Ботулизмнің алдын алу
30 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
1941 жыл. Маусымның 22-ші жұлдызы. Дәл осы күні тым-тырыс жатқан Кеңес Одағының жеріне тұтқиылдан шабуыл жасалады деп ешкім ойлаған жоқ. Тіпті, сол сәтте бұл майдан ақырында Екінші дүниежүзілік соғыстың бір бөлшегі болып тарихта қалатыны ешкімнің санасына да жеткен жоқ.
Ауыл орталығында орналасқан қос құлақты дыбыс күшейткіштен Сталиннің сенімді хабарлаушысы атанған Юрий Левитанның қаһарлы дауысы естіледі. «Ұлы Отан соғысы басталды» деген зарлы сөз шалғайда жатқан әрбір кеңестік азаматтың зәре құтын қашырды. Қолына қару ұстай алатын әрбір азамат сапқа тұрып, эшалондарды толтыра майдан даласына аттанды. Ресми статистикаға үңілер болсақ, сол сәтте Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 200 мың сарбаз аттанған екен. Соның ішінде 70 мыңнан астамы Жамбыл облысынан, ал, ауданымыздан 6235 азамат Отан қорғауға аттанып, соның 3017-сі туған жерге аман-есен оралыпты. Ел үшін күресіп, омырауын марапатқа толтырып келген майдангерлер арасында жерлесіміз Бекбосын Нәметқұлов та бар. Ол 1922 жылы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Қарақат ауылында колхозшы шаруаның отбасында дүниеге келген. 1929-1936 жылдар аралығында Октябрьшаруа ауылындағы бастауыш мектептің 6-шы сыныбын аяқтап, еңбекке ерте араласқан. Атап айтар болсақ, жер айдап, егін салу, малға азық дайындау, қой қырқу, қой төлдету сынды жұмыстардың бәрін ауыл баласы тиянақты орындай білді. Сондықтан болар, ол кейіннен есепші қызметіне тағайындалған. Ал 1941 жылы Мерке ауданының әскери комиссариатынан өз еркімен майданға аттанып, онда «Пулеметчик дивизиясында» атқыш болып, ерлікпен шайқасты.
Бекбосын батырдың ерлігі елеусіз қалған жоқ. Берлинге дейінгі жолды жүріп өткен жауынгер кеудесіне «ІІ дәрежелі Даңқ», «ІІІ дәрежелі Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» атты медальдармен марапатталған. Адалын айту керек, майдангер атамыз бұл марапатқа әбден лайықты. Оны бізге майдангердің ұлы Мұрат Бекбосынұлы кеңінен әңгімелеп берді. «Әкем соғысқа өз еркімен аттанған азаматтардың бірі. Лайықты соғысты. Соғыстан кейін де ел үшін еңбек етті. Биыл туғанына – 100 жыл. Мен майдангер әкемді мақтан тұтамын. Неге? Себебін айтайын. Ол мақтангершіліктен аулақ азамат еді. «Балам, мен тірі кезімде әкімдік есігін қағып, әділдік іздеме. Халық кейін өз бағасын беретін болады» деп, екі мәрте «Даңқ» орденін алғанын көпке айта бермейтін. Жария да қылмайтын. Ал, жалпы дәл осындай орден сол кезде көп майдангерге бұйырған жоқ. Оның біріншісі – жаудың ұшағын атып түсіргені үшін берілсе, екіншісі – қасындағы жолдасы екеуі 36 неміс жауынгерін тұтқындап, әскери бөлімшеге алып келгені үшін кеудесіне тағылған. Әкем 1946 жылы елге оралып, содан бастап өзі туып өскен ауылда бас кадр қызметін, товарлы-сүт фермасын басқарып, содан кейін көп жылдар бойы ревком қызметін атқарды. Зейнетке шыққанға дейін және зейнетке шыққаннан кейін де туған ауылының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге қомақты үлесін қосты. Оған 1959 жылы Мәскеуге барып, халықаралық ауылшаруашылығы көрмесінің ашылу салтанатына Жамбыл облысынан делегат болып қатысқанын айқын дәлел ретінде келтіруге болады. Асқар тауым 1988 жылы қыркүйек айында дүниеден өтті. Бірақ оның артында 3 ұлы мен қызы қалды. Бүгінде олардан 10 немере, 25 шөбере тарап үлкен әулетке айналып отыр. Әкемнің айтқан әрбір өнегесі, берген тәрбиесі біздің жадымызда мәңгі қалатын болады. Ол бізді адал әрі жемқорлықтан аулақ болуға, біреудің ала жібін аттамауға үйретті. Осы үшін де оған қарыздармын» деп есті естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, батырдың ұлы жуырда әкесінің құрметіне орай Құлан ауылдық округінің және №2 шағын орталықты орта мектебінің ұйымдастыруымен іс-шара өткенін атап өтті. «Жуырда Қарақат ауылдық клубында әкеме арналған шарапаты мол іс-шара өтті. Оған Санат Қырықбаев, Райзо Шәділбеков, Тұрғынбек Қарағаев, Омар Нұрмашев, Бейсенбай Таңбаев сынды ауыл ақсақалдары қатысты. Кеш қонақтары ілкімді іс-шара барысында сөз сөйлеп, орамды ойларын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Мектеп мұғалімдері мен оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама да көптің көңілінен шықты. Сол үшін оларға шексіз алғыс айтқым келеді. Қазақта «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген сөз бар. Осы сөзді мықтап, санама сіңіріп алған жандардың бірімін. Алдағы уақытта «Жомарт түлек» жобасы аясында өзім білім алған мектептің бір бөлмесін толықтай жабдықтап, батыр әкеме арнап орталық ашқым келеді. Сондай-ақ, дәл қазір заманауи технологияның дәуірі емес пе? Осыған сәйкес білім ордасының дәлізіне мектеп оқушыларының сұранысы бойынша бір цифрлы құрылғы әперуді көздеп отырмын. Осы істі соңына дейін іске асыруға өз басым уәде беремін» деп нағыз мәрттіктің, жомарттықтың үлгісін көрсетті.
Айта кетейік, жуырда Бекбосын Нәметқұловтың әруағына бағышталып, арнайы Құран да оқылды. Ізінен ардагерлер арасында бильярдтан шағын турнир өтті. Жеңімпаздар арнайы дайындалған бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жәнібек СҰЛТАН.