СӘЛІМБАЙДАН ШЫҚҚАН жас қыран

7 Views

Киелі Тұрар Рысқұлов ауданының топырағы қашанда
батырлар мен балуандарға кенде болмаған. Сол дәстүрді лайықты жалғастырып, бозкілемде ел намысын абыроймен қорғап жүрген жас спортшының бірі– Тұрсын Ерсұлтан Ерланұлы. Сәлімбай ауылының түлеп ұшқан жас дарын бүгінде қазақ күресінің көгінде жарқырай жанған жұлдызға айналып келеді.

2009 жылдың тамызында дүниеге келген Ерсұлтанның спортқа деген
құштарлығы ерте оянды. Оның тынымсыз еңбегі мен темірдей тәртібі көп ұзамай-ақ өз жемісін бере бастады. Атап айтқанда, 2024 жылдың желтоқсан айында елордамыз Астана қаласында өткен дүбірлі «Жас Барыс» республикалық турнирінде 42 келі салмақ дәрежесінде жеңіс туын желбіретіп, топ жарды.
Бұл жеңіс жас балуанның үлкен спорттағы жарқын жолының бастамасы ғана еді. Уақыт өте келе тәжірибесі толысып, шеберлігі шыңдалған Ерсұлтан 2026 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындарында 50 келі салмақта белдесіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал қараша айының 15-18 күндері Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диқанбай Биткөзовтің жүлдесіне арналған Азия кубогы өтті. Азулы балуандар бас қосқан халықаралық додада Ерсұлтан тағы да 50 келі салмақта шеберлік танытып, қола жүлдені иеленді. Осы айтулы додада ел байрағын желбіреткен бұл жетістік – бүкіл аудан жұртшылығының ортақ мақтанышы.
Ел мерейін үстем еткен жас батырдың еңбегі елеусіз қалмады. Өткен сәрсенбіде аудан әкімінің орынбасары Бақкелді Ғабдоллаұлы Азия кубогының жүлдегері Ерсұлтан Тұрсын мен оны жеңіс тұғырына жетелеген білікті бапкері Нұрасыл Мұратбекұлын арнайы қабылдап, зор құрмет көрсетті. Кездесу барысында спортшы мен бапкерге жүрекжарды құттықтау сөздер айтылып, аудан
басшысының атынан Алғыс хат пен қоса теледидар табысталды.
Шәкіртінің бағын ашқан білікті бапкер Нұрасыл Мұратбекұлының еңбегі мен жас балуанның қайсар рухы тоғысқан бұл жеңіс – алдағы үлкен белестердің баспалдағы ғана. Сәлімбайдан шыққан жас қыранның болашақта әлемдік ареналарда да топ жарып, қазақ күресінің даңқын асқақтата беретініне сеніміміз мол.

Айым НҰРБЕКҚЫЗЫ.

 

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий