Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
16 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
Заманауи музыка әлемінде «cover» деген ұғым бар. Сover – тыңдармандар арасында танымалдылыққа ие болған белгілі бір музыканы түпнұсқасына ұқсатпай өзіндік стильмен айтып шығатын жанр түрі.
Бүгінде аталмыш жанрда ән салатын шетелдік әншілер өте көп. Ол тізімге британдық әнші және ағылшын-қытай тектес әндердің авторы Jasmine Thompson-ды әбден қосуға болады. Нәзік жанды дауыс иесі 2010 жылдан бастап әлемдік хиттердің кавер-нұсқаларын шығарып, кейін Робин Шульцтің (продюсер) көмегімен дип-хаус стиліндегі «Sun goes down» атты әнді орындағаннан соң үлкен танымалдылыққа ие болды. Бұл ән Аустралия, Германия, Аустрия, Швейцария секілді бірнеше мемлекеттердің «ТОП-10» чартына ілігіп, бүкіл әлемге жайылды. Танымалдылыққа жеткені соншалық, 2015 жылы әншінің YouTube-тағы арнасы 1,8 млн-нан астам жазылушыларды жинап, 220 миллионнан астам рет қаралды. Сондай-ақ, бұл қатарға азиялық атақты әнші J.Fla-ны да қосуға болатын шығар. Дәл қазіргі таңда оның кавер әндерінің бірін тыңдармандар 322 миллион рет қарап шыққан. Таңғаларлық жағдай, иә?!
Ал бұл тізімде отандық әншілерден кімдер бар дейсіздер ғой? Жауап берейік ендеше. Қазіргі таңда дәл осындай стильде ән айтып, домбыраны серік қылған «Made in KZ» тобын үлгі ретінде көрсетуге болады. Топтың «Lost on you» әніне түсірілген бейнебаянды әсем ән сүйер қауым 12 232 772 рет тамашалаған.
Шыны керек, соңғы кездері бұл жанрда ән салатын жас өнерпаздар көбейіп барады. Себебі, қазіргі жастар қарапайым қолдағы смартфонмен шағын бейнеролик түсіріп, танымалдылыққа қалай ие болуды жақсы біледі. Солардың қатарына жергілікті жас өнерпаз, Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің әншісі Аружан Оразалыны да қосқанымыз жөн болар. Бүгінде жас өнерпазда елімізде хит болған әндерді орындап, тыңдармандар көңілінен шығып жүр. Мәселен, жуырда ол елімізге танымал жас әртістер Әбілмансұр Серіковтың сөзіне жазылған Қобыланды Болаттың «JARYQ» атты әнін ерекше етіп орындап шықты. Адалын айту керек, ән өте әсерлі шыққан. Осы орайда дәл сол әнге бейнебаянда таспаланғанын атап өткеніміз жөн болар. Аружанның айтуынша, аталмыш әнге бейнебаянды түсіруге аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің басшылығы көмектескен екен. Бейнебаян авторы – Нұрлан Жорабеков.
Шыны керек, аудандық мәдениет үйі басшылығының бұл қадамы бізді қатты таңғалдырды. Нақты айтар болсақ, бүгінгі басшылық тек салтанатты жиындарға ғана көңіл бөлмей, дәл осындай жастарды үйіріп әкететін заманауи бағытқа да бет бұрғаны көз қуантады. Баянды бастамаларыңызға бас бармақпен баға беріп, тек сәттілік тілегіміз келеді.
Жәнібек СҰЛТАН.