Жуалылықтар Құланға келіп, «Игі істер күнін» атап өтті

511 Views

Қазақтың қазақ болғалы өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын ол кітаптың атын «Салдама» дейді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.

Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш, бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, құтты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді.
Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт нәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді.

Ахмет Байтұрсынұлы.

Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі.

Міржақып Дулатұлы.

Кіріспе сөзді бастамас бұрын дала данышпандарының осындай өнегелі сөздерін жас ұрпаққа ұлағат етуді жөн санадық. Олар айтты. Бүгінгілер қандай қарекет етуде. Соны тәпсірлейік енді.
Әз-Наурыз мерекесін ауқымды деңгейде атап өту мақсатында Жамбыл облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі игі бастаманы қолға алды. Олар «Рухани керуен» деген жоба жасап, аймақтағы барлық аудандарды аралап, атадан қалған салт-дәстүрімізді жұртшылық назарына насихаттап жүр. Бұл өте жақсы бастама. Енді бұның соңы, көзбояушылыққа айналып кетпесе болғаны. Әйтпесе, құптарлық іс.
Барлық аудандарды аралап жүр дедік қой, әлгінде ғана. Өткен аптада Жуалы ауданынан шыққан керуен ырысы дарып, бақ-берекесі тасыған қасиетті Құлан жеріне келді. Жуалы десе басқаны қайдам, менің көңілім алабөтен. Өйткені, жұздызы биік Жуалыдан есім-сойы алашқа белгілі тұлғалардың шыққанын жақсы білеміз. Соның бірегейі – Бауыржан Момышұлы. Ол «Намысты нанға сатпа» деді. Одан кейінгі Жуалыдан шыққан айтулы тұлға – Шерхан Мұртаза. Жазсақ, Шерағаңда да сөз көп. «Орындалған арман – бақыт, Орындалмаған арман – күйік». Бір кездері Наурыздың тойланбай қалған кездері болды. Шерағаңның сөзін сол өлшемге салып қарайтын болсақ, бұл да бір бақыт, ағайын.
Қош. Енді жазар тақырыбымызға қайта оралайық. Жуалыдан келген керуенді аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбев бастаған, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қостаған ел үшін қызмет етіп жүрген жақсы-жайсаңдар қарсы алды. Айта кетейік, жуалылықтар киелі Құлан жеріне «Рухани керуен» жобасында межеленген «Игі істер күнін» атап өтуге келді.
Әуелі қонақтар дәмнен нәр татты. Содан соң, тау тұлғалы Тұрар Рысқұловтың құрметіне қойылған ескерткішке келіп, гүл шоқтарын қойды. Сосын Құлан агротехникалық жоғары колледжінің білім беру мазмұнындағы материалдық базасымен танысты. «Өздері не әкеліпті?» деген сұрақ туындайды осы арада. Өздерінде бәрі бар. Қолөнер шеберлерінің туындысы дейсіз бе, ән дейсіз бе, күй дейсіз бе? Рухани жағынан жаның нені қалайды? Соның бәрін жуалылықтар әдемі үйлестіріпті. Әсіресе, концерттік бағдарламалары қандай ғажап!
«Ақ орамал бәрінен биік тұрдың,
Көңіліме ақ пейіл, сый ұқтырдың.
Сүйкімді боп көрінер нұр бейнесі,
Ақ орамал таққанда сүйіктіңнің.
Айнасысың!
Айнасысың қашанда, асыл құттың,
Ақ орамал белгісі бейбіт күннің.
Ақ орамал!». Концерт осындай әулекі емес, әдепті сөзбен басталды. Жуалылықтардың Құланда тойланған «Игі істер күніндегі» басты ұстанған кредосы да осы «ақ орамал» болған секілді, меніңше. Ол өте дұрыс. Қазір Мөңке би бабамыздың айтқаны айдай келді. Ол қалай деп еді.
«Ішінде шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады» демеп пе еді заманында. Композициялық көріністі көріп отырып, Мөңке бидің осы сөзін еске түсірдік. Күрсіндік. Күңірендік. Дегенмен, ол күңіреніс көпке созылған жоқ. Күлдік те. Сахнада өнер көрсеткен жуалылық өнерпаздардың әртістік шеберліктері сұмдық екен енді. Ән де, күй де, әзіл де тыңдадық. Аманжол Дүрәлі ақсақалдың да берген батасы жаттанды емес, шынайы болды. Нәрлі сөз естідік батадан. Концерттің түйінін Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Садыққызы түйіндеді.
– Батыр Бауыржанды баптаған елден, Шерағаңды шыңдаған елден, 14 генерал шыққан жұлдызы биік Жуалыдан баршаңызға жалынды сәлем, қош көрдік. Баршаңызға белгілі, 14 наурыз – Көрісу күні. Осыған орай, Жамбыл облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ұйымдастыруымен қолға алынған «Рухани керуен» жобасы аясында киелі Құлан жеріне келіп қалдық, ардақты ағайын. Мен осы ретте аналық образдың ерен үлгісін бейнелейтін ақ орамалды осында отырған ел анасына табыстағым келеді, – деді. Ақ орамалды табыстаған соң сөзін бүй деп жалғастырды Анар Садыққызы.
– Бұл – нағыз махаббаттың символы, ақ тазалықтың, кіршіксіздіктің бей­несі. Сон­дықтан біз сіздердің назарларыңызға осын­дай композициялық көрініс қойдық. Бүгінгі жасалған колөнер шеберлерінің көрмесі де, спорт саңлақтарының жарысы да, майлы бояумен салынған суреттер галереясы да, арнайы әзірлеп әкелген ас та қасиетті өлкенің тұрғындары, яғни өздеріңізге арналды. Елімізде тек қана бейбітшілік болсын, – деп ресми түрде эстафетаны аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаевқа табыстады. Одан кейін, Жамбыл облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі Ринат Нұрақбаев ортаға шығып сөз сөйлеп, іс-шараға белсене атсалысқан жуалылықтарға алғыс хат табыс етті.
Түс мезгілінен соң, осы эстафетаны жалғастыру мақсатында құландық керуен көштің ізін мерейлі Меркі жерінде жалғастырды. Құландықтар «Рухани керуен» жобасының «Шымырлық пен шеберлік күні» бойынша дәстүрімізді дәріптеп, өз өнерлерін паш етті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: