Ерлік ешқашан ұмытылмайды
Биыл Ұлы Жеңіске 77 жыл толды. Бұл мерекенің қарға тамырлы қазақ халқы үшін орны да оябы да бөлек. Біздің жауынгер аталарымыз екінші Дүниежүзілік соғыста ерлікпен шайқасты. Оған сырлы тарих куә. Сондықтан біз олардың майдан шебінде көрсеткен қаһармандықтарын әрдайым сөз етіп, жазып жатамыз.
Жеңіс күні ауданымызда аталып өтілді. Нақтысын айтқанда, аудан орталығында орналасқан «Жеңіс» саябағындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне қойылған ескерткішке аудан әкімі Ерболат Садырқұлов бастаған ауданның құқық қорғау органдары, зиялы қауым өкілдері, мекеме қызметкерлері арнайы барып, гүл шоқтарын қойды. Салтанатты митингке қатысушылар алдымен қан майданда қаза тапқан жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Содан соң, аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы сөз сөйледі. Ол сөзінде Ұлы Жеңіс күнінің еліміздегі айрықша мерекелердің бірі екендігін, майдан шебіндегі кескілескен ұрыста ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің батылдығы мен даралығы ұрпаққа өнеге екенін атап өтіп, жауынгер аталарымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын тілге тиек етті.
«Құлан таңы» ақпарат.