«ЖЫР ЖҮЙРІГІ – ҚАШАҒАН» КІТАБЫН ТАРТУ ЕТТІ

39 Views

Былтыр облыс әкімі
Ербол Шырақпайұлының
бастамасымен өңірде «Әулиеата
– кітап оқитын өңір» деген
ауқымды акция өткен болатын.
Жасыратын несі бар, жақсы
бастама болды. Акция аясында
өңірімізде көптеген іс-шаралар өтті.

Кітабы жарық көрген ақын-жазушылар да, мемлекеттік қызметте
еңбек етіп жүрген басшылар да,
кәсіпкерлер де, қарапайым оқырмандар
да өздерінің кітап сөрелеріндегі көркем
әдеби, эссе, детектив жанрындағы
кітаптарды аудандық орталық кітапхана
ұжымына табыс етіп жатты. Оның
бірсыпырасы аудандық газетте
жазылды да. Қазір Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та
«Кітап – оқитын ұлт» деген мәселені жиі
айтып жүр. Әрине, жұрт жаппай кітапты
оқитын болса, оның болашақ ұрпаққа
да тигізер әсері болмақ. Кітап оқу –
әуелі адамның өзі үшін пайдалы. Рас
қой, кітап, газет оқу адамның ой-өрісін
кеңейтеді, сөздік қорды да молайтады.
Егер түсінігі бар адам болса, бұл
сөзімізді қуаттайды деген ойдамыз.
Жалпы аудандық орталық
кітапханаға кітап сыйлап жатқан
адамдар қатары көп десек болады.
Мәселен осы аптада соның біріне өзіміз де куә болдық. Атап айтқанда,
Луговой ауылының ардагер ақсақалы
Тәжібай Бердешұлы Қашаған
Күржіманұлының 180 жылдығына
орай, Маңғыстау облысы әкімдігінің
тапсырысымен Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі, PhD докторант,
Жайлау Бақтыбай Сәрсенбайұлының
құрастыруымен жарық көрген «Жыр
жүйрігі – Қашаған» атты кітабын
аудандық орталық кітапхана қорының
толықтыру және өңдеу бөліміне табыс
етті. Бұл кітапта жыр жүйрігі Қашаған
Күржіманұлы шығармаларының кең әдеби айналымға енген «Ақберен»,
«Топан», «Қайыртпай кеткен Қашаған»,
«Тіл таңбалы ақындар» кітаптарындағы
нұсқалары, оларға жүргізілген
ғылыми, текстологиялық зерттеулер,
ақын өмірі мен өнегесі туралы әр
жылдары жазылған мақалалар,
естеліктер, өлеңдер мен арнаулар,
айтыс мәтіндері, библиографиялық
көрсеткіш топтастырылған. Өз сөзінде
Тәжібай ақсақал жақында Маңғыстау
облысының Құрық ауданында
Қашаған Күржіманұлының 180
жылдығы аталып өткендігін, Жамбыл
жерінен сол мерейтойға бірқатар
адам делегация болып барғандығын,
мерейтой аясында Құрық ауданында
музей ашылғанын, сол кезде осы
кітапқа кеңесші болған, Қашаған
ақынның аталас ұрпағы, ардагер геолог-бұрғышы, Маңғыстау облысы мен
Қарақия ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстан Республикасының Құрметті
жер қойнауын барлаушы Көшенов
Тұрсынғали Көшенұлының «Жыр
жүйрігі – Қашаған» кітабын арнайы
тарту етіп, аманат айтқанын жеткізді.
– Аманатқа қиянат жасамай,
мінеки, сіздерге осы кітапты тарту
етіп отырмын. Бұл кітап оқырмандар
сүйіп оқитын туындының бірі
болады деп ойлаймын, – деді Тәжібай
ақсақал сөйлеген сөзінде. Одан кейін
ауданымызға белгілі кәсіпкер Наурыз
Шуақбаев та өзінің лебізін білдіріп,
бұл кітап ауданымызда жырға әуес
жыршы-термешілерге керемет олжа
екенін айтты. Тұрар Рысқұлов аудандық
орталықтандырылған кітапханалар
жүйесінің директоры Мереке Ержанұлы
да өз сөзінде Тәжібай Бердешұлы мен
Наурыз Шуақбаевтың арнайы кітапхана
ұжымына келіп, осындай тамаша құнды
жәдігерге толы кітапты тарту еткеніне
өзінің және әріптестерінің де атынан
ризашылығын жеткізді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий