Зерделі ұлтқа қалай айналамыз?

19 Views

КҮЙРЕГЕН КІТАПХАНА
НЕМЕСЕ МАҢЫЗДЫ ЕСКЕРТУ
Ежелгі Александрия кітапханасы
адамзаттың жалпыжаһандық ақыл-
ой мен ілім-білімді бір жерге жию
деген ұлы арманға талпынысының
ең көрнекті рәмізі болып қалды. Ал
оның құлдырауы мен күйреуінің, тып-
типыл болғанының себебін айтарда
әуелі тіл ұшына оралатыны – өрттің
зардабы. Алайда тарихшылар осынау
кітапхана бір күнде емес, қоғам оны
сақтауға немқұрайлы қарағаннан
бастап біртіндеп «жоғалды» дейді.
Демек білімнің ең үлкен жауы – оның
«жоғалуы» ғана емес, оған енжар қарау
болуы мүмкін.
Біздің дәуірде кітаптар тышқанға
жем болмайды, папирус ылғалдан
шірімейді. Адамзаттың орасан мұрасы
цифрланып, бір құрылғыға сыйып
тұр. Бірақ мәтіннің сақталғаны –
оның оқылатынына кепіл емес. Егер
қоғамның күрделі ойды тыңдауға
ықыласы, түсінуге қабілеті кемісе,
қолымыздағы шексіз кітапхана үнсіз
мұрағатқа айналмақ. Бүгінде мұндай
қауіп бар. Бүтін бір кітаптың орнына
үзінді, тұтас дәлелдің орнына тақырып,
пайымның орнына әсер тұтынуға
бойымыз үйреніп бара жатыр. Соның
салдарынан мәтінді түсіну, бірнеше
деректі біріктіру, себеп пен салдарды
ажырату қабілеті әлсіреуі ықтимал.
Мұның еліміз үшін жай теория емес
екенін PISA нәтижелері де көрсетеді.
OECD-нің PISA–2022 зерттеуінде 15
жастағы оқушылардың 36-ақ пайызы
оқу сауаттылығы бойынша кемінде
екінші деңгейге жеткен. OECD елдерінің
орташа көрсеткіші – 74 пайыз. Ал біздің
елдегі оқушылардың бір пайызы ғана
ұзақ әрі абстрактілі мәтінді түсініп,
факт пен пікірді жасырын белгілер
арқылы ажырата алады екен. Бұған
тек білім саласының статистикасы
деп қарауға болмайды. Бұл – болашақ
экономикамыздың өнімділігіне, ғылым
мен өндірістің әлеуетіне, қоғамдағы ой
сапасына қатысты маңызды ескерту.
ЕЛ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТ
Ақпарат тасқыны мен жасанды
интеллект дәуірінде елдің басты
байлығы – мәтінді тереңінен түсініп
оқитын, деректі саралай алатын, ана
тілінде еркін ойланатын адам. Қоғамның
сапасы да, экономиканың қуаты да ойлы
адамға арқа сүйейді. Ал күрделі мәселені
түсіне алатын, ойын соңына дейін
қадағалайтын, дәлелдерді салыстырып,
дербес қорытынды жасайтын адам бір
күнде қалыптаспайды. Ондай адамды
қалыптастыратын мектеп – кітап.
Кітап оқу мәдениетіне уақыт
өткізудің бір түрі не мәдени шара деп
қана атүсті қарауға болмайды. Оқу – адам
капиталының өзегі, ұлттың зияткерлік
әлеуетінің іргетасы, экономикалық
бәсекеге қабілеттіліктің алғышарты.
Жол, зауыт, электр желісі мен цифрлық
жүйе елдің сыртқы қуатын арттырса,
оқу мәдениеті елдің ішкі қуатын өсіреді,
зерделі қоғам қалыптастырады. Зерделі
қоғам дайын ақпаратты сол күйі сіңіріп
ала салмайды. Ол бірінші кезекте, кез
келген деректің қайнар көзін анықтап,
бір мәселені жан-жақты зерделейді,
эмоцияға құрылған үндеу мен дәлелге
негізделген пікірдің аражігін ажырата
алады. Мұндай ортада адам ойын еркін
білдіріп қана қоймай, өзгенің уәжін
тыңдап, пікірін құрметтеуді үйренеді.
Күрделі мәтінді түсінуге дағдыланбаған
қоғам қысқа ұранға, жалған қарапайым
шешімге, манипуляцияға тез
ереді. Терең оқу дағдысы болса, астарлы
ой, өз пікіріне деген жауапкершілік
және мағыналы сұхбат мәдениетін
қалыптастырады. Оқу мәдениеті жоғары
елде қоғамдық сенім де, білімге деген
талап та берік болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясында
жастарға еңбек пен тәртіптің
қадірін ұғындыру керек деді. Шынында
табыс аспаннан түспейді. Оның артында
күнделікті
еңбек пен табандылық бар.
Кітап оқу да – еңбек: ол ойды жинақтауға,
түсінбегенді қайта оқып-білуге
үйретеді. Үлкен іске қажет мінез осындай
дағдыдан қалыптасады.
Президент құқықтық сауатсыздық,
әлеуметтік
масылдық, жөнсіз сөз бен орынсыз сын елдің өсуіне тұсау
болатынын да айтты. Оқитын адам
құқығымен бірге міндетін де таниды,
пікірін дерекке сүйеніп айтады, сын
айтса, оның шешімін де ұсынады.
Зерделі ұлт дайын игілікті күтпейді,
білім мен еңбек арқылы ортақ іске үлес
қосады.
Бала әуелі оқуды үйренеді, содан
кейін кітап оқу арқылы үйренеді.
Асылы, алғашқы қадамы нық болмаса,
математикадан бастап медицинаға,
инженериядан қаржыға дейінгі бүкіл
б і л і м ж о л ы қ и ы н д а й ды . Д е м е к
оқырман сауаты – болашақ инженердің
де, дәрігердің де, кәсіпкердің де,
мемлекеттік қызметшінің де кәсіби
негізі. Ал жасанды интеллектінің
қарыштап дамуы кітап оқудың маңызын
кемітпейді, қайта оны еселей түседі.
ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ
ТӘУЕЛСІЗДІК
Жасанды интеллект адамзатқа
білімді іздеу, аудару, талдау, жүйелеу,
тарату үшін теңдессіз мүмкіндік беріп
отыр. Одан қорықпай, ақыл тезіне салып,
оң қарағанымыз жөн. Тек бір маңызды
шекараны ұмытпаған жөн: технология
ойымызды кеңейтуге көмектесуге тиіс,
бірақ ойымызды алмастырмауы керек.
Жасанды интеллектінің арқасында
мәтінді бұрын-соңды болмаған көлемде
өндіруге мүмкіндік алдық. Сондықтан
болашақта ақпарат табудан гөрі оның
сапасын бағалау, жалғанын тану,
контекстін түсіну, өз пікіріңді сақтау
құнды қабілетке айналады. Мұндай
интеллектуалдық иммунитеттің негізін
терең оқу қалыптастырады. Кітапты
саралап оқуға үйренген адам жасанды
интеллект берген жауапты да дайын
ақиқат деп қабылдамайды: тексереді,
салыстырады, сұрақ қояды.
Ал бала ана тілінде күрделі мәтінді
түсінуге қиналса, кінәні баладан іздеген
әділетсіз. Оқу қабілеті өздігінен
пайда болмайды; оны үйрету қажет
және араласатын ортасы арқылы
бекіту керек. Қызықты, жасына сай,
сапалы кітап аз болса, оқу дағдысы
қалай тұрақты болмақ? Қазақ тіліндегі
көркем әдебиеттің қатары көбейгенімен,
техника, жаратылыстану, медицина,
экономика, қаржы салаларындағы
заманауи оқулықтар мен кәсіби әдебиет
әлі де жеткіліксіз. «Қазақ тіліндегі 100
жаңа оқулық» жобасы маңызды қадам
болды, дегенмен ол үздіксіз атқарылатын
үлкен жұмыстың бастамасы ғана.
БАЛАНЫҢ АЛҒАШҚЫ
КІТАПХАНАСЫ
Бізге баланың қолына ұстайтын
алғашқы суретті кітаптан бастап,
жасөспірім оқитын көркем шығармаға,
студент меңгеретін оқулыққа, маман
пайдаланатын ғылыми еңбекке дейін
жалғасатын тұтас қазақтілді білім
кеңістігі қажет. Ана тілінде терең ойлау
үшін сол тілде әр жаста, әр деңгейде
және әр салада оқитын сапалы мәтін
болуы шарт.
Бұл мәселені баспагер ретінде күн
сайын көремін. Жақсы аударылған,
көркем безендірілген, баланың жасына
сай кітап оқырманның қолына тигенде
оның сонша қызығып тұрғанын бірден
байқаймын. Бала кітапты ұнатпайды
емес, ұнатады, тек өзіне арналған
кітапты кездестіре бермейді.
Оқу мәдениетінің іргесі отбасында
қаланады. Огайо мемлекеттік университетінің
зерттеуінше, күніне бір кітап
оқыған бала бес жасқа дейін кітап
оқымайтын баламен салыстырғанда
шамамен 290 мың артық сөз естиді
екен. Бұл айырмашылық мектеп табалдырығынан
аттағанға дейін-ақ білім
мүмкіндіктерінен алшақтауына әсер
етуі мүмкін.
Отбасы – баланың алғашқы кітапханасы.
Мектеп – екінші, қоғамдық
кітапхана – үшінші тірегі болуға тиіс.
Осы үш орта бір-бірін толықтырғанда
ғана оқу науқан емес, күнделікті әдетке
айналады.
Когнитивтік ғылым саласындағы
зерттеулер терең оқудың сыни ойлау
мен зейінді ғана емес, өзгені түсіну
қабілетін де дамытатынын дәлелдеді.
Көркем әдебиет өз өмірімізден бөлек
тағдырлардың ішіне енуге мүмкіндік
береді. Кейіпкердің қорқынышын,
үмітін, таңдауын сезіну арқылы біз
бөтен адамның әлеміне соның көзімен
қарауды үйренеміз. Жақсы әдебиет
дайын ақыл айтпауы мүмкін. Бірақ адам
жанын қозғайды; мейірім, ар-ұят пен
жауапкершілік туралы ішкі сұрақты
оятады. Яғни оқу адамды бірден жақсы
етпейді, алайда жақсы кітапты зейін
қойып, саналы түрде оқыған адам өзімен
ашық тілдеседі. Осы мағынада оқу
баланы
(бізді деп түсініңіз) жай ғана
білімді
жаратылыс емес, толық адам
етеді.
ЖАРЛЫҚТАН
ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ӘДЕТКЕ
ДЕЙІН
2026 жылғы 16 мамырда Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
«Кітап оқу мәдениетін дамыту және
зерделі
ұлт қалыптастыру жөніндегі
шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Бұл – осы мәселенің мемлекеттік
деңгейде мойындалғанын көрсететін
маңызды қадам. Құжатта жаңа форматтағы
кітапханалар мен қоғамдық
кеңістіктер құру, баспагерлер мен кітап
таратушыларды ынталандыру, ұлттық
әдеби мұраны насихаттау, «Зерделі ұлт»
тұжырымдамасын әзірлеу, кітапхана
және кітап шығару ісі туралы жаңа заң
жобасын дайындау, бірыңғай Ұлттық
цифрлық кітапхана платформасын іске
қосу міндеттері белгіленген.
Ендігі міндет – осы маңызды бастаманы
жалпыұлттық әдетке, тұрақты
нәтижеге айналдыру. Ол үшін кемінде
бес бағытқа көбірек көңіл бөлу қажет.
Біріншіден, ерте жастан бірге кітап
оқу мәдениетін қолдау керек. Ата-
аналарға түсіндірумен қатар, балабақша,
емхана, отбасы орталықтары мен
кітапханалар арқылы әр балаға сапалы
кітапқа жол ашуға тиіспіз.
Екіншіден, баланы бастапқы жылдары
ана тілінде оқыту, кітап қорын
молайту қажет. Бала ана тілінде сауат
ашып, білім-бәйтерегінің тамырын
неғұрлым терең жіберсе, күрделі
пәндерді меңгеруіне негіз болады.
Үшіншіден, мектепте мәтін үзінділерімен
шектелмей, тұтас кітап оқуға,
талқылауға, жазуға уақыт бөлу керек.
Жақсы кітапты таңдауы, соған оқушыны
қызықтыруы, терең оқуды үйретуі
үшін мұғалім мен кітапханашыға қажет
жағдайды жасауға тиіспіз.
Төртіншіден, жоғары оқу орындарында
қазақ тіліндегі академиялық
оқу мен жазу дағдыларын күшейтіп,
техника, ғылым, медицина, экономика
және қаржы бойынша әлемнің үздік
оқулықтарын жүйелі аудару және отандық
оқулық жазу ісін қолдау керек.
Бесіншіден, нәтижені өткізген
шаралар мен таратқан кітап саны
арқылы ғана өлшемеуіміз керек. Бала
оқыған мәтінін көңілге тоқи алды ма,
кітаптан алыс жүретін қарапайым жан
оқырман боп қалыптасу үшін пайдасын
бере ме, кітапхананың қоғам өміріндегі
орны қандай және ол алған білімін
шешім шығаруға қолдана біле ме – негізгі
өлшем осы болуға тиіс.
Осы істің бәрін тиянақты атқару
үшін жеткілікті қаржы, білікті мамандар,
сабыр мен сабақтастық қажет.
Кітап экожүйесі – автордан, аудармашыдан,
редактордан, баспагерден,
кітап
сатушыдан, кітапханашыдан,
мұғалімнен,
ата-анадан және оқырманнан
тұратын
біртұтас тізбек. Мұның бірі
әлсіресе, нәтижесі де соған сәйкес
болмақ.
Зерделі ұлт – дипломы көп ұлт емес.
Ол – оқығанын ой елегінен өткізіп,
орынды сұрақ қоя білетін, деректі салыстырып,
ақиқат пен жалғанды ажырататын,
өзгенің уәжіне құлақ асатын,
еркін
әрі терең ойлайтын, әр шешімінің
салмағын
сезініп, салдарына жауап бере
алатын
ұлт.
Кітап оқитын ел ғана еркін ойлайды.
Еркін ойлайтын ел ғана өз болашағын
өзі таңдайды.
Раиса Сайран ҚАДЫР,
баспагер.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий