Саусақ бірікпей, ине ілікпейді

503 Views

Аудан әкімінің есеп беру жиналыстарынан

Иә, аудан әкімінің де өткен жылдың қорытындысы бойынша халық алдына шығып, есеп беретін уақыты да жетті, мінеки. Яғни, 1 жыл да зулап өте шықты деген сөз бұл. Қандай тірліктер атқарылды? Жетістік бар ма? Не жеткіліксіз? Кемшін кеткен тұстар болды ма? Болса, оның соңы қалай өрбиді? Міне, халықтың көкейіндегі сұрақтар. Ал, бұған атқарушы билік өкілдері не дейді екен?.. Енді соған тоқталайық.

Аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың Көкдөнен, Ақбұлақ, Қорағаты ауылдық округтерінен кейінгі есеп беру кездесулері Қайыңды, Тереңөзек және Өрнек ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Алдымен Қайыңды ауылында өтті аудан әкімінің есепті жиналысы. Айтпақшы, қайыңдылықтар Азамат Асанбайды өткен жылы ауылға қайта сайлады әкім қылып. Былтырғы есебінде ол біраз сынға ұшырап еді. Содан нәтиже шығарса керек. Қолдан келгенше, жұмыс та жасаса керек. Биыл ауылдық округ әкіміне көп сын айтыла қойған жоқ. Содан соң, айта кететін жайт, Азамат Асанбай өз баяндамасында қағазға көп қараған жоқ, онысы қуантты бізді. Келесі баяндамашыға да кезек келді. Ол – әрине, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов. Аудан басшысы да есепті кездесуге тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Қағазға көп шұқшимайды. Көптің көңіліндегі күптігей сауалдарды да зерделепті. Бәрін біліп отыр. Сондықтан аудан басшысына ризашылықтарын білдірді қайыңдылықтар. Кезек жарыссөзге келгенде, ауыл ақсақалы Мейірқұл Скендіров таудан келетін ағын судың мәселесін сөз етіп, қос әкімнің жылдық есептеріне «қанағаттанарлық» деген баға берді. Ерболат Салқынбекұлы ақсақал көтерген мәселенің өте орынды екенін айтты. «Өкінішке орай дейміз бе, біздің ауданнан ешқандай өзен суы ағып өтпейді. Біз тікелей мынау таудағы қар ерітіндісіне тәуелдіміз. Былтырғы жағдайды білесіздер. Биыл да тауға түскен қардың мөлшерін көріп, біліп отырсыздар. Көктемде таудағы бұлақ көздерін тазарту жұмыстары тағы да жүргізілуі керек. Оны ауыл әкімі ұйымдастыруы қажет» деді аудан әкімі.
Түс мезгілінен соң аудан әкімінің есеп беру кездесуі Тереңөзек ауылдық округінде өтті. Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Смат та жақсы дайындалыпты есепті жиналысқа. Қанат Төлеуұлы да былтыр сайланған әкім. Оған тереңөзектіктер зор сенім артып отыр. Былтыр сайланса да, қазірдің өзінде көп шаруаның «бетін қайтарып» тастапты. Оны баяндамасынан естідік.
«Былтыр тамшылатып суару әдісімен осы ауылдық округтегі «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығы пияз егіп, мол өнім алды. Сол іс барша аудандағы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға үлгі. Біз осы жүйемен жұмыс жасауды қолға алуымыз керек» деді Ерболат Садырқұлов өз баяндамасында. Жалпы, «Тереңөзекте қанша көше жолы асфальттанған?», «Нешеуіне асфальт жамылғысы төселінуі керек?» «Осы ауылдық округтегі көшелердің қаншасында көше жарығы бар немесе жоқ» деген мәселелер аудан әкімінің жіті бақылауында екен. Оны өзі айтты есепті кездесуде. «Тек ауылда ауызбіршілік болса, бұл мәселенің барлығы рет-ретімен шешіледі» деді аудан басшысы.
Бұдан соң Өрнекке жол тарттық. Есепті кездесу Өрнек ауылындағы Алғабас орта мектебінде өтті. Өйткені, бұл ауылда мәдениет үйі жоқ жиынды өткізетін. Амалы – мектеп. Алдымен ауылдық округ әкімі Айбек Абишев баяндама жасады. Оның да баяндамасы жұп-жұмыр. Сөзі келісті. Халық оған сенеді. Ең бастысы, сол сенімге селкеу түсірмеу керек енді.
Өрнек ауылдық округіне Жарлысу, Әбжапар, Сәлімбай және Сұмқайты елді мекендерінің қарасты екенін талай мәрте жазып жүрміз. Сол ауылдардан да халық келді осы есепті кездесуге. Әбжапарға ауыз су келді. Оларға тек көше жөнделіп, сол көше жарығы қойылса болды. Жайылым жерден де мәселе бар. Сәлімбайға биыл жаңа ауыз су құбыры жүргізіледі. Ол – енді жағымды жаңалық расымен де. Қаражат мәселесі шешілген. Жоғары жақтан қолдау тапты. Қазір мердігер анықталуда. Бұйыртса, биыл құрылысы басталады. Бұл ауылға да мәдениет ошағы салынса деген ұсыныс бар халықтан. Ал, Жарлысу ше? Жарлысудың жағдайы қиын. Ұңғыма, яғни скважина қазылды. Жаңа ауыз су жүйесі тартылды. Барлығы істелді енді. Бірақ сапасыз. Қазір судың дәмі ащы. Жарлысулықтар «Бұл суды тұтынсақ, бүйрек дейсіз бе, өкпе дейсіз бе, түрлі ауруға шалдығу қаупі жоғары» дейді. Бұл мәселе жөнінде аудан басшысы: Рас, мердігермен жұмыс істеу өте ауыр болды. Бірақ, біз, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Ауыл әкімі де бұл мәселе бойынша «шапқылап» жұмыс істеп жүр. Менің де бақылауымда су мәселесі. Арнайы экспертизадан да өткіздік суды. Олар «жарамды» деп отыр. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Сапалы ауыз суды тұтынуға барынша жұмыс жасаймыз. Кез келген мәселе дау-дамаймен шешілмейді. Ақылға салып, өздеріңізбен бірге шешетін боламыз бұл мәселені. Береке бірлігі бар ауылға ғана ырыс қонады. Құр айқаймен ештеңе бітпейді. Осыны түсінейікші, ағайын» – деп халықты ауызбіршілікке шақырды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: