Жарайсың, Айнұр!

474 Views

№ 24 балалар мен жасөс­пі­рімдер спорт мектебінің түлегі, жерлесіміз Айнұр Қаржаубай 51 келі салмақ дәрежесінде таэквондодан Біріккен Араб Әмірлігінің Фуджайра қаласында өткен «Fudjairah Open» халықаралық турнирінде жүлделі I орын иеленді. Қазіргі таңда Айнұр Қаржаубай Тараз қаласындағы спорт мектебінде тәлім алады. Яғни, сол жақтан да шеберлігін шыңдап жатыр десек болады. Негізінен, таэквондоның қыр-сырын үйреткен алғашқы бапкері № 24 балалар мен жа­сөс­­пірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Жадыра Жиенбаева. Жалпы Айнұрдың өзі қатысқан жарыстан жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Қараңыз, 2015 жылы Қаратай Тұрысовты еске алуға арналған республика­лық турнирде I орын, дәл осы турнирде 2016-2018 жылдары жүлделі II орынды иеленген. Қайрат Рысқұлбековты еске алуға арналған турнирде 2016 жылы I, 2019 жылы да жүлделі I орынды жеңіп алды. Балалар арасындағы Жамбыл облысы­ның біріншілігінде 2015 жылы I, 2016, 2017, 2019 жылдары жүл­делі II орын, осы категорияда Қазақстан чемпионатында 2015-2016 жылдары жүлделі II орын, 2017 жылы III орын иеленген. 2018 жылы Рудный қаласында өткен ашық республикалық турнирде жүлделі I орын жеңіп алып, «Спорт шеберіне үміткер» атағын қоса иеленді. Міне, аудан мақтанышы.
Қазір Айнұр жасөспірімдер арасында додаларға қатысып жүр. Көрсеткіші де жаман емес. Облыстық біріншілікте өткен жылы жүлделі I, биыл жүлделі II орынға ие болды. Биыл жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында да жерлесіміз жүлделі II орыннан көрінді. Алдағы жарыстарда да Айнұрға сәттілік тілейміз. Себебі, ол – мықты спортшы.

М.Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: