«Көше ойындары – 2026» фестивалінде үздік үштікке ендік

160 Views

«Көше ойындары – 2026» фестивалінде үздік үштікке ендік

Жақында Тараз қаласында 7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне орай, «Біз терроризм  мен діни экстремизмге қарсымыз!» деген ұранмен «Көше ойындары – 2026» облыстық  фестивалі өтті. Бұл фестивальге баратын қатысушылар алдымен ауданнан іріктелді.

Яғни «Көше ойындары – 2026» фестивалінің аудандық кезеңінде жеңімпаз атанған жандар облыста аудан намысын абыроймен қорғады дей аламыз. Оны Құмарық ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Сержан Баденовтың «Watsapp» әлеуметтік желісіндегі статусынан да байқадық.

«Көше ойындары – 2026» облыстық фестиваліне аудан атынан 40-қа жуық спортты серік еткен жандар қатысып, олар осы фестиваль аясында ұйымдастырылған сайыстардан жүлдесіз қайтқан жоқ. Біз тағы да Құмарық ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Сержан Баденовке хабарласып, ақпарат алған болатынбыз. Оның айтуынша, Құмарық ауылынан барған Дидар Жолдас халық жим спортынан, Аслан Шакимов армлифтингтен қола жүлде, Арсен Абубакир стритворкауттан, Баймұқан Бүтінші масрестлингтен күміс жүлде иеленіпті. Ал масрестлингтен Лаура Берикова, армлифтингтен Ақжігіт Қызырбай және Мадияр Тұрсын халық жим спортынан ұйымдастырылған сайыстарда чемпион атанған екен. Жалпы Құмарық ауылынан осы фестивальге 15 адам қатысып, оның 7-еуі, яғни 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль еншілепті.

«Көше ойындары – 2026» облыстық фестиваліне өзге ауылдардан барған қатысушылар да жүлде еншіледі. «Көше ойындары – 2026» облыстық фестивалінде жалпыкомандалық есепте Тұрар Рысқұлов ауданы үздік үштікке еніп, жүлделі үшінші орынды иеленіпті. Тараз қаласынан бөлек, 10 аудан қатысқанын ескерсек, бұл да жақсы көрсеткіш екені айтпаса да түсінікті деген ойдамыз.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий