Аудан ардагерлері атқарылған жұмыстармен танысты
Аудан әкімінің халықпен
кездесулерінің бірінде аудан ардагері
Райзо Шәділбеков елді мекендерде
атқарылып жатқан жұмыстармен
танысу жөнінде ұсыныс білдірген
болатын. Аталмыш өтініш аудан
басшысының назарынан тыс
қалмай, жуырда ардагерлер
мінген автобус шалғай
ауылдарға аттанды.
Сапардың алғашқы аялдамасы – Көкдөнен
ауылы. Мұнда ардагерлерге биыл пайдалануға
берілген жаттығу алаңы таныстырылды. Аталмыш
алаң ауыл жастары жинаған 35 миллион теңгеге
асарлатып салынған. Бүгінде мұнда ауыл балаларынан бастап еңкейген қарияларға дейін жаттығады.
Ардагерлер танысқан келесі жоба – жаңа қоқыс
алаңы. Мұнда да атқарылған толымды тірліктер
таныстырылды. Ескі қоқыс алаңында қалпына
келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылып,
жаңа аумақтың қажетті инфрақұрылыммен
қамтылғаны жеткізілді.
Аралау барысында шалғай ауылдарда атқарылған жұмыстар да көрсетілді. Атап айтқанда, Өрнек ауылдық округіне қарасты Сұңқайты елді мекеніне апаратын жол мен кешенді модульдік блоктың жұмысы таныстырылды. Айта кету керек, аудан
әкімдігінің бастамасымен дәл осындай
ауыз су жүйесі ауыл халқының саны
200 адамнан аспайтын Мамыртөбе,
Аққайнар, Қосапан және Тойқұдық елді
мекендеріне де орнатылған.
Бәрін айт та, бірін айт, біздің
ауданда ауыз сумен қамту көрсеткіші
100 пайызға жақындаған. Аудан тізгінін Ернар Серікәліұлы ұстағалы бері Жаңатұрмыс, Қазақ, Сәлімбай, Сөгеті,
Мамай, Құлан, Шөңгер және Р.Сәбденов
ауылдарында ірі су имараттары
салынған.
Арнайы тур аясында аудан ардагерлері Қайыңды ауылдық округіне
қарасты Сөгеті және Мамай ауылдарына
барып, ондағы сумен қамту жұмыстарымен танысты. Жалпы Қайыңдыда да соңғы жылдары ауыз судан бөлек
көптеген жұмыстар жоспарланып, өз
мәресіне жеткен. Солардың бірі – 15
келушіге арналған емдеу мекемесі.
Қайыңды шалғайда орналасқан ауыл
болғандықтан, аталмыш мекемеге жаңа
жедел жәрдем көлігі де берілген. Ал
бұрынғы медпункт күрделі жөндеуден
өтіп, ауыл әкімдігінің ғимаратына
айналған.
Ауыл халқына тек жол, су, жарық,
көгілдір отын ғана емес, мәдени-спорттық нысандар да қажет-ақ.
Дәл осындай нысандар Ақыртөбеде
бір мезетте қатар салынғаны баршамызға белгілі. Мұндай игіліктерге
Жаңатұрмыс пен Көгершін халқы
да қол жеткізді. Ардагерлер аталмыш нысандарды аралап көріп,
ғимараттардың сәулеттік келбетіне
ерекше таңданыс білдірді. Әсіресе
Ақыртөбедегі мәдениет үйі көптің
көңілінен шықты. Сондай-ақ, Қожайхан
Бижанов бастаған топ Ақыртөбе және
Жаңатұрмыс ауылдарындағы спорт
кешендерінің бүгінгі жұмысымен де
танысты.
Жаңатұрмыс демекші, бұл ауылда
да жүзеге асырылып жатқан жобалар
аз емес. Спорт кешенінен бөлек, мұнда
мәдениет үйінің құрылысы да жүріп
жатыр. Одан бөлек, жолдар жөнделіп,
ауыл аумағында орналасқан орта
мектеп күрделі жөндеуден өткен.
Біздің ауданда білім саласына да
айрықша назар аударылған. Соңғы
төрт жылда 4 мектеп күрделі жөндеуден
өтсе, заманауи талаптарға сай екі жаңа
мектеп салынған. Оның бірі – Малдыбай
ауылында бой көтерді. Ардагерлер
аталмыш білім ошағына да бас сұғып,
бүгінгі буын білім алып жатқан ғимаратпен жақын танысты. Мұнда балалардың қажеттілігі ескеріліп, барлық
талаптар сақталған.
Ардагерлерге заманауи инфра құрылымдық жүйелер мен әлеуметтік нысандардан бөлек, аудан
аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар да
таныстырылды. Олардың қатарында
Жарлысудағы жеңіл автокөліктерге
арналған тіркеме шығару цехы да бар.
Азамат Сәмбетқұлов жетекшілік ететін
цех айына 18-20 дана, 8 түрлі тіркеме
дайындайды. Бүгінде мұнда 30-дан
астам жергілікті тұрғын жұмыспен
қамтылған.
Ал «Mooz Tau» тоңазытқыш өндіру
цехында 100-ден астам маман жұмыс
істейді. Қуандық Өтеғұлов жетекшілік
ететін өндіріс орны тапсырысқа сәйкес
жылына 600-ге жуық тоңазытқыш шығарады. Тіпті ірі сусын өндіруші
компаниялармен келісімшарт жасалып,
Алматы, Астана, Тараз қалаларында
тоңазытқыш дүкендері ашылған.
Ардагерлер халықаралық автодәліз
бойында сервистік қызмет көрсететін
«Bauyrsaq» кешенінің құрылысымен
де танысты. Мұндағы жұмыстар
бүгінде 95 пайызға аяқталған. Сондай-ақ, ардагерлер Қарақыстақта жүзеге асырылып жатқан заманауи асыл
тұқымды құс репродукторының құрылысын көрді. «Гәкку құс» ЖШС-гі
жүзеге асырып жатқан жоба толық
аяқталса, жылына 10 миллион инкубациялық жұмыртқа өндіруді көздеп отыр.
Жәнібек Базылбек.
