21 отбасыға демеушілік көрсетілді

355 Views

Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам баса алады. Жалпы, біз қайырымдылық жасауды қаржылай көмек көрсету ғана деп ұқпауымыз керек. Сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасауға болады. Бұл – біздің ортақ борышымыз.
Жуырда осыған орай «Қайнар-Агро» ЖШС-нің басшысы Серікжан Шоқатаевтың демеушілігімен Қызылшаруа, Бәйтелі және Р.Сәбденов ауылдарындағы аз қамтылған, тұрмысы төмен 21 отбасыға демеушілік көрсетілді. Әр отбасыға ең керекті деген азық-түлік таратылды. Яғни, 25 кг ұн, 5 литр сұйық май, 5 кг макарон, 5 кг қант, 5 кг картоп, 5 кг пияз, 10 кг ет және тағы басқа да керек-жарақтар үлестірілді. Осындай қайырымды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігің жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?!
Ал біз өз кезегінде ауыл тұрғындарына өз көмегін көрсеткен жаны жомарт Серікжандай ағамызға шексіз алғыс айтамыз.

Данияр КӘДІРБЕК,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Ақбұлақ ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі инспекторы.

Поделиться ссылкой: