Спорт алаңын сыйға тартты
Байзақ ауданымен шекаралас, аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Сөгеті ауылын көп адамдар біле бермейді. Қайыңды ауылдық округіне қарасты елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі көз қуантады. Алақандай ғана ауылымызда бастауыш мектеп, дәрігерлік пункт, ауылдық клуб және кітапхана бар. Сондай-ақ, ауылымызға көгілдір отын тартылып, кейбір көшелерге жол салынып, жарық та берілген. Күні кеше аталмыш игілікті іс-шаралардың және нысандардың қатарына шағын спорт алаңы да қосылды. Бүгінде ауыл азаматтарының бастамасымен іске асырылатын жобалар өте көп. Олардың қатарына Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асатын «Туған жерге туыңды тік», «Жомарт түлек» сынды бағдарламалар бар. Аталмыш бағдарламалардың басты мақсаты – түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген елімізге белгілі түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал жамбылдықтарды туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру. Бүгінде «Жомарт түлек – 2021» жобасы аясында jambyl-tylek.kz. сайты іске қосылып, қазір оған 80 мыңға жуық түлек тіркелген. Соңғы бес жыл ішінде жамбылдық түлектер білім алған мектебіне, ауылына жалпы көлемі 2 млрд. теңге көлемінде демеушілік көмек көрсеткен.
Дәл осындай шарапаты мол іс-шаралардан сөгетілік түлектер де қалыс қалып жатқан жоқ. Дәлірек айтар болсақ, олар Наурыз мейрамының қарсаңында құны 1 миллион 500 мың теңгені құрайтын «кіші футбол» алаңын салып, ауыл тұрғындарына сыйға тартты. Сонымен қатар, Ұлыстың ұлы күні ойын алаңының ашылу салтанатын өткізіп, жергілікті жұртты шат-шадыман күйге бөледі.
Биылғы Наурыз мейрамы 1979, 1980, 1981 жылғы туылған азаматтардың ұйымдастыруымен аталып өтті. Күн райының бұзылғанына қарамастан, далаға тамақ асылып, наурыз көже жасалып, спорттық ойындар өткізілді. Салтанатты жиын бейіт басына барып құран бағыштаумен, ауылдың үлкен кісілеріне тамақ берумен басталды. Кіші футбол, волейбол, күрес, арқан тарту, қол күрес түрлерінен өткен спорттық ойындардың жүлдегерлеріне арнайы кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, 1979, 1980, 1981 жылғы жігіттер ауыл әкімі А.Асанбаймен ақылдаса келе, Сөгеті ауылының кіреберісіне арнайы белгі қойды.
Аты аталған іс-шараға ұйымшылдықпен атсалысқан ауылымыздың әрбір азаматына елді мекен тұрғындары атынан шексіз алғыс айтамыз. Шапағаты мол іс-шаралар жыл сайын жалғасын табатынына сенімдіміз.
Қанат ЖАЙНАҚОВ,
Сөгеті ауылының тұрғыны.