Әлеуметтік қолдау: мемлекеттік қызметтерді қалай алуға болады?
Қоғамның әл-ауқатын арттыру –
мемлекеттің маңызды бағыттарының
бірі. Әсіресе қиын өмірлік жағдайға
тап болған, табысы төмен, жалғыз
тұратын қарт адамдарға, мүгедектігі
бар азаматтарға, көпбалалы және аз
қамтылған отбасыларға әлеуметтік
қолдау көрсетудің маңызы зор.
Бүгінде мемлекет тарапынан
азаматтарға әлеуметтік көмек пен түрлі
қызметтер көрсетіледі. Алайда кей
тұрғындар өздеріне қандай қолдау
түрлері тиесілі екенін, қайда барып
өтініш беруге болатынын немесе қажетті
құжаттарды қалай рәсімдеу керектігін
толық біле бермейді. Сондықтан
мемлекеттік әлеуметтік қызметтерді
алу тәртібі туралы ақпараттың халыққа
қолжетімді болуы маңызды.
Әлеуметтік көмек кімдерге
көрсетіледі?
Әлеуметтік қолдау азаматтың немесе отбасының нақты жағдайына
байланысты көрсетіледі. Оның ішінде
табысы төмен отбасыларға атаулы
әлеуметтік көмек, жұмыспен қамтуға
жәрдемдесу, мүгедектігі бар адамдарға
арналған әлеуметтік қызметтер,
қарттар мен ерекше күтімді қажет
ететін азаматтарға арнаулы әлеуметтік
қызметтер және жергілікті деңгейде
көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлері
бар. Әлеуметтік көмектің әр түріне
қойылатын талаптар әртүрлі. Сондықтан
азамат өзінің нақты жағдайын айтып,
тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік
қорғау саласының мамандарына кеңес
алғаны дұрыс.
Атаулы әлеуметтік көмек
Әлеуметтік қолдаудың маңызды
бағыттарының бірі – атаулы әлеуметтік
көмек, яғни АӘК. Ол белгіленген
талаптарға сәйкес келетін, табысы төмен
отбасыларға беріледі. АӘК тек ақшалай
төлеммен шектелмейді. Қажет болған
жағдайда аз қамтылған отбасылардағы
еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа
орналастыруға, кәсіптік оқуға, өз ісін
бастауға және басқа да жұмыспен қамту
шараларына бағыттауға мүмкіндік
қарастырылған. Сонымен бірге АӘК
алушылар қатарындағы 1 жастан 6
жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем
қарастырылған. АӘК алуға өтінішті
азамат тұрғылықты жері бойынша
«Мансап» орталығына, ауылдық округ
әкімдігіне немесе электрондық үкімет
порталы арқылы бере алады. Бұл жерде
бір маңызды жайт бар: әлеуметтік
көмек тағайындау кезінде отбасының
құрамы, табысы және басқа да қажетті
мәліметтер ескеріледі. Сондықтан
өтініш беруші қажетті ақпаратты дұрыс
көрсетуі қажет.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер
Кейбір азаматтарға тек материалдық
көмек емес, күнделікті өмірде нақты
әлеуметтік қолдау қажет болады.
Мысалы өзіне-өзі қызмет көрсету
мүмкіндігі шектеулі қарт адамдарға,
мүгедектігі бар азаматтарға немесе қиын
өмірлік жағдайға тап болған адамдарға
арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Мұндай қызметтер үйде, жартылай стационарлық немесе стационарлық жағдайда көрсетілуі мүмкін.
Үйде қызмет алу үшін азамат немесе
оның заңды өкілі тиісті өтініш бере
алады. Қызметке байланысты қажетті
құжаттардың тізімі белгіленген тәртіппен қарастырылады. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына, тиісті жергілікті атқарушы органға немесе eGov.kz порталына
жүгінуге болады.
Мүгедектігі бар азаматтарға
арналған мүмкіндіктер
Мүгедектігі бар азаматтарға
әлеуметтік қолдаудың бірнеше түрі
қарастырылған. Олардың қатарында
оңалту құралдары, техникалық
көмекші құралдар, арнайы жүріптұру құралдары, жеке көмекші және
ымдау тілі маманының қызметтері
сияқты мүмкіндіктер бар. Бұл бағытта
әлеуметтік қызметтер порталы
жұмыс істейді. Портал азаматтарға
тиісті оңалту құралдары мен бірқатар
әлеуметтік қызметтерді жеткізушілерден
таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен
қатар кейбір әлеуметтік төлемдер мен
қызметтерді eGov.kz порталы және
eGov Mobile арқылы электронды
түрде рәсімдеуге болады. Электрондық
форматтың басты артықшылығы –
көптеген мәліметтердің мемлекеттік
ақпараттық жүйелерден автоматты
түрде алынуы және азаматтың құжат
жинауға кететін уақытын қысқартуы.
Аудан тұрғындары қайда жүгіне
алады?
Әлеуметтік көмекке мұқтаж аудан тұрғындары ең алдымен өздерінің тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту
мәселелерімен айналысатын бөлімге
немесе «Мансап» орталығына хабарласқаны жөн. Ауылдық елді мекендерде тұратын азаматтар ауылдық округ
әкімдігіне де жүгіне алады. Мамандар
азаматтың жағдайын анықтап, қандай
мемлекеттік қызметке немесе әлеуметтік
көмекке өтініш беруге болатынын
түсіндіреді.
Г.ЖИЕНБАЕВА,
аудандық Отбасын қолдау
орталығының әлеуметтік жұмыс
жөніндегі маманы.
