Наурыз келді, ағайын!

852 Views

Наурыз бата

Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурыз көже де,
Толтырып ішкей кезеңе.

Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.

Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе аз ғана,
Шайылсын өкпе, наз-нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.

Әспеттеп ата дәстүрін,
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер!
Дүрлеген Қазақстанға
Таңғалсын дос та, дұшпан да!

Мұзафар Әлімбаев.

Ұлыстың ұлы күніндегі алғашқы сөз басын Мұзағаңның осынау Наурыз батасымен бастауды жөн көрдік. Наурыз – түркі халықтарына ортақ мереке. Рас, коронавирус індетіне байланысты бұл мереке 2 жыл тойланған жоқ. Шүкір, барыс жылы жағдай қалыпқа келді, мінеки. Халық төл мерекесін қайта тойлауға мүмкіндік алды. Сондықтан болар, аудан орталығында өткен әз-Наурызды барша құландықтар зор қуанышпен тойлады. Оны өз көзімізбен көрдік.
Бір қуантатыны, Наурызды тойлайтындар қатары әлемде жыл өткен сайын артып келеді. Жасыратын несі бар, ілгеріректе, «желтоқсан айының соңын» күтуге асығатындар саны көп болатын. «Салют сатып алып» дегендей. Қазір осының бәрі азайып бара жатыр. Көбісі түсінді. Наурыз – төл мерекеміз екенін. Бұл – біздіңше, өте керемет.
Енді ауданға оралайық. Сөз басында атап өттік қой, төл мерекеміз 2 жылдай тойланбай қалды. Иә, жағдай солай болды. Алайда, « түн кеткен соң, таңның да қайта атары анық». Биыл атқарушы билік өкілдері әз-Наурызға жақсы дайындалыпты. Мерекеге орай орталық алаңда 6 ақшаңқан киіз үй тігіліп, ақ дастархан жайылды. Барлығы да таң алагеуімнен тұрғындарды қабылдап, ұлттық тағам – наурыз көжені көпшілікке үлестірді.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов мерекеге жиналған көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, елімізде береке мен бірлік болса ғана, мемлекетіміздің әлеуеті артатынын жеткізді.
Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік думанды көруге келгендердің қатары көп болғанын да атап өттік. Тұрғындар орталық алаңдағы ұлттық салт-дәстүр, ойын түрлеріне белсене қатысты. Мәселен, қой көтеру, қазақ күресі көпшіліктің назарын елең еткізгені анық. Сонымен қатар, қыз ұзату, тұсау кесу, келін түсіру секілді ұлттық салт-дәстүрлеріміз сахналанып, қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Осылайша, жұртшылық бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін ақтарып жатты.

Береке мен бірліктің үлгісін көрсетті

Наурыз мейрамы аудан аумағындағы барлық ауылдық округтерде де ұйымдастырылды. Мәселен, Қызылшаруа ауылында «Табиғат – Наурызымен ажарлы» атты мерекелік кеш 1987 жылғы ауыл жастарының ұйымдастыруымен, мәдениет және кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен өткізілді. Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекеге барша ауыл тұрғындары қатысып, әр көше қазақтың салт-дәстүрлерінен сахналық көрініс көрсетті.
Арқан тартыс, қол күрес, қазақша күрес және басқа да көптеген ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға жүлделі сыйлықтар табысталды. Бұны өткізудегі басты мақсат – қазақтың салт -дәстүрлерін дәріптеу арқылы атадан қалған дәстүрімізді жастарға насихаттау әрі қазақ елінің ұлттық құндылықтарын сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу.

Мерекені шолаққайыңдылықтар да атап өтті

Шолаққайыңды ауылында да Наурыз мерекесі кең көлемде дәріптелді. Нақтысын айтсақ, ауылдық клубта Ұлыстың ұлы күніне орай «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік кеш өтті.
Үлкендер жағы «Ауылдың алты ауызы болсын» деген ниетпен Наурыз мерекесінде қазақы сөзі қанық есті әндер айтты.

Наурыз тойы — Тереңөзекте
Кез келген мерекені жоғары деңгейде өткізетін ауылдың бірі – Тереңөзек ауылы. Бұл ауылда да Наурыз мерекесіне орай мектеп түлектерінің демеушілігімен, мәдениет қызметкерлері мен ауыл әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Наурыз думан» атты салтанатты кеш өтті. Сонымен бірге Азия чемпионатының алтын, әлем чемпионатының күміс медаль иегері Уәли Алмастың қатысуымен спорттық ойындар өтті.

Бетті дайындаған Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: