Ұстаздар бозкілемде бақ сынады

492 Views

Биыл Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына – 110 жыл. Осыған орай, өткен жұмада аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ күресінен «Ұстаз барысы» атты аудандық турнир өтті. Бұл турнирге аудандық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының мұғалімдері қатысты.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова, аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Айнұр Баймұратова қатысып, сөз сөйледі. Өз сөзінде Әлібек Мамытжанұлы осынау турнир алдымен қазақтың ұлттық күресін дәріптеуге арналғанын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бұл турнирге 53 мұғалім қатысып, бақ сынады. Нәтижесінде турнир қорытындысы төмендегідей болды. 65 келі салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орынды Алмаз Ақшалов (Бірлес орта мектебі) иеленсе, жүлделі екінші орын Тұрғын Рахметілдаевтың (Ақыртөбе орта мектебі) еншісіне жазылды. Ал жүлделі бірінші орынды Абылай Тілеуханов (Жамбыл орта мектебі) жеңіп алды.
78 келі салмақ дәрежесіндегі белдесулер де өте тартысты болды. Бұл салмақта жүлделі үшінші орын Берік Махамедкеримнің (Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебі) еншісіне жазылса, жүлделі екінші орын Ынтымақ Жапаровқа (Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебі) бұйырды. Осылайша, бұл мектептің екі мұғалімі тұғыр биігінен көрінді. Ал бұл салмақта Айдос Амреев (Ақтоған орта мектебі) жеңімпаз атанды. Ол өзінің мықтылығын паш етті.
78 келіден жоғары салмақ дәре­жесінде үшінші орынды Анжияз Бохаев (Ақбұлақ орта мектебі) иеленді. Жүлделі екінші орын Төлеген Жұмағұловқа (№ 1 лицей мектебі) бұйырды. Бұл салмақта Айбек Әділовке (Алғабас орта мектебі) тең келер қарсылас табылмады. Ол осы салмақтың чемпионы атанды.
Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтармен қатар медальдар, арнайы дипломдар табыс етілді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: