Бір кем дүние

333 Views

Ауыл иттері
Ахмет Байтұрсынов:
– Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асып, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрiнен, өз ауылымның иттерi үрiп, қапқаны, – деп едi-ау.
Әттең, дүние-ай, 1937 жылы бiздiң әкейдi де өз ауылымыздың шолақ белсендiлерi нақақтан жала жауып, ұстатып жiбердi де, жоқ қылды ғой. Обалы кiмге? Қорлықты көп көрдiк қой.
1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып, атылған, айдалған, асылғандардың бәрi кейiн ақталды.
Бiрақ жазықсыз жапа шеккендер қайта тiрiлген жоқ.
Бiр кем ғана дүние ме екен? Орны толмас орасан обал дүние.
Баукең солақай емес
Тараздағы драма театрының жанында Бауыржан Момышұлына ескерткіш қойылған.
Бұл өте бір Иманды іс болды.
Тұла бойы сыйдиған еңселі ескерткіш.
Бәукеңдей батырды алмауыт тұлпарға мінгізіп қойса да болар еді, бірақ бір бастық ескерткіштің бәрі аттылы болып бара жатыр депті.
Мейлі ғой. Бірақ мына тұла бойы тік тұрған Баукеңнің қылышы оң қол жағына тағылыпты. Оны суырып алатын Бауыржан солақай емес еді ғой!..
Сызып тастап түзететін жазу емес, қисық-қыңырын түзете салатын бояулы сурет емес, шойыннан құйылған ескерткіш.
Әттең, бір кем дүние.
Тасбақаның көз жасы
Дүниеде бір армансыз, қамсыз, уайымсыз жан иесі бар болса, ол Тасбақа шығар деп ойлаушы едім. Мейір шөпті тауып алып, соны тістеп жатып, жүз жыл жасай беретін, Құдайдың сүйген бір мақұлығы сияқты көрінуші еді.
Сөйтсем, кинодан көрдім, Тасбақадан қасіретті жәндік жоқ екен. Теңіз тасбақасын айтамын.
Теңіз тасбақасы баласын жұмыртқадан шығарады. Бірақ жұмыртқаны суда туа алмайды. Теңізден шығып, жағалаудағы құмды қазып, жұмыртқаны туып, құмға көміп кетеді екен.
Кетерінде көз жасы көл болып, іштен шыққан тұқымды қия алмай, құрлықта ұзақ уақыт қала алмай, амалсыз теңізге оралады. Міне, сұмдық сол сәттен басталады. Тасбақа жұмыртқасына алдымен адамдар әуес, тіпті жерік десе де болады.
Адам сондай болғанда, басқа жыртқыштарға не жорық? Олар да жұмыртқа жегіш.
Ал енді жегіштерден аман қалған жұмыртқалар құмның қызуымен ай-күніне жетіп, балақай болып, жарық дүниеге шығады ғой. Әне, содар сойқан сонда басталады. Енді оларды аулауға аспандағы жыртқыш құстар да шүйлігеді.
Тумай жатып, жарық дүниеге келмей жатып, ажал аранына түсетінін Жаратқанның берген түйсігі арқылы сезетін балақайлар сол сезім жетектеп, дереу теңізге жетуге асығады.
Теңізге жеткені – жетті, жетпегені желкесі үзіліп, қорқаулардың құлқынына түседі.
Бұл да бір кем дүние, арпалыс әлемі.
Оспанханның «ңөңі»
Баяғыда Оспанхан марқұмның бір әңгімесін жариялап едік. Ұмытпасам, әңгіменің аты «Ңөң» болатын.
Содан, енді ойлаймын жарықтық Осекем әулие екен-ау деп.
Қазіргі мына заманда «ң»-ға тілі келмейтіндер көбейді. Теледидарды тыңдап, қарап отырсаң, «жанағы, жанағы» деп сөз арасына «арам» сөз қосып сөйлейтіндер жиіледі.
Басқаны былай қойғанда, осы замандағы қоғадай көп партиялардың дөкейі «ң»-ға тілі келмейді екен. «Жанағы, жанағы» дейді. Және екі сөзінің бірі «жанағы».
Ерте-ертеде большевиктер көсемі Ленин жарықтықтың «р»-ға тілі келіңкіремеуші еді. Бірақ оған бұл сақаулық біртүрлі жарасып тұратын.
Енді қазіргі көсемдердің бірі: «Жанағы женістен женіске жете берейік!» — деп соғады.
Бір кем дүние деген осы.
Жамбылдың жолбарысы
Жарықтық Жамбыл — Жәкеміздің жолбарысы бар екені рас-ау. Оны бұл дүниеден өтерінде өзі де айтқан ғой. Үлкен баласына:
— Тезекбай, қамдана бер, менің жолбарысым маған қарамай, тау жаққа кетіп қалды. Кешікпей мен де кететін шығармын, — деп еді-ау.
Тоқсан асқанда Сталинді мақтау керек болды. Жағдай солай еді. Тапсырма солай еді.
Мақтауын мақтады. Шын түсінген адамға ол мақтау емес еді. «Күндіз бар да, түнде жоқ» күн де орнында. «Түнде бар да, күндіз жоқ» ай да баяғыдай.
Ал Сталин баяғыда өлген. Лениннің қасына қатар жатқызып еді. Хрущев оны сүйретіп алғызып тастады.
Бір кем емес, орасан кем дүние.

Поделиться ссылкой: