Дара тұлға

440 Views

Жуырда Д.Қонаев ауылындагы №5-ші шағын орталықты орта мек­тепте заманымыздың заңғар тұл­ғасы Д.А.Қонаевтың өмір жолы мен мемле­кеттік қызметіне арналған семинар-практикум болып өтті. Оған ауданның білім беру мекемелері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Семинарды аудандық білім бөлімінің әдіскері Гауһар Жанатқызы Ноғайбаева ашты.
Бағдарлама бойынша «Д.А.Қонаевтың атқарған игі істері мен же­тіс­тіктері» деген тақырыпқа 11 «А» сынып жетекшісі Раушан Оразбайқызы Бөрібаева мазмұнды баяндама жасады. Одан соң 9 «А» сыныбының оқушылары «Шоқтығы биік тұлға» тақырыбына орай интеллектуалдық ойын өткізді. Айту ләзім, сынып жетекшісі Гүлбайра Әбутәліпқызы шәкірттерінің берілген тақырып бойынша қаншалықты ой өрісі өскендігіне бағамды баға бере алды. Әсіресе, он бірінші сынып оқушылары Дильназ Сейітқұлованың, Назым Нарқұлова мен Нұрсұлтан Орынба­сардың, тоғызыншы сынып оқушылары Інжу, Диас, Ерсұлтандардың тапқыр жауаптарына тәнті боласың. Бесінші «а» сыныбында өткен саяхат-сабақ та семинарға қатысушыларға әжептәуір ой тастады. «Ғасырдың дара перзенті» тақырыбын ашу арқылы сынып жетекшісі Әлия Дадан ерекше ізденіс жасаған. Мектеп басшыларының 23 оқушыны сәуір айының 22-де Алматыдағы Қонаев музей-үйіне саяхатқа апаруы да өте орынды шешім болған. Олармен бірге бес ата-ананың да бірге баруы мектеп пен отбасы байланысының бар екенін айғақтап тұрса керек. Бұл жерде мектептегі тәрбие ісіне жауап беретін Гүлзира Қожахметованың да ұйымдастырушылық икемділігін айтпасқа болмайды. Семинар өте­тін бөлмеге қойылған көптеген портрет­тердің оқушы қолынан шыққаны ерекше көзге көрініп тұр. Мұны оқушылар творчествосының жемісі демеске лажың жоқ.
Семинар-практикумға Тараз қа­ла­сындағы Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітап­ханасының директоры Гүлфайруз Қапарқызы Іңкәрбекова мен әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Толқын Тәжі­төре­қызының келіп қатысуы да семи­нар­дың мазмұнын аша түсті. Библио­графтар белгілі жазушы, ақын, Мемле­кеттік сыйлықтың иегері, Чешен Республикасының жоғары дәрежелі орденінің иегері Рафаэль Ниязбековтың Димаш аға туралы жазған «Көсем» атты кітабының тұсауын кесіп, оны жиналған жұртқа таныстырды.
Осы жиынға арнайы шақырылған қонақтардың ішінде жергілікті жур­налист-жазушы Сейсен Қожеке де болды. Ол өз сөзінде: «Қонаев сынды дараның ауылға есімі берілгені зор мақтаныш сезімін ұялатады. Енді мектепке де осы кісінің есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді» деді.
Семинар соңында тәрбие саласында жүрген ұстаздарға грамоталар тап­сыры­лып, қонақтарға сый-сияпат көрсетілді.

С.Шамин.
Суретте: семинардан көрініс.

Поделиться ссылкой: