1 526 Views
“Халықтың тілегі біз үшін маңызды”
Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Дулатбеков Нұрлан Орынбасарұлы ауданымызда болып, ауылшаруашылығы саласында
жемісті жұмыс жасап жатқан шаруашылықтарды аралап көрді. Аудан әкімінің ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары Манарбек Тлеповтың бастауымен Тереңөзек ауылдық округіндегі «Каз алма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шие бағына барған мәжілісменді серіктестіктің агрономы Сұлтан Сейтқадіров қарсы алды. – Биыл 50 гектар аумаққа шие ектік. Алдағы жылдары 150-200 гектарға дейін ұлғайтып, өнімін шырын өндіретін кәсіпорындарға өткізетін боламыз, -деген серіктестік
өкілі он бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғандарын айтады.
Бүгінде Ұлт жоспары – «100 нақты қадамда» айтылған нақты тапсырмаларды орындауды мақсат еткендер көп. Соның бірін Жарлысу ауылының атымтай жомарты, белгілі кәсіпкер Сайрамбай Дөненбаев іске асыруда. Ұлт жоспарының 57-қадамында көрсетілген туристік кластер бойынша «Шәушен» шаруа қожалығы қымызбен емдеу орталығын салып, электр желісін тартты. Тау етегінде орналасқан демалыс орнына келген Нұрлан Дулатбековті қожалық басшысы Сайрамбай Дөненбаев күтіп алып, қымыз
өндіру кешені мен демалыс орнының жұмысымен таныстырды. Осыдан үш жыл бұрын ашылған орталықта жиырма адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда екі жүз елуден аса бие байлап, қымызын Тараз, Астана қалаларында саудалап отырған
қожалықтың бие санын бес жүзге жеткізуге мүмкіндігі жетеді. Себебі, қожалықта екі мыңға жуық жылқы бар.
– Қожалық негізінен мал шаруашылығына негізделген. Елу үш мың ұсақ малдың
жем-шөбін ажырату үшін жылда он мың гектарға арпа-бидай егіп келеміз. Биыл 341 млн. теңгеге алты астық комбайнын сатып алдым. Соның нәтижесінде егінді шашпай-төкпей уақытында жинап алуға мүмкіндік туды,-
деген Сайрамбай Әліқұлұлы «Қайырымдылық – қайырлы іс» екенін айтып, өзі туып-өскен Жарлысу ауылына заманауи мешіт пен зәулім интернат салып бергенін де жасырмады. Қайырымдылық демекші, Қарабұлақ
шатқалындағы қымызбен емдеу орталығынан қайтар жолда қожалықтың қаржысына салынып, аудандық білім бөлімінің балансына тегін берілген жүз орындық «Тәттімбүбі» балабақшасына соққан халық қалаулысы «Әр азамат өз ауылының көркейуіне осылай атсалысса, барлық ауылдың түйткілі түбегейлі шешілер еді» дейді ризашылығын білдіріп.
Сонымен қатар, ауыл орталығындағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке де арнайы барды. Мәжіліс депутаты Құмарық ауылындағы «Жастар болашағы» шаруа қожалығының жұмысын да назардан тыс қалдырмады. Ресей елінен әкелінген алпыс бас сүтті сиырдың бүгінде он бесі бұзаулап, әрқайсысы күніне он литрден сүт беріп келеді екен. Қожалық басшысы Әлдибек Әміреев әңгіме барысында сиыр санын әлі де көбейткісі келетінін жеткізді.
Түс қайта аудандағы алып ұжымдардың қатарындағы «Ақтоған» шаруа қожалығының макарон өндіру цехының жұмысымен танысқан Нұрлан Орынбасарұлы келесі кезекте Көкдөнен ауылындағы «АлатауАгро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің сүт қабылдау бекетіне соғып, кооперативтің келешегіне сеніммен қарады. Артынша Құлан ауылының шетіндегі «Дендро» саябақты аралап, «АгроПаркҚұлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүз гектарға орналасқан шие бағына барды. -Негізінен интенсивті жеміс-жидек бағы мың гектар аумаққа жоспарланып отыр. Келешекте мұнда жеміс-жидектің өзге түрлері де өседі,-деген аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әлдибек Туғанбаев халық қалаулысы барған барлық шаруашылықтардың жұмысын жан-жақты баяндап отырды.
Құлан ауылшаруашылығы колледжіне аялдаған мәжілісмен Жұмакүл Бүкірова басқаратын мекеменің жұмысына оң бағасын беріп, аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан тұрғындарымен кездесті. «Біз үшін халықтың ойы, пікірі маңызды, сондықтан да айтар ұсыныстарыңыз бен ой- пікірлеріңіз болса тыңдауға әзірмін» дей келе, қарапайым халықтың талап-тілегін заң шығару, оны қарау, қабылдау барысында ескеретіндіктерін сөз етті. Өз кезегінде аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов сөз алып: «Шешілмеген мәселе көп. Солардың дені ауылда. Ауылдық жерде жастарды жұмыспен қамту деңгейі төмен. Екі қолға бір күрек табылған күннің өзінде жалақылары мәз емес. Осында отырған жастардың көбінің айлығы жиырма, әрі кетсе отыз мың теңге. Отыз мың айлықпен қалай өмір сүруге болады. Сондықтанда ең төменгі айлықты жүз мың теңгеге көтеру қажет. Содан кейінгі әңгіме денсаулық саласына қатысты. Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ауруханаларға ақылы қызмет кірмей, тегін емдегені жөн» дейді. Ал, Құлан ауылдық округінің бас маманы Жандос Үмбетәлі жастарға кезексіз жер телімі берілсе, үйсіз жүрген жастар үй салып, еліміздегі халық санының өсуіне қарқынды үлес қосар еді деген ұсынысын айтты. Ұсыныстардың орынды екенін жеткізген мәжіліс депутаты өзі де бір шетін мәселені көтерді. Оның айтуынша, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының да шикі жері бар екен. Расында да орынды көрінді. Мәселен, оқуға келген жастар қалада үйі болмағандықтан тіркеле алмай жергілікті тіркелген жерінде қалып қояды. Қолына диплом алғанда аталған бағдарламамен туған жеріне барып қызмет жасайын десе, сол тұрғылықты тіркелген жері кедергі жасайды. Бағдарлама бойынша ол өзге ауданға немесе өзге өңірге барып қызмет жасауы тиіс. Егер осы тіркелу мәселесін алып тастаса, жастардың жағдайы оңынан шешіліп, туған жерінде алаңсыз қызмет жасайтыны анық.
Кездесуде айтылған мәселелерді алдағы жұмыс барысында ескеріп, шешімін табуға көмектесетінін айтқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Нұрлан Дулатбеков ауданға жасаған сапарын аяқтады.
Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.
Поделиться ссылкой: