ҚАРЫЗ, НЕСИЕ ЖӘНЕ ОТБАСЫ БЮДЖЕТІ: ЗАҢ АЯСЫНДА НЕНІ БІЛУ ҚАЖЕТ?

34 Views

Қазіргі қоғамда несие мен қарыз қаржылық қажеттіліктерді шешудің
кең таралған құралдарының біріне айналды. Тұрғын үй алу, білім төлемі, кәсіп
ашу немесе тұрмыстық қажеттіліктер үшін азаматтар банк несиелеріне
жүгінеді. Алайда қаржылық міндеттемелерді дұрыс жоспарламау отбасы
бюджетіне салмақ түсіріп, тіпті отбасылық дағдарысқа алып келуі мүмкін.
Сондықтан әрбір азамат қарыз алу кезінде өз құқықтары мен міндеттерін
біліп, отбасы бюджетіне әсерін алдын ала есептеуі қажет.

Несие алу кезінде нені ескеру
керек?
Несие шартына қол қоймас бұрын
оның барлық талаптарымен мұқият
танысу қажет. Азаматтар төмендегі
мәселелерге ерекше назар аударғаны
жөн:
– сыйақы мөлшерлемесі;
– ай сайынғы төлем көлемі;
– несиенің жалпы құны;
– мерзімінен бұрын өтеу шарттары;
– кешіктірілген төлем үшін
жауапкершілік;
– қосымша комиссиялар мен
төлемдер.
Көп жағдайда азаматтар шарт
талаптарын толық оқымай, кейін
қаржылық қиындықтарға тап болады.
Сондықтан келісімшарттың әрбір
тармағын түсініп алған дұрыс.
Қарыз алушының құқықтары
қандай?
Қазақстан Республикасының
заңнамасына сәйкес, қарыз алушының
бірқатар құқықтары бар. Олардың
ішінде:
– несие туралы толық ақпарат алу;
– шарт талаптарымен алдын ала
танысу;
– несие берушіден түсіндірме талап
ету;
– қарызды мерзімінен бұрын өтеу;
– қаржылық қиындық туындаған
жағдайда қайта құрылымдау туралы
өтініш беру құқығы қарастырылған.
Егер азамат төлем қабілетінің
төмендеуіне байланысты қиын
жағдайға тап болса, банкке немесе
микроқаржы ұйымына уақтылы жүгіну
маңызды. Қаржылық тұрақтылықтың
негізі – дұрыс жоспарланған отбасы
бюджеті. Отбасы мүшелері:
– ай сайынғы табысты есептеуі;
– міндетті шығындарды анықтауы;
– жинақ қорын қалыптастыруы;
– несие төлемдерінің көлемін
бақылауы қажет.
Мамандардың пікірінше, барлық
несие төлемдері отбасының жалпы
табысының едәуір бөлігінен аспағаны
жөн. Бұл күтпеген жағдайлар кезінде
қаржылық қиындықтардың алдын
алуға көмектеседі. Қаржылық
қиындықтар көптеген отбасылық
жанжалдардың негізгі себептерінің
бірі болып табылады. Несие бойынша
берешектің көбеюі күйзеліске, өзара
түсініспеушілікке және отбасы
ішіндегі шиеленіске алып келуі мүмкін.
Сондықтан:
– ірі несиелерді отбасы мүшелерімен
ақылдасып алу  – шығындарды бірлесіп жоспарлау;
– қаржылық мәселелерді ашық
талқылау маңызды.
Отбасындағы қаржылық
сауаттылық пен өзара жауапкершілік
көптеген тәуекелдердің алдын алады.
Қарызды төлей алмай қалған
жағдайда не істеу керек? Егер азамат
уақытша қаржылық қиындықтарға
тап болса:
– несие ұйымынан жасырынбау;
– банкке немесе қаржы ұйымына
дереу хабарласу;
– қайта құрылымдау немесе
төлем мерзімін өзгерту мүмкіндігін
қарастыру;
– қажет болған жағдайда заңгерлік
кеңес алу;
– қаржылық жағдайды растайтын
құжаттарды ұсыну қажет.
Мәселені уақытында шешуге
тырысу қосымша өсімпұлдар мен
құқықтық даулардың алдын алады.
Отбасын қолдау орталығының көмегі
Отбасын қолдау орталығы
қаржылық қиындықтарға тап болған
азаматтарға құқықтық және әлеуметтік
көмек көрсетеді. Орталық мамандары:
– қаржылық міндеттемелер
бойынша түсіндіру жұмыстарын
жүргізеді;
– заңгерлік кеңес береді;
– әлеуметтік қолдау шаралары
туралы ақпарат ұсынады;
– қиын өмірлік жағдайға тап болған
отбасыларды сүйемелдеу жұмыстарын
ұйымдастырады. Сонымен қатар FSM
Social цифрлық платформасы арқылы
әлеуметтік тәуекел жағдайындағы
отбасылар анықталып, қажетті көмек
түрлері көрсетіледі.
Қарыз бен несие – қаржылық
қажеттіліктерді шешудің тиімді
құралы болғанымен, олар үлкен
жауапкершілікті талап етеді.
Әрбір азамат несие алу алдында өз
мүмкіндіктерін дұрыс бағалап, отбасы
бюджетіне түсетін жүктемені есептеуі
қажет.
Қаржылық сауаттылық, заң
талаптарын білу және отбасы
бюджетін тиімді басқару – отбасының
әл-ауқатын сақтаудың маңызды кепілі.
Өйткені тұрақты отбасы бюджеті –
берекелі отбасының, ал берекелі
отбасы – мықты қоғамның негізі.
«Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің
отбасын қолдау орталығы»
КММ-сі.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий