Жыл қорытындысына нүкте қойылды
Наурыз айының басында басталған есеп беру кездесулеріне күні кеше нүкте қойылды. Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Ерболат Садырқұлов өткен жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасап, ел алдында есеп берді. Айта кетейік, есепті жиынға аудан жұртшылығынан бөлек әкімдік қызметкерлері, мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Сондай-ақ, халықпен бірге аудан басшысының есебін облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов те тыңдады. Жалпы өткен жылы ауданда мемлекеттік бағдарламалар өз деңгейінде орындалған. Соның бірі – «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында қолға алынған бұл жобаға біздің ауданнан үш бірдей ауыл іліккен. Олардың қатарында Құлан, Луговой және Қарақыстақ ауылы бар. Аты аталған үш ауылда бес бірдей жоба жүзеге асырылып, оған бюджеттен 790 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Енді «Бұл қаржы қайда жұмсалды?» деген сауалға жауап беріп көрелік. Аталмыш жобалардың ішіндегі ең ауқымдысы – спорт кешені. 369 миллион теңгеге салынған нысан он мыңнан астам халқы бар Луговой ауылында бой көтерді. Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама аясында Луговой ауылындағы жалпы 46 көшенің 13 көшесіне ағымдағы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 13,8 шақырымды құрайтын көше жолдарының жөндеу жұмыстарына бюджеттен 261,3 млн. теңге бөлінген. Бүгінде аталған ауылдың ішкі көшелерінің жағдайы біршама жақсарып, ендері талапқа сай кеңейтілді. Тілге тиек ете кетейік, бүгінде Луговой ауылындағы көше жолдары толығымен асфальтталған. Тек Еңбекші көшесі ғана дәл қазір шағал таспен тұр. Бұл жұмыста жыл соңына дейін өз шешімін таппақ. Егер аталмыш көше жөндеуден өтсе, Луговой көшелері 100 %-ға асфальттанған болып есептелмек. Жүзеге асқан бес жобаның екеуіне толыққанды тоқталдым деген сенімдемін. Енді қалған үш жобаға зер салып көрелік. Қалған үш жоба мәдениет саласымен тығыз байланысты. Былтыр өздеріңіз білетіндей, аудан орталығында орналасқан Мэлс Өзбеков атындағы өнер ордасы күрделі жөндеуден өтті. Оған бюджеттен 6249,0 млн. теңге жұмсалған. Ал Қарақыстақтағы мәдениет үйіне дәл осы бағдарламадан 72165,0 млн. теңге қарастырылып, күрделі жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілген. Адалын айту керек, Қарақыстақтағы мәдени ошақтың бүгінгі келбеті көз қуантады.
Жөндеуден өтіп, келбеті келіскен нысанның бірі – «Сұлутөр» кинотеатры. Іргетасы 1968 жылы қаланған бұл ғимараттың әбден тозығы жетіп, мәжіліс залына бірте-бірте айналып бара жатқан болатын. Бүгінде бәрі керісінше. Заманауи құралдармен жабдықталған нысанда 100 орындық кинозал мен караоке орталығы бар. Аудан әкімінің сөзіне сенсек, жуық арада орталық тұрғындары соңғы айналымдағы жаңа фильмдерді қаладағылармен қатар көре алатын болады. Ретке келтіруге 58 миллионнан астам теңге бөлінген нысан аудан жұртшылығының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында қызмет етеді деген сенімдеміз.
Бұл енді аудан орталығындағы жасалған шарапаттар. Енді шалғай жатқан елді мекендерге жасалып жатқан жұмыстарды тізбектеп көрейік. Жалпы былтыр елді мекендерге газ құбырын жеткізу жұмыстары қарқынды түрде іске асырылды. Осы орайда әкімдік қызметкерлерінің ептілігін ескергеніміз жөн болар. Сенесіздер ме?! Өткен жылы он бірдей ауылға көгілдір отын жеткізілді. Олардың қатарында Каменка, Жалпақсаз, Тасшолақ, Қазақ, Жаңатұрмыс, Қорағаты, Бәйтелі, Әбілхайыр, Д. Қонаев және Құлан ауылдық округіне қарасты Шөңгер ауылына да газ келді. Енді ондағы ағайын күл-қоқыс шығарудан, от жағудың машақатынан біржолата айырылды.
Ендігі ауданда газдандырылмаған 8 елді мекен бар. Оның жетеуіне газ түбегейлі бармайды. Себебі, Мамыртөбе, Аққайнар, Тойқұдық, Сұмқайты, Қосапан ауылдары, Құмарық разъезді, Қорағаты станциясында халық саны тиісті нормадан (200 адамнан төмен) аз. Бұл – экономикалық тұрғыда тиімсіз. Сондықтан да оларға газ жеткізілмейді. Ал Қайыңды ауылдық округіндегі Шолаққайыңдыға жуық арада газ баруы тиіс. Неге? Себебі, бүгінде жобалық-сметалық құжаттың мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып қойылған. Жоба құны – 186,7 миллион теңгені құрайды. Ерекше атап өтейік, 2022 жылға қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім де жолданған.
Бірнеше жыл бұрын ауданда жол мәселесі де өзекті болатын. Бүгінде оның біразы жөндеуден өтті. Нақты атап айтар болсақ, ауданда жалпы жолдардың ұзындығы – 296,03 шақырым. Оның ішінде 96,0 шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, 100,0 шақырымы облыстық мәндегі жолдар. Ал қалғаны аудандық мәндегі жолдарға жатады. Жалпы ауданда 42 елді мекен бойынша 337,4 шақырым көше жолдары бар. 2020 жылы 684,6 миллион теңге бөлініп, 91 жоба жүзеге асқан. Атқарылған жұмыстардың арқасында жақсы және қанағаттарлы жағдайдағы жолдар 88,2%-ға жеткен. Ал 2021 жылы жауапты мамандар бұл көрсеткішті «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы және аудандық бюджеттің қомақты бөлінуі арқасында 93,0%-ға жеткізген.
«Су – тіршілік көзі». Бұл сөздің мағынасын өткен жылы жақсы түсіндік. Қуаңшылық қара жерді қуратып, әбден әбігерге салғаны бар. Жалпы ауданда ауыз сумен қамтылмаған 12 ауыл бар екен. Оның ішінде Қазақ, Сәлімбай, Жаңатұрмыс сынды үш елді мекенге ауыз су жеткізу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып, бюджеттен қаржы қарастырылды. Бүгінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жобалық-сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жолданған төрт ауыл бар. Олар: Шөңгер, Мамай, Сөгеті, және Р.Сәбденов ауылы. Ал Ақыртөбеге келер болсақ, бүгінде аталмыш ауылға ауыз су жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлену үстінде. Аталмыш мәліметтің барлығын есепті жиында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов мәлімдеп берді. Өз баяндамасында аудан басшысы өзге де салаларға тоқталып, барлық көрсеткіштерді, жасалған жұмыстарды жіпке тізді.
Жиында арнайы қонақ ретінде келген аймақ басшысының орынбасары Нұржан Нұржігітов те мінбеге шығып, облыс көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, Нұржан Молдиярұлы ауыл шаруашылығында кездесетін субсидия, жайылым, су тапшылығы сынды мәселелерді болдырмау мақсатында жүргізілген жұмыстарға кеңінен тоқталып, толық баяндап берді. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, облысқа министрліктен субсидияға деп бөлінген қаражаттың 15 пайызын біздің ауданның шаруалары алады екен. Ресми статистика солай дейді. Тіпті арнайы тізілген рейтингте біздің шаруалар Қордай ауданын басып озып, бірінші орында тұр екен. Бұл – бір. Екіншіден, былтыр су тапшылығын анық сезінген біздің аудан болып шықты. Осы олқылықты шешу мақсатында көрші Қырғызстан елімен арнайы келіссөздер жүргізілгенін, арнайы ұңғымалар қазылатынын жеткізді. Сондай-ақ, Нұржан Молдиярұлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар облыс көрсеткіштерінен жоғары екенін айтты.
Қос баяндамашының есебінен кейін кезек тұрғындарға берілді. Аудан тұрғындары СЭС мамандарының жұмысына сын айтып, Көгершін ауылындағы ауыз судың жарамдылығына баса назар аударуды сұрады. Сонымен қатар, азық-түлік бағасының өсуі, жұмыссыздық, ауыл шаруашылығы мамандарының және су тапшылығы, жайылым, құрылыс тобын құру, орталыққа полиция пунктін қою, ет пен жем-шөптің бағасын арзандату, төрт түлікті асылдандыру, округ әкімдерінің жұмысын жандандыру, жеміс-жидек пен көкөніс алқаптарын ұлғайту сынды мәселелерді көтерді. Аудан басшысы барлық қойылған сауалдарға нақты жауап беріп, ұсыныстар бойынша жұмыстар жүргізетінін айтты.
Жалпы жиында аудан әкімінің жұмысына «жақсы» және «қанағаттанарлық» деген баға берілді.
Жәнібек Сұлтан