «Ораза ұстағандар қайда?», – деп жар салынады. Ораза ұстағандар тұрып, сол қақпадан кiредi. Олар кiрiп болған соң ол жабылып, одан басқа ешкiм кiрмейдi.» (Бұхари)
Сөз соңында айтарымыз, Рамазан айының оразасын құрметтеу уәжіб болып саналады. Мейлі ораза ұстап жүрсек те, мейлі ораза ұстамай жүрген болсақ та құрметіміз болуы керек. Оразаның сауабын Алла ғана береді. Жаратушымыз бір құдси хадисте: «Ораза тікелей Мен үшін жасалатын құлшылық, оның қайтарымын Өзім ғана беремін» деген. Кез келген ғибадат атқарылып жатқан уақытта сырттай көзге көрініп тұрады. Ал енді кімнің ораза ұстап жүргені сырттай байқалмайды. Оны тек Раббымыз ғана білуші. Рамазан – кешірім айы. Бұл айда Аллаға өте көп истиғфар (кешірім сұрау, жарылқау тілеу) айтып, көбірек құлшылық жасаған дұрыс. Алла Тағала шынайы ықыласпен кешірім өтініп, жарылқау тілеген құлын кешіріп, мал-мүлкін көбейтеді, ол пендені түрлі бәле-жаладан сақтайды. Олардың несібелерін молайтады.
Биыл Рамазан айының алғашқы күні 19 ақпанға сәйкес келді. Тарауих намазы 18 ақпан күні басталады. Ораза айт 20 наурызға дәл келді. Биыл пітір садақасы еліміз бойынша 735 теңге боп жарияланды.
Абай атамыз 13-ші қара сөзінде «Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» дегеніндей, оразаға берік болуды баршамызға нәсіп етсін!
Қуаныш Түзелбеков,
Т.Рысқұлов ауданының
бас имамы.