КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТТЫҢ болашағы жарқын
Кітап – ұлттың рухани қазынасы, тарихтың үнсіз шежіресі,
ұрпаққа аманат етілген асыл мұра. Кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, ұлттық әдебиетімізді кеңінен насихаттауда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының орны ерекше екенін айтқым келеді.
2007 жылдан бері дәстүрлі түрде
ұ й ы м д а ст ы р ы л ы п к е ле ж а т қ а н
бұл акцияның негізгі мақсаты –
отандастарымызды ортақ кітап оқуға
жұмылдыру, қазақ әдебиетінің көрнекті
өкілдерінің шығармаларын насихаттау,
оқырман мәдениетін қалыптастыру,
жас ұрпақтың көркем әдебиетке деген
сүйіспеншілігін арттыру. Сонымен қатар
ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдеби
мұрамызды кейінгі буынға жеткізуге
бағытталған.
2026 жылы республикалық акция аясында Қазақстанның халық
жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің
«Тағдыр» атты тарихи романы
таңдалды. Бұл – мазмұны терең, тарихи
шындығы мол, ұлттық рух пен елдік
мұратты арқау еткен көрнекті туынды.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі,
Қазақстанның халық жазушысы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Қабдеш Жұмаділов 1936 жылдың
24 сәуірінде Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағындағы Малдыбай ауылында
дүниеге келген.
Болашақ қаламгердің әдебиетке
деген қызығушылығы жастайынан
басталды. 1956 жылы Алматы қаласына келіп, Қазақ мемлекеттік
университетінің филология факультетінде білім алды. Осыдан кейін оның шығармашылық жолы қазақ
әдебиетімен біте қайнасып, ұлттық
прозаның дамуына өзіндік үлесін қосты.
Жазушының шығармаларында
қазақ халқының тарихы, ел мен
жер тағдыры, шекара сыртындағы
қандастардың өмірі, туған жерге деген
сағыныш, ұлттық бірлік пен азаттық
идеялары кеңінен көрініс тапқан. Ол
тарихи оқиғаларды адам тағдырымен
байланыстыра отырып, оқырманға
терең ой салатын көркем дүниелер
тудырды.
Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш»,
«Тағдыр», «Дарабоз», «Көкейкесті»,
«Атамекен», «Таңғажайып дүние»
секілді шығармалары қазақ әдебиетінің
құнды мұрасына айналды. Оның
қаламынан туған романдар, повестер
мен әңгімелер – ұлт тарихын танытатын,
тарихи сананы жаңғыртатын рухани
байлық.
Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық әлеміндегі шоқтығы биік
туындылардың бірі – «Соңғы көш»
атты тарихи роман-дилогиясы. Бұл
шығармада Қытай жеріндегі қазақтардың өмірі, тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық жағдайы, тарихи кезеңдердегі
күрделі тағдыры кеңінен суреттеледі.
Романның негізгі арқауына елден жырақта жүрген қазақтардың туған жерге деген сағынышы, ұлттық болмысын
сақтауға деген ұмтылысы, ұрпақ сабақтастығы мен елдік мұраттары айналған. «Соңғы көш» – бір халықтың
басынан өткен тарихи кезеңдерді ғана
емес, оның жүрегіндегі арманын, үмітін,
мұңын бейнелейтін шығарма. Жазушы
кейіпкерлер тағдыры арқылы оқырманды елдің қадірін білуге, туған жерді сүюге, ата-баба аманатына адал болуға
үндесе, ал «Тағдыр» романы – тарих
пен тағылым тоғысқан шығарма.
Романда XIX ғасырдың екінші
жартысындағы Шығыс Түркістан мен
Жетісу өңіріндегі тарихи жағдайлар,
Ресей мен Қытай империялары арасындағы шекараның белгіленуі, осы оқиғалардың қазақ халқына тигізген
әсері көркем суреттеледі. Шығармадағы
басты кейіпкерлердің бірі – тарихи тұлға Демежан. Оның өмір жолы арқылы жазушы шекара сыртында қалған
қазақтардың ауыр тағдырын, елдік
пен ерлікті, әділет пен ар-намысты,
туған жерге деген сүйіспеншілікті терең
бейнелейді. Романның көркемдік және
тарихи маңызы жоғары бағаланып,
1990 жылы Қабдеш Жұмаділов осы
шығармасы үшін Абай атындағы Қазақ
КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
«Бір ел – бір кітап» республикалық
акциясы аудандық кітапхананың мәдени-ағартушылық бағыттағы
жұмысына тың серпін беретін маңызды жобалардың бірі. Осы акция
аясында жалпы кітапханада Қабдеш
Жұмаділовтің өмірі мен шығармашылығын кеңінен танытуға,
«Тағдыр» романының мазмұны мен
тарихи маңызын оқырманға жеткізуге
бағытталған мәдени көпшілік ісшаралар ұйымдастырылды. Атап
айтқанда, тақырыптық кітап көрмелері
жасақталып, әдеби шолулар, кітап
таныстырылымдары, оқырман конференциялары, пікір алмасу кездесулері мен әдеби кештер өткізіледі. Кітапханаға келушілер жазушының шығармаларымен танысып, тарихи туындылардың мазмұны мен көтерген мәселелері төңірегінде ой бөліседі.
Соның ішінде, аудандық кітапханада
өткен «Тарих пен тағдыр тоғысқан шығарма» атты әдеби панорама,
Жарлысу ауылдық кітапханасында
өткен «Соңғы көш – соңғы сөз емес»
атты пікір алмасу алаңы кең көлемді
аталып өтті.
Кітапхана – қоғамның рухани
дамуына қызмет ететін, білім мен
мәдениеттің, әдебиет пен тарихтың
алтын көпірі. Сондықтан «Бір ел – бір
кітап» акциясы кітапхана жұмысының
мазмұнын байытып, оқырманмен
байланысты нығайтуға зор мүмкіндік
береді.
Біріншіден, акция оқырмандардың
кітап оқуға деген қызығушылығын
арттырады. Екіншіден, ұлттық әдебиеттің көрнекті туындыларын жаңа
буынға таныстырады. Үшіншіден,
кітапхана қорындағы құнды шығармалардың қайта оқылуына, олардың кеңінен насихатталуына жол ашады.
Сонымен қатар әртүрлі жастағы
оқырмандарды бір әдеби шығарма
төңірегіне біріктіріп, ортақ пікір қалыптастыруға ықпал етеді. Жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, туған елге,
ана тіліне, ұлттық мәдениетке деген
құрметін арттырады.
«Бір ел – бір кітап» акциясы – жай
ғана кітап оқу науқаны емес, ол – ұлтты
ортақ рухани құндылықтар төңірегіне
топтастыратын тағылымды жоба.
Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш»
пен «Тағдыр» шығармалары арқылы
біз халқымыздың өткен тарихын, ел
басынан өткен күрделі кезеңдерді, туған
жердің қадірін және тәуелсіздіктің
бағасын тереңірек түсінеміз.
Кітап оқу – өткенді тану, бүгінді
бағалау, болашаққа бағдар жасау. Ал
кітапхана – осы құндылықтарды ұрпақ
санасына жеткізетін руханият ордасы.
Бір ел болып бір кітапты оқу – бір
тарихты тану, бір рухани мұратқа ұмтылу.
Кітап оқитын ұлттың ойы озық,
болашағы жарқын болмақ!
А.ИСКАКОВА,
аудандық кітапхананың
кітапханашысы.
