МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ КАСПИЙ ЭКОЛОГИЯ САММИТІНДЕ СӨЗ СӨЙЛЕДІ

22 Views

Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Каспий
экология саммитін өткізу туралы өзекті
бастаманы дер кезінде көтерген Түрікменстан
Президенті Сердар Бердімұхамедовке
ризашылығын жеткізді. Мемлекет басшысы
Каспий теңізінің аймақ халқы үшін
стратегиялық маңызы зор екеніне тоқталып,
бүгінгі кездесудің тарихи сипатын атап өтті.
– Каспий – бірегей табиғи қазына, миллиондаған
адамның тіршілік көзі, күллі Еуразия құрлығындағы
негізгі көлік және энергетика торабы. Сондықтан
теңіз экожүйесін сақтауға, ең алдымен, біздің
мемлекеттеріміз мүдделі болуы керек. Осы орайда,
мұны тек экологиялық дағдарыс емес, салдары
өте қауіпті экономикалық ахуал деп бағалаған
Иран Президенті Масуд Пезешкиан мырзаның
пікірін құптаймын. Егер қазір жедел әрі батыл
шаралар қабылданбаса, экологиялық жағдай
күрт нашарлауы ықтимал. Бұл Каспий маңында
орналасқан елдердің халқына ғана емес, әлемдік
қоғамдастыққа да зардабын тигізеді. 2000 жылдан
2025 жылға дейін тартылған теңіз аумағы 16 мың
шаршы шақырымнан асты. Жекелеген учаскелерде
су жағадан ондаған шақырымға дейін алыстап
кеткен. Каспийге келіп құятын өзен суының
азаюы, климаттың жылынуы, антропогендік
жүктеменің артуы нәзік табиғи жүйе мен теңіздің
биоалуантүрлілігіне өте жағымсыз әсер етіп,
орасан нұқсан келтіреді. Каспий итбалықтарының
ахуалы қатты алаңдатады. Соңғы ғасырда олардың
саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайды, – деді
Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің айтуынша, Каспийдің
мүшкіл халін аймақтағы ауқымды климаттық өзгерістен бөліп қарауға болмайды. Қасым-Жомарт
Тоқаев осы ғасырдың соңына қарай өңірдің кей
жерлерінде температура 5 градусқа дейін көтерілуі
мүмкін деп болжанғанын жеткізді.

– Бұл мұздықтардың еруін тездетіп, су тапшылығына, қуаңшылыққа және жердің тозуына әкеп соғады. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай өңірдегі шамамен 2,5 миллион адам климат факторларының әсерінен қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін. Каспий теңізінің тартылуы кеме қатынасына және порт инфрақұрылымына, сондай-ақ, балық шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп сияқты салалар мен жағадағы елді мекендердің орнықты дамуына қатер төндіреді. Әңгіме салдары ауыр, тіпті ауқымды экологиялық апатқа ұрындыратын күрделі сын-қатерлер туралы болып отыр. Қазақстан мұндай олқылықтың орны толмайтынын жақсы түсінеді. Арал қасіреті табиғатты жауапсыз пайдаланудың соңы қайда апарып соғатынын ұдайы еске салады. Ондай жағдайдың қайталануына ешқашан жол бермеу керек. Бір кездері «Ұлы теңіз», «Қарт Каспий» деп ардақтаған айдынды сақтап қалу – замандас мемлекет қайраткерлері үшін жауапкершілік қана емес, арымызға сын. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген ой мазалайды. Балаларымыз бен немерелеріміздің Каспийді қандай күйде көретіні бүгінгі қабылдайтын шешімдерімізге тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан­ның экологиялық түйткілдерге халық­аралық және ұлттық деңгейде ерекше назар аударып отырғанына тоқталды.
– Біз табиғатты аялау құнды­лық­тарын насихаттау қажет деп ойлай­мыз. Бұл қағидаттардың жаңа Консти­туциямызда көрініс табуы бекер емес. Негізгі заң азаматтарды табиғат пен оның байлығына жанашырлықпен қарауға міндеттейді, сондай-ақ, адам­дар­дың тұрмысы мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау ісінде мемлекетке жауапкершілік жүктейді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қоз­ға­лысы миллионға жуық волонтерді бірік­тіріп, жаңа экологиялық мәдениет қалыптастырудың нақты құралына айналды. Біз қарапайым әрі іргелі қағидаттарды басшылыққа аламыз. Яғни экономикалық даму мен табиғатты қорғау өзара қайшы емес, керісінше бір-бірін толықтыратын мақсаттар саналады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы орны толмастай көрінген апаттан кейін табиғатты қайта түлетуге қатысты жарқын мысалдар кел­тірді.
– Біз Солтүстік Арал теңізінің айды­нын 36 пайызға ұлғайта алдық. Соның нәтижесінде судың сапасы жақ­сарып, балық қоры қайта қал­пына келді. Теңіз маңындағы аумақ­тар­дың тұрмыс-тіршілігіне қан жү­гірді. Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың маңызды бағыты. Дәйекті шаралардың арқасында киік саны өсті. Қар барысының популя­циясы сақталып отыр. Жануарлардың сирек түрлері табиғи ортаға оралуда. Осы оң тәжірибені Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау үшін қол­дануға болады деп ойлаймыз. Біз Тұран жолбарысын қалпына келтіруді көздейтін арнайы бағдарламаны қолға алдық. Осы орайда, бірнеше Амур жолбарысын елімізге жерсіндіруге бергені үшін Президент Владимир Путинге және Ресей Федерациясының Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Қазір олар жергілікті табиғат жағдайына ойдағыдай бейімделуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Каспий ынтымақ­тас­тығының берік халықаралық құқықтық және институционалдық негізі қалыптасқанын мәлімдеді.
– Тегеран конвенциясының мәні зор. Биыл оның күшіне енгеніне 20 жыл толды. БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы табиғатты қорғау жұмы­сына айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазақстан премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің тартылуына қатысты үкімет­аралық комиссия құру жөніндегі Әзербайжанның ұсынысын қолдайды. Каспий маңындағы елдер Теңіздің су ресурсын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы Қазақстанның бастамасын мақұлдады. Барша халықаралық серіктесіміздің, әсіресе, Каспий айналасындағы көршілеріміздің жұмысын жоғары бағалаймыз. Алайда қолға алынған шаралар әзірге жеткіліксіз. Теңіздің тартылу салдарын жеңілдетіп, экономика мен экожүйенің өзгерістерге бейімделуіне көмектесу үшін үйлесімді әрекетке көшетін уақыт келді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев саммит қатысушыларының назарын бірқатар негізгі бағытқа аударды. Президент экологиялық қауіп-қатерді дер шағында анықтап, алдын алу үшін бірізді ғылыми тәсіл керек деп есептейді.
– Каспий маңындағы елдерде деректердің, ғылыми зерттеулер мен бақылаулардың мол қоры бар. Дегенмен ол бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істесе, анағұрлым тиімді болар еді. 2024 жылы Қазақстан Каспий теңізі ғылыми зерттеу институтын құрды. Кешенді зерттеулер жүргізіп, бейімделудің ортақ жоспарын әзірлеу үшін Каспий маңы елдерінің ғылыми орталықтары мен осы институттың әлеуетін толықтай жұмылдырған жөн, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Каспий эко­жүйе­сін басқаруға арналған заманауи технологияларды қолданудың өзек­тілігіне баса мән берді.
– Су ресурстарының жай-күйі, жағалаудың өзгеруі, биоалуантүрлілік, ластану, өзен ағыны және басқа да негізгі параметрлер бойынша мәліметтерді өңдеп, талдау үшін бірыңғай цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Спутниктік технологиялар, жасанды интеллект және болжам жасаудың заманауи жүйелері нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге, экологиялық сын-қатерлерді уақтылы анықтап, реттеуге мүмкіндік береді. Мұндай платформа ғалымдарымыздың, салалық мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың жұмысына ортақ цифрлық негіз болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Каспийдегі биоалуан­түрлілікті сақтау үшін қосымша шараларды қолға алудың маңызына тоқталды. Оның пікірінше, теңіздің тартылуы, табиғи өмір сүру ортасының өзгеруі, ластану және антропогендік жүктеменің артуы уылдырық шашатын орындарды қалпына келтіру, сондай-ақ, өзен аңғарларындағы экожүйені, флора мен фаунаның ерекше осал түрлерін қорғау жұмыстарын күшейтуді талап етеді.
– Солтүстік Арал тәжірибесі инже­нерлік шаралар мен табиғатқа бағ­дарланған ғылыми тәсілдерді ұштас­тыру су шаруашылығына қатысты және экологиялық міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Сонымен қатар жағалаудағы аумақтарды сақ­тап, климаттық өзгерістердің сал­дарын жеңілдетуге болатынын дәлел­деді. Заңсыз балық аулауға және биоло­гиялық ресурстардың көлеңкелі айна­лымымен күреске баса мән беру қажет. Бұл мәселені ұжымдық күш-жігер арқылы ғана шешуге болады. Құқық қорғау және табиғатты қор­ғау органдары арасында ақпарат алмасуды жандандырып, бірлескен жедел іс-шаралар өткізу қажет. Цифрлық мониторинг құралдарын қолданғанымыз жөн. Қазақстан осы ортақ жұмысқа Каспий итбалығы мен оның тіршілік ету ортасын сақтау мақсатында құрылған мемлекеттік табиғи резерват әлеуетін жұмылдыруға әзір. Итбалықтардың тіршілік циклі үшін өте маңызды аймақтарда антропогендік әсерді барынша азайту мақсатында экологиялық дәліздерді сақтау мәселесіне де баса мән берген жөн. Сайып келгенде, Каспийді итбалықсыз елестету мүмкін емес. Еліміз биоалуантүрлілікті сақтау жө­ніндегі халықаралық қор құру жұмысын қолға алды. Оның мақсаты – табиғатты қорғау ісінде әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру. Каспий теңізінің бірегей экожүйесі мен сирек кездесетін түрлерді қорғау қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі болады. Қор жұмысына белсенді атсалысып, бірлескен нақты жобаларды іске асыруға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңі­зін сақтауға және анағұрлым перс­пективті жобалардың пулын қалып­тастыруға халықаралық деңгейде күш салу қажет екенін атап өтті.
– Мұндай жобалар Каспий аква­ториясы мен оған құятын өзен­дердің алаптарын да қамтуға тиіс. Су ағынын, өзен атыраулары мен сулы-батпақты аумақтарды қал­пы­на келтіріп, гидротехникалық құры­лыстардың жағдайын жақсарту керек. Аталған жұмыстарды гранттар, жеңіл­детілген несие және климаттық қаржы­ландырудың басқа да арналары есебінен жүргізуге болады. Солай болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Тегеран конвенциясының тұрақты Хатшылығын толық жасақтау өте ма­ңыз­ды деп санайды.
– Бізге шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз етіп, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың толық іске асуын қадағалайтын және қызметін үйлестіретін пәрменді те­тік керек. Қазақстан БҰҰ аясында Халық­аралық су ұйымын құру бастамасын жалғастырады. Өйткені Каспийдің экологиялық жай-күйіне баса назар аудара отырып, су ресурстарын жа­һандық басқарудың тиімділігін арт­тыру – баршаға ортақ міндет. Су қауіпсіздігі азық-түлік, энергетикалық және климаттық қауіпсіздікпен бірге халықаралық күн тәртібінде лайықты орын алуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткендей, Каспий – мемлекеттік шекараға бағынбайтын біртұтас экожүйе. Сондықтан халық­аралық ұйымдар және қаржы нарықтары аясында үйлесімді іс-әрекет болмаса, табысқа жету мүмкін емес.
– Бізде жемісті жұмыс атқаруға қажеттінің бәрі бар. Яғни саяси диалог орнаған, халықаралық-құқықтық база, салалық институттар мен айтарлықтай ғылыми әлеует қалыптасқан. Бірлес­кен күш-жігердің арқасында халық­тарымыздың тіршілік көзі мен баянды болашағының кепілі саналатын Каспий теңізін сақтай алатынымызға сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Саммитте Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Масуд Пезешкиан және Ресей Президенті Владимир Путин сөз сөйледі.

AKORDA.KZ.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий