584 Views
Маусым айының 5-ші жұлдызында елде айтарлықтай өзгеріс орын алмақшы. Қандай дейсіздер ғой?! Жауап берейін… Әрине ол күні көптің көңілі мен ойында жүрген Ата заңның кейбір бөлімдері өзгеріске ұшырайды. Ол үшін ел тұрғындары кезекті рет референдумға белсене қатысуға тиісті.
Бүгінде дауыс беру жұмыстарына дайындық қыза түскен. Оны аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға қарап-ақ анық аңғаруға болады. Аудан жұртшылығы маңызды құжаттың қабылдануына дауыс беру үшін арнайы учаскелер дайындалған. Тіпті оның төрағасы, орынбасары және мүшелері де сайланып қойылған. Әр учаскеге бекітілген жауаптылармен танысу үшін біздің басылымның өткен санын парақтап шықсаңыз болғаны.
Жуырда референдумға дайындық жұмыстарын пысықтау үшін жауаптылар аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залына жиналды. Оған аудандық референдум комиссиясының төрағасы Манарбек Тілепов, аудан әкімдігінің аппарат басшысы Жеңіс Әділов, ауылдық округ әкімдері мен елді мекендердегі референдум комиссиясының мүшелері қатысты. Жиында референдумның жұмыс барысы, жүргізілу және өткізу тәртібі таныстырылды. Сондай-ақ кеңейтілген кеңесте нұсқаулық құрылғыларын орнату, оған тиісті қаражат бөлу, санитариялық талаптар, ақпараттық-түсіндіру мен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу туралы айтылды. Референдумды өткізу барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық мүмкіндікті жасау – аса маңызды. Бұл туралы жиында аудандық референдум комиссиясының төрағасы Манарбек Әміреұлы арнайы тоқталып, қойылған талаптарды баяндау үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жауапты қызметкері Мейрамгүл Халықоваға арнайы сөз берді. Әлеуметтік сала маманы референдум кезінде атқарылатын жұмыстарды толық баяндап, І және ІІ топтағы қамкөңіл жандардың санын атап өтті. Сонымен қатар, референдум кезінде барлық талаптар нұсқаулыққа қатысты жасалу керектігін ескертті. Жиын соңында аудан әкімінің аппарат басшысы Жеңіс Әділов сөз алып, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Жәнібек Базылбек.
Поделиться ссылкой: