ӨРНЕКТЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚОЗҒАЛДЫ

15 Views

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, сәрсенбі күні Ақыртөбе жұртшылығымен кездескен аудан әкімі Ернар Есіркепов кеше Өрнек ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Жиынға округке қарасты бес бірдей елді мекеннің тұрғындары мен бірқатар бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірнеше маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, тұрғындар ауылдағы жеке меншік балабақшада балаларды жеке кәсіпкер есебінен тасымалдау жұмыстарына облыстық білім басқармасы тарапынан тыйым салынғанын айтып, Сәлімбай және Әбжапар ауылдарынан 60-қа жуық баланы балабақшаға жеткізу мәселесі күрделенгенін жеткізді. Тұрғындармен өзара пікір алмасу барысында бұл мәселенің бала қауіпсіздігіне келіп тірелетіні айтылды. Дегенмен, аталмыш мәселе талқылаусыз қалмай, шешу жолдары қарастырылып, Әбжапар ауылынан балабақша ашу идеясы да тұрғындар тарапынан ұсыныс ретінде көтерілді. Аудан әкімі бұған дейін де бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізілгенін айтып, алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Бұдан бөлек тұрғындар жер теліміне қол жеткізу, көшелерге жол салу, трансформаторларды ауыстыру, су өтетін көпірлерді ретке келтіру, көше жарығын орнату сынды мәселелерді көтерді.

Көтерілген мәселелер қатарында балалар ойын алаңшасы мәселесі де бар. Округке қарасты бес ауылдың тұрғындары да аудан әкіміне осы тілектерін жеткізді. Алайда аудан әкімі бұл мәселенің ауылдық округ әкімінің деңгейінде шешілетінін айтып, ауыл басшылары инвесторлар мен кәсіпкерлерді тартып, салық түсімін көбейтіп, бюджет қорын молайту арқылы осындай имидждік жобаларды жүзеге асыруы керектігін айтты.

Жиында соңғылардың бірі болып Сұмқайтты ауылының тұрғындары да өз тілектерін жеткізді. Ауыл азаматтары осыдан екі жыл бұрын елді мекенге тартылған ауыз су жүйесін әр шаңырақтың ауласына дейін жеткізіп беруді өтінді. Аудан әкімі бұл істі «Таза су – 2014» мекемесінің басшысына 1 маусымнан бастап қолға алуды тапсырды.

Айта кетейік, былтыр мемлекеттік бағдарламалар аясында аталмыш ауылға апаратын ұзындығы 2,9 шақырымды құрайтын жол толық жөндеуден өткен болатын. Осы үшін де Сұмқайтты ауылының тұрғындары аудан басшысына өз алғыстарын жеткізді.

 Жәнібек Сұлтан.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий