Қарты бар үйдің – қазынасы бар

15 Views

Қазақ халқы «Қарты бар үйдің –
қазынасы бар» деп бекер айтпаған.
Ақылдың кені, өмірден көргені мен түйгені
мол қазыналы қариялар – елге береке,
кейінгі ұрпаққа өнеге. Ұрпақ тәрбиесіне
ұлағатты сөзін арнап, қоғамның дамуына
сүбелі үлес қосқан ардагерлерге құрмет
көрсету – халқымыздың ежелден келе
жатқан асыл дәстүрі.

Осы игі дәстүр сабақтастығын
жалғаған Т.Рысқұлов ауданында 1 қазан –
Халықаралық қарттар күніне орай, аудан
ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.
Айтулы күнге орай «Ханшатыр»
мерекелік сарайында ақ дастархан
жайылып, ауданның абыз ақсақалдары
мен ардақты ардагерлеріне тағылымды кеш
тарту етілді. Мерекелік шараға аудан әкімі
Ернар Есіркепов, аудан прокуроры Ілияс
Тойшыбеков, аудандық полиция бөлімінің
бастығы Мадияр Қуанышбеков, сондай-ақ,
мемлекеттік органдар мен мекемелердің
басшылары қатысты.
Шара барысында аудан әкімі Ернар
Есіркепов ардагерлерді мерекемен
құттықтап, олардың ауданның өсіпөркендеуіне қосқан үлесіне ерекше тоқталды.
Ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды
қариялардың басын қосқан тағылымды
кеште үлкенге деген құрмет, ізет пен
сыйластықтың жарқын көрінісі байқалды.
Ардагерлерге ізгі тілектер айтылып,
ақжарма алғыстар мен ақ баталар арналды.
Мерекелік шараның көркін Мэлс
Өзбеков атындағы аудандық мәдениет
үйінің өнерпаздары қыздырып, ән мен
күйден шашу шашты. Әсем әуен мен әсерлі
өнер ардагерлерге көтеріңкі көңіл күй
сыйлап, мерекелік кештің ажарын аша
түсті.
Қариясын қадірлеген елдің қашанда
мерейі үстем. Осындай тағылымды шаралар
аға буынға деген құрметті арттырып
қана қоймай, кейінгі ұрпаққа үлкенді
сыйлау, өткенді бағалау сынды ұлттық
құндылықтарды дәріптей түседі.
Жәнібек СҰЛТАН

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий