Қоғамдық Кеңес отырысынан

870 Views

Білім күні таяп қалды

Ал, білім мекемелері жаңа маусымға дайын ба?

 

Жаз мезгілі аяқталып келеді. Айналасы 10 күн ішінде оқушыларымыз мектеп табалдырығын аттайды. Яғни, жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды деген сөз. Алайда, білім ошақтары жаңа маусымға тас-түйін дайын ба? Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында Шорабек Атабаевтың төрағалығымен өткен қоғамдық Кеңестің төралқа отырысы осы тақырып төңірегінде өрбіді. Аталмыш жиынға аудандық қоғамдық Кеңестің мүшелері, сондай-ақ, аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров және мектеп директорлары қатысты.

Аудандық қоғамдық Кеңестің мүшелерінен құралған арнайы топ алдын-ала зерделеу жұмыстарын жүргізгендіктен Шорабек Атабаев жиынның кіріспесін көпке созған жоқ. Бірден істің мән-жайына көшті. Төрағаның сөзінен ұққанымыз бірді-екілі болмаса, аудандағы білім ошақтарының көбісі жаңа маусымға толықтай дайын емес. Бұл мәселеде тек Жақсылық ауылындағы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы және Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектептің ұжымдары айтарлықтай көрсеткішпен мақтана алады.

Өзге мектептерде дайындық деңгейі неге төмен? Мәселенің мәнісін әр ауылдық округтерді аралап, істің байыбын барлап қайтқан арнайы топтың мүшелері саралап берді. Мәселен, Қорағаты орта мектебінің дәлізі мүлде сырланбаған. Қызыл шаруа мен Ақбұлақ шағын орталықты орта мектептерінің де дайындығы көңіл көншітпейді. Бұл қатарда М.Горький, Т.Әубәкіров, Т.Рысқұлов, Жамбыл, А.Шынасілов, Бірлес, Көкарық, Шолаққайыңды, Ақыртөбе, Малдыбай, Алғабас, №1 лицей, Шоқан Уәлиханов және Құлан орта мектептерінің ұжымдары да бар. Ал, Гагарин атындағы мектептің халі тіптен бөлек әңгіме. Аудандық қоғамдық Кеңестің мүшесі Түзел Алагөзованың айтуынша, мектептің асханасында таракан толып жүр екен. «Біз барғанда мектеп директоры жұмыс орнында болмады. Өз қызметіне салғырт қарайтын мұндай басшылардан не үміт күтеміз. Осындай мектептен тәлім алып жатқан өскелең ұрпағымыздың болашағы не болмақ» деп мектеп директорын біраз сынға алды. Алайда, бұл жиынға аталмыш мектептің директоры белгілі бір себептермен қатысқан жоқ. Дегенмен, мектеп басшысының орынбасары айтылған сынның орынды екенін айтып, тамыз айының 25-і жұлдызына дейін кеткен олқылықтың орнын толтыруға уәде берді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатқан Шорабек Атабаев Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұлт саналы болса -бақытты, ал санасыз болса – сор» деген ұлағатты сөзін мектеп басшыларының есіне салып, сапалы білім беру жолында нәтижелі жұмыс жасау керектігін ескертті.

М.ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: