Жақсылықтың бастауы – әз-Наурыз

591 Views

Қасиетті қазақ жеріне Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз да келіп жетті, ардақты ағайын. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі – ежелден келе жатқан халқымыздың төл мерекесі. Сондай-ақ, Наурыз – жеті дәмнен нәрлі көже жасап, жаттың да жақынның да бір-біріне дәм татқызатын, ақ дастархан басында алқа-қотан бірге ас ішетін ынтымақ пен бірліктің мерекесі. Ұлыстың ұлы күніне орай Көгершін ауылындағы «Ақбота» бөбекжай-бақшасында мектепке дейінгі ересек жас «Қарлығаш» тобында «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты ертеңгілік өтті. Іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Балаларға қазақ халқының әдет-ғұрпы таныстырылып, оларға тұсау кесер салт-дәстүрі көрсетілді. Ақ жаулықты әжеміз балаларға наурыз көженің неден және қалай жасалатыны туралы түсіндіріп айтып берді. Түрлі қызықты ұлттық ойындар ойнатылды. Бұның барлығы балаларды алғырлыққа, достыққа адалдыққа тәрбиелейді деген ойдамын.
Осынау іс-шараның маңызды бір тұсы – қазақ әдебиетінде ежелден қалыптасқан өнер – қыз бен жігіт айтысының көрініс тапқаны. Ортаға шығып, өнер көрсеткен балалардың қайым айтысы қызықты болды. Мереке соңында балаларға дәмді наурыз көже таратылды. Ақ жаулықты әжеміз тілек тілеп, бата берді. Наурыз – әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс-несібе, шат-шадыман шаттық алып келсін! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, қарға тамырлы қазағым!

А.Нұрсейтова,
«Ақбота» бөбекжай-бақшасының логопеді.

Поделиться ссылкой: