ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ — ҰЛТ РУХЫНЫҢ ҰЛЫ ДӘСТҮРІРУХЫНЫҢ ДӘСТҮРІ

32 Views

Өткен сенбіде ауданымызда қазақтың көнеден келе жатқан тағылымы терең, мәні бөлек мереке саналатын – «Қымызмұрындық – 2026» іс-шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.

Жарлысу жеріндегі «Тау қымыз» демалыс аймағында өткен бұл ауқымды шара ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, халықтың рухани мұрасын дәріптеуге бағытталды. Шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов те қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Шара барысында салт-дәстүрлер дәріптеліп, ақ жаулықты аналар күбі пісіп, келген қонақтарға тақырыпқа сай қымыз бен ұлттық дәмдер ұсынды. Ал қымызмұрындықтың ұлттық идеялық мазмұнын толығырақ аша түсу үшін арнайы бие сауылып, аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары сомдаған көріністер арқылы насихатталды.

Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Екі-үш күн бойы жиналған қымызды ішуге ақсақалдар мен көрші-қолаң шақырылған. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен берілген. Өз кезегінде ақсақалдар үй иесіне рақмет айтып, батасын берген. Жарлысу жерінде өткен шарада да солай болды. Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов бата беріп, қонақжайлықты, мәрттік пен жомарттықты жоғары бағалады.

Мерекенің мазмұнын байыта түскен тағы бір маңызды бөлім – қолөнер шеберлерінің көрмесі. Онда халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін сан алуан ағаштан және темірден, теріден жасалған зергерлік бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар ауданға белгілі суретшілер мен қолөнершілердің туындылары, аудандық музейдің жәдігерлері мен «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» және «Өнер» мектебінің оқушылары жасаған туындылар көздің жауын алып, алыстан келген қонақтардың қызығушылығын арттырды.

Айта кетейік, шарада ауданда өндірілетін өнімдер де ұсынылды. Атап айтар болсақ, сөреге «Гәкку құс», «Аллан» және «Ақтоған» макарон өнімдері, Қайыңды және Луговой ауылдарында тігілетін аяқ-киімдер мен Құлан агротехникалық жоғары колледжінің балық шаруашылығындағы әлеуеті ел назарына ұсынылды.

Жергілікті өнімдердің көрмесіндегі маңызды тұс – агро салаға ауадай қажет заманауи құрылғылар таныстырылып, арнайы дрондардың жұмысы да насихатталды. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар ұйымдастырылды. Қазақ күресі, қол күресі, қошқар көтеру, қой қырқу секілді сайыстарда қатысушылар өз бақтарын сынап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Солардың бірі – Арыс қаласынан келген Азамат есімді қатысушы. Ол салмағы ауыр қошқарды 141 рет көтеріп, жеңімпаз атанды.

Ауданда өткен «Қымызмұрындық – 2026» мерекесі аясында асыл тұқымды қой көрмесі де ұйымдастырылды. Ауқымды шараға еліміздің бірқатар шаруа қожалықтары қатысып, өздерінің үздік Шопан ата тұқымын көпшілік назарына ұсынды.

Көрме барысында мал шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегі дәріптеліп, қатысушылар үш номинация бойынша бақ сынады.

Шара соңында үздіктер анықталып, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды. Бұл көрме аудан көлемінде мал шаруашылығын дамытуға серпін беріп, селекциялық жұмыстың нәтижесін көрсетіп, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік жасады.

Қазақ даласының әрбір өңірі өзіне тән ерекшелігімен, қайталанбас табиғатымен дараланып тұратыны анық. Біздің мерейлі мекеніміз Т.Рысқұлов ауданы да көз тартар көркем табиғатымен, саф ауасымен, биік тауларымен туризмді дамытуға аса қолайлы аймақтардың бірі. Бүгінде ауданның осы әлеуетін тиімді пайдалану – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.

Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі  «Қымызмұрындық – 2026» іс-шарасы аясында жүзеге асты. Аталған мереке тек ұлттық дәстүрді дәріптеумен ғана шектелмей, өңірдің туристік мүмкіндіктерін таныстыру алаңына айналды. Іс-шара барысында аудан әкімі Ернар Есіркепов бірқатар туристік агенттіктердің өкілдерімен арнайы кездесіп, өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумдарға қол қойды.

Адалын айту керек, агенттік басшылары мен өкілдері ауданның тұмса табиғатының сұлулығын жоғары бағалап, оның туристік әлеуеті әлі толық ашылмағанын атап өтті. Олардың пікірінше, бұл аймақ экотуризм мен этнотуризмді дамытуға өте қолайлы.

Жалпы Т.Рысқұлов ауданының табиғаты мен тарихи-мәдени мұрасы – туризмді өркендетуге берік негіз. Шөңгер, Қарақыстақ, Құмарық, Көгершін, Қайыңды және Жарлысу таулары, «Тау қымыз» бен «Тау самалы» сынды демалыс аймақтары, Құлан, Өрнек қалашықтары, Ақыртөбедегі «Этноауыл», Дулат баба кесенесі де туған жерімізде туризмді түлетуге көп септігін тигізе алады. Ал, жаңадан қолға алынған «Назар Эко», «Бауырсақ» және «Сарым» секілді жарқын жобалар бұл салаға ерекше серпін берері анық.

Жәнібек Базылбек.

 

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий