ТЕРЕҢӨЗЕК ТҰРҒЫНДАРЫН ТОЛҒАНДЫРҒАН МӘСЕЛЕЛЕР ОРТАҒА САЛЫНДЫ
Аудан әкімі Ернар Есіркепов өткен
аптада Тереңөзек ауылдық округінің
тұрғындарымен кездесіп, аудан көлемінде
атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.
Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ербол
Әбутәліпов те қатысты.
Жиын барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар өзекті мәселені
ортаға салды. Әсіресе мал шаруашылығымен
айналысатын ауыл халқы төрт түлікке арналған
ағын су мөлшерін көбейту қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар ауылдың көркін ажарландырып,
экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында
жасыл желек аумағын кеңейтіп, тал-дарақтар
отырғызу жөнінде ұсыныс айтылды. Бұл бағытта
жер мәселесі де сөз болды. Ауыл әкімі Қанат
Смат өз кезегінде ауыл азаматтарының бірі
абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына пайдалану үшін 5 гектар жер телімін беруге
ниет білдіргенімен, оның құжаттарын рәсімдеу
мәселесі әлі толық шешімін таппағанын айтты.
Тұрғындар тарапынан көтерілген тағы бір
маңызды мәселе – ауыз сумен қамту жүйесіндегі ақаулар. Жиі орын алатын техникалық ақаудың
салдарынан кей жағдайда бүкіл ауыл бойынша су
беру тоқтайтыны айтылды.
Кездесуде ауыл жастарының бос уақытын тиімді
ұйымдастыруға қатысты да ұсыныстар көтеріліп, шағын футбол алаңын қайта жаңғырту және ауылда
заманауи спорт кешенін салу мәселелері сөз болды.
Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмай,
тұрғындар учаскелік полиция инспекторының
жұмысына сын айтып, ауылда скутер ғана емес,
автокөлік тізгіндейтін жасөспірімдер санының
артып келе жатқанын жеткізді. Бұл ретте аудан
әкімі Ернар Есіркепов жол қауіпсіздігі мен рейдтік жұмыстарды күшейтіп, ата-аналармен және
жастармен түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Бұдан бөлек
ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіпті қолға
алғысы келетін азаматтарға несие алу мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде
кеңестер берілді.
Аудан басшысы тұрғындардың барлық ұсыныстілегін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің
әрқайсысына нақты жауап берді. Жиында айтылған мәселелерді шешу бойынша жауапты
тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктелді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.
