Пітір садақасының хикметі

424 Views

Пітір садақасы зекет сияқты мал-дүниемен жасалатын ғибадаттарының бірі болып саналып, тіпті пітір зекеті деп те аталды. Пітір – ауыз ашу, оразадан шығу деген мағынаны білдіреді. Оразаның аяқталуымен байланысы болғандықтан, оған осындай ат берілген. «Ауыз ашу»-«Ифтар» сөзіне мән берсек осы мағына түсінікті болады.
Алла Тағала Әғла сүресінде былай дейді: “Әлде кім тазарса, ол құтылады».
Жоғарыдағы аяттардың астарлы мағынасын Саид ибн Мусәииб және Омар ибн Абдулазиз сияқты танымал табиғиндер «Пітірін төлеген адам ақыретте құтылады, яғни құтылу жолын табады» деп түсіндіреді.
Имам Дарақұтни риуаят еткен төмендегі хадис­те: Рамазан айы оразасы парыз етілген жылы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намазының алдында екі күн бұрын арнайы насихат айтып, адамдарға пітір садақасын төлеуді бұйырған. Сол уақыттан бастап, мұсылмандар әр Рамазан айы оразасы кезінде пітір садақаларын өтеп келуде.
Имам Табарани Сәһл ибн Уббададан р.ғ. келтірген хадисте, «Рамазан айының оразасы аспан мен жердің ортасында байланып тұрып қалады. Қашан пенде пітір садақасын өтесе, әлгі оразасы Раббымыздың құзырына көтеріледі. Яғни пітір садақасының өтеліміне қарай оразасы қабыл болады» делінген. Пітір садақасын өтеген адамға Жаратушысының тарапынан мынадай жақсылықтар жауады. Ол жайлы «Фәтәуә Сирәжия» кітабында былай көрсетіледі:
1. Пітір садақасын төлеген адамның оразасының қабыл болуына;
2. Өлім сәтінде көптеген жеңілдіктерге ие болатынына;
3. Қабір азаптарынан құтылуына;
Пітір садақасындағы көзделген мақсаттар:
Пітір садақасында бірнеше хикметті жағдайлар бар. Төменде олардың кейбіріне тоқталып өтелік:
1. Ораза ұстаушының рамазан айы ұстаған оразасында нұқсандықтар бар болса, соны толтыру. Яғни, ораза ұстаушы ораза кезінде кейбір ұсақ-түйектерді бұзып қойса (мысалы, біреумен ренжіскен, ғайбат айтып қойған т.б. тыйымдарды бұзып қойған болса, оразасының сауабы кеміген болса), пітір садақасымен аталмыш нұқсандар толтырылуы мүмкін дейді. Бұл амал құдды намаз оқушының намаз кезіндегі ағаттықтарын түзету үшін сәһу сәждесімен толықтырғаны сияқты болып саналады.
2. Мұқтаж адамдарды рамазан айында өзгелерден тіленшілікпен жәрдем сұраудан сақтандыру.
3. Жағдайы өте төмен мұқтаж жанның көңіліне қуаныш сыйлау.
4. Пітір садақасы «Жан садақасы», «Дене садақасы» деп те аталады. Бұл садақа жан басынан да беріледі.Өйткені Алла Тағала ол пендені былтырғы рамазаннан биылғы рамазанға амандықпен жеткізіп, бір жыл ғұмыр берді. Сол үшін пенде тәубесі арқылы береді.
5. Пітір садақасы пенденің ораза ұстай алғандығы, құлшылық жасауға мүмкіндік бергені үшін шүкіршілікпен де беріледі.
Әр адам өзі үшін, әрбір ата-ана өз бала-шағалары үшін пітір садақасын өтейді. Мойнында қандай да бір аздаған қарызы бар адам үшін, ол қарызы пітір садақа беруге кедергілік жасамайды.
Пітір садақасын берудің ең соңғы уақыты Рамазан айт намазының уақытына дейін болып белгіленген. Ханафи мәзһабында пітірге белгіленген заттардың құндарына қарап беріле береді. Мысалы, 2 келі бидайдың құны деген сияқты. Зекет кімдерге берілетіні секілді, пітір садақасы да сондай орын­дарға беріле береді. Жалпы Исламда бұны Алла жолын­дағыларға деген арнайы тарауларға бөліп те қарастырған.
Құрметті оқырман, сөз соңында айтарымыз, пітір садақасының берілудегі жалпы мағынасы Ислам дінін қуаттандыруда екен.
Алла Тағала баршаңыздың ұстаған оразала­рыңыз бен пітір садақаларыңызды қабыл етсін!

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой: