24 Views
Жақында Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте «Жұлдызды белес – 2026» атты үйірме жұмыстарының жылдық шығармашылық есеп беру кеші өтті. Оқушылардың өнері мен шығармашылық қабілеттерін паш етуге арналған бұл тағылымды кешке аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бейсенбек Әлпейісов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов, аудандық аналар кеңесінің мүшелері, ардагер ұстаздар, ата-аналар қатысты.
Іс-шараға келген қонақтар ең алдымен мектеп ауласында ұйымдастырылған арнайы көрмені тамашалады. Көрмеде мектеп оқушыларының интеллектуалды спорт, техникалық шығармашылық және көркемөнер бағытындағы жетістіктері кеңінен таныстырылды. Робототехника үйірмесінің оқушылары өз қолдарымен құрастырған заманауи жобаларын көрсетіп, олардың жұмыс істеу ерекшеліктерін түсіндірді. Оқушылардың тың идеялары мен техникаға деген қызығушылығы келген қонақтарды тәнті етті. Сонымен қатар шахмат үйірмесінің шәкірттері өз жетістіктерін таныстырды. Көрменің тағы бір бөлігі қолөнер және бейнелеу өнеріне арналды. Оқушылардың қолынан шыққан түрлі бұйымдар, ұлттық нақыштағы көркем жұмыстар, суреттер мен шығармашылық туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Әрбір жұмыстан оқушылардың талғамы, ұқыптылығы мен өнерге деген сүйіспеншілігі анық байқалды. Келген қонақтар мектептегі үйірме жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтіп, жас дарындардың өнеріне жоғары бағасын берді.
Көрмеден кейін қонақтар акт залында оқушылардың өнерін тамашалады. Кеш шымылдығы мектептің мақтанышына айналған «Балдәурен» балалар хорының орындауындағы «Қазақстаным» әнімен ашылды. Көп дауысты хордың әсерлі орындауы көрерменнің көңілін бірден баурап алып, кештің шырайын аша түсті. Кеш барысында ұлттық өнер кеңінен насихатталды. Домбыра үйірмесінің оқушылары орындаған күйлер арқылы қазақтың қасиетті күй өнері дәріптелді. Қос ішектен төгілген күмбірлеген күй көрерменнің рухын көтеріп, ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар «Шашу» би тобының орындауындағы «Шаттық биі», «Домбыра биі», «Көрпеше сыры» секілді билер кештің сәнін арттырды. Ұлттық нақыштағы әсем билер арқылы оқушылар өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете білді.
Мәнерлеп оқу өнері де кештің маңызды бөлігінің біріне айналды. Оқушылар туған жер, Отан, ата-ана, өмір туралы өлеңдерді тебірене оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе оқушылардың сөзді нақышына келтіріп, жүрекпен жеткізуі көпшіліктің көңілінен шықты.
Кеште театр өнері де ерекше көрініс тапты. Мектептің «Жас талант» театр үйірмесі Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романынан үзінді сахналады. Жас актерлер кейіпкерлер образын шынайы сомдап, өздерінің актерлік шеберліктерін дәлелдеді. Ал 8 «В» сынып оқушылары Мұқағали Мақатаевтың «Бақыт деген не өзі?» шығармасы негізінде қойылым көрсетіп, көрерменге үлкен ой салды. Оқушылар бақыттың байлықта емес, ата-ананың амандығында, туған жердің тыныштығында, достық пен сыйластықта екенін әсерлі түрде жеткізе білді. Қойылым көрерменнің ерекше ықыласына ие болып, зор қошеметке бөленді.
Сонымен қатар кеш барысында оқушылар әсем әндер орындап, түрлі ұлт билерін биледі. Жас өнерпаздардың орындауындағы патриоттық әндер көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсіресе ата-анаға арналған әндер мен өлеңдер көпшіліктің жүрегіне жол тапты.
Іс-шара соңында мектептің түрлі үйірмелерінде жетістікке жеткен оқушылар марапатталды. Және олардың ата-аналарына мектеп директоры Шолпан Дайрабаеваның атынан алғыс хаттар табысталды. Шахмат, робототехника, волейбол, асық ату, хор, би, театр, домбыра, мәнерлеп оқу және бейнелеу өнері бағыттарында үздік нәтиже көрсеткен оқушылардың еңбегі ерекше аталып өтті. Сонымен қатар мектеп директоры Шолпан Дайрабаева бала тәрбиесінде мектеппен тығыз байланыс орнатып, қолдау білдіріп жүрген ата-аналарға ризашылығын білдірді.
«Жұлдызды белес – 2026» шығармашылық кеші – оқушылардың өнері мен қабілетін шыңдаған, ұлттық құндылықтарды дәріптеген, жас таланттарға үлкен шабыт сыйлаған тағылымды іс-шара болды. Осындай тәрбиелік мәні зор кештер арқылы өнерлі өрендердің болашаққа деген сенімі артып, шығармашылыққа деген қызығушылығы нығая түсетіні анық.
Айнұр ДИХАНОВА.
Поделиться ссылкой: