Іргелі істері арқылы ілгері жылжыған ауыл
Бауыржан Момышұлы қарттарды «Шал, қария, ақсақал, абыз» деп төрт топқа бөлген екен. «Ойы отбасы мен ошаққа оралып, қаңқу әңгіме мен қаңғыған өсекті өршелендіріп жіберетін қарт – шал. Өз әулетін тату басқарып, бейбітшілік пен бірлікті ту қылған қарт – қария. Тұтас ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жетім-жесірдің жыртығын жамап, ауылдың абыройын асырып, атағын аспандатқан қарт – ақсақал. Елдің бірлігін сақтап, ұлтты ұйыстырып отырған қарт – абыз», – дейді Бауыржан Момышұлы. Тек кетіп, тексіз жайлаған, бек кетіп, бетсіз жайпаған заманда өмір сүріп жатқанымыз рас. Қырттың сөзін сөйлегенге мәз болып, ұлттың сөзін сөйлегенде аз болатын шалдуар шалдары мен шау тартқан қарты көп қоғам орнағаны да ақиқат. Бірақ, тұтас ауылдың берекесі мен бірлігін ойлап, ырысы мен несібесін арттырып отырған ақсақалдардың барлығы көзге қуаныш, көңілге медеу.
Жасы мен жасамысы ілкімді жұмыс жасап, іргелі істері арқылы ілгері жылжыған ауылдың бірі – Көкдөнен. Жуырда Көкдөнен ауылында мешіт жанынан 250 орындық халал асхана ашылды. Бұл асхана жылдық ас беріп, діни жиындар өткізуге арналған. Ең таңғалдырарлығы – асхана құрылысына жұмсалған 25 млн қаражатты қарапайым халық жинаған. Ақсақалдардың ақылы, жергілікті халықтың қолдауы – еңселі ғимаратты тұрғызуға сеп болған. Осы қуанышты жаңалық туралы Көкдөнен ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Кәрбоз Ағыбаев: «Көкденен ауылында үлкен мереке, той болып жатыр. Ауылдың азаматтары, үлкен-кішісі, қариясы, зейнеткерлері бірігіп, бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып 25 млн теңге көлемінде қаражат жинап, ауыл мешітінің жанынан халал асхана ашылды. Бұл асхананың ашылуына жастардың, әр жылы түлеп ұшқан түлектердің тигізген көмегі мол», – деген пікір білдірді. Расында да, асхана құрылысы үшін бір айлық зейнетақысын арнаған қарттар да болған. Қомақты қаражат беріп қол ұшын созған жомарт жандарда, қолдау білдірген қайырымды әулеттерде табылған. Ауданнан арнайы барған Құлан ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Берік Әліпбаев өзінің жүрекжарды сөзінде Көкдөнен ауылының бірлігі мен ынтымағы көп ауылға үлгі екенін тілге тиек етті. Асхананың ашылу салтанатында Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев: «Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін атсалысып, еңсерген еңселі ғимаратымыз осы!», – деп ауыл жұртына алғысын білдірді. Қазыналы қариясы, абыройлы азаматы, жігерлі жастары, айбынды ұл-қызы бар ауылдың көрінісі осылай болуы керек!.. Салтанатты жиында Берік Әліпбаев пен Кәрбоз Ағыбаев ресми түрде асхананың лентасын қиды. Жиын соңында Құран оқылып, ас берілді.
Жәнібек Ұлықбекұлы.