Ұлт ұстынының қасиеті – балабақшадан басталады

21 Views

«Жасыл ел – жасыл балабақшадан  басталады» жобасы – тәрбиеленушілердің табиғатқа құндылық қатынасын қалыптастыруға, білім берудің экологиялық бағыттылық деңгейін арттыруға, өскелең ұрпақтың табиғатқа жауапты көзқарасын тәрбиелеуге, экологиялық сауатты мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған кешенді білім беру жобасы ретінде қалыптасып келеді.

Жақында «Балауса» бөбекжай-бақшасында «Жасыл ел – жасыл балабақшадан басталады!»  атты іс-шара  өткізілді. Іс-шараға Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Сматов Қанат Төлеуұлы және Тереңөзек ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайнарбеков Жолдасбек атамыз қатысып  жылы лебіздерін білдірді.

Осы іс-шарада  балабақша меңгерушісі ретінде өзім де сөз алып, балабақша баланың алғашқы әлеуметтік орталарының бірі болғандықтан, дәл осы жерде олардың экологиялық мәдениетінің негізін қалауға ерекше мән берілуі қажеттігін, «Жасыл балабақша» жобасы арқылы балаларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, практикалық дағдыларды да үйрету көзделетінін айттым. Мәселен, балалар өздері ағаш отырғызып, гүл егіп, бау-бақша күтімімен айналысса, өсімдіктердің өсу процесін өз көздерімен көріп, ерте жастан еңбек етсе, тіршілік заңдылықтарын жақсы түсіне бастайтыны белгілі факт қой.

Іс-шарада балабақша бүлдіршіндері тақпақ және әндерін айтты. Келген қонақтар балалармен бірге балабақша ауласына шырша талдарын отырғызды.Қонақтар  алған әсерлерімен бөлісіп, ұжым мүшелеріне ризашылықтарын білдірді.

«Жасыл балабақша» жобасының тағы бір маңызды тұсы – табиғи ресурстарды үнемдеуге бағытталған тәрбие. Балаларға суды артық ағызбау, электр энергиясын үнемдеу, қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу сияқты әдеттерді қалыптастыру арқылы оларды экологиялық жауапкершілікке баулу қажет. Бұл дағдылар олардың күнделікті өмір салтының бір бөлігіне айналса, болашақта экологиялық тұрғыдан саналы қоғамның қалыптасуына септігін тигізетіні анық.

   А.Сазанбаева, «Балауса»бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.

Тереңөзек ауылы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий