ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

300 Views

«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген тәмсілді бала кезімізден санаға құйып өскен халықпыз. Шыны керек, қандай да бір шешім қабылдамас бұрын үлкен талқыға салуды жөн санайтын әдетіміз тағы бар. Бұл жолы да дәл солай. Өздеріңіз білетіндей,
жуырда елімізде үлкен өзгерістер орын алмақшы. Соның бірі – Конституциялық референдумды өткізу.

Маусымның 5-ші жұлдызында сайлауға түсетін аталмыш құжат бүгінде қоғам арасында қызу талқылануда. Ол үшін жергілікті басқарушы органдар арнайы ақпараттық-түсіндіру топтарын да құрған болатын. Күні кеше солардың бір легі ауданымызға арнайы келді. Жерлесіміз Дүйсеналы Бықыбаев бастаған топ мүшелері ең алдымен «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде аудан жұртшылығымен жеке кездесті.
Кедесуді аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов ашып беріп, сөз кезегін қонақтарға бұрды. Ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Дүйсеналы Дыбысалыұлы келген мақсатын айтып, аталмыш құжаттың маңыздылығы айрықша екендігін айтты. Сөз соңында тұрғындар тілегіне құлақ түруге дайын екенін айтып, жиынның «сұрақ-жауап» кезеңіне көшті.
Жиында белсенділік танытқан азаматтар қатарында Бейсембай Таңбаев, Омар Нұрмашев, Любовь Левицкая, Әмізе Тәжіков сынды азаматтар болды. Олар тіл, жер, білім, ұлт пен ұлыстардың достастығы, партияларды тіркеу, сайлау кезіндегі әділдік, жайылымның жетіспеуі жөнінде сөз өрбітіп, жан-жақты талқыға салды. Ақпараттық топ жетекшісі қойылған сауалдарға толыққанды жауап беріп, ұсыныс-тілектерді облыс басшылығына жеткізетінін айтты.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: