Аудан аумағы құрылыс алаңына айналды

409 Views

Соңғы жылдары жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынына қарасақ, аталмыш салада жақсы үрдістің барына куә боламыз. Құрылыстың көбеюі әлеуметтік мәселелерді шешіп, бой көтерген тұрғын үйлер, жаңа мектептер мен балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар, демалыс орындары жергілікті тұрғындардың игілігіне жарап, жұмыссыздық деңгейінің азаюына да өз үлесін қосып жатқаны сөзсіз. Өткен жылдағыдай биыл да ауданда осындай оңды жұмыстар жалғасын тауып, бірқатар маңызды нысандардың іргетасы қалануда.

 

Баспана мәселесі шешілді

Халықтың тұрмыс жағдайын жақсартудың негізгі көрсеткіштерінің бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы ретте Т.Рысқұлов ауданында жер телімдері беріліп, биыл бірқатар тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде.
Мәселен, “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында «Арай» тұрғын үй алқабында салынып жатқан І тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, инфрақұрылымдарды тарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал ІІ көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Тұрғызылып жатқан тұрғын үйдің кәріз жүйесін жүргізу және ауыз су құрылысы жұмыстарымен танысқан аудан әкімі Ерболат Садырқұлов жұмыстың уақтылы әрі сапалы аяқталуы ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығына жоспарланғанын, жұмыстар толығымен аяқталған соң жаңа аудандағы жаңа үйден пәтер алу бақыты үй кезегінде көп жылдан бері тұрған аудан тұрғындарының игілігіне берілетінін айтты. Сонымен қатар, бүгінде Луговой ауылындағы 130 га тұрғын үй алқабына инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда 1 және 2 кезектегі тұрғын алқаптарының электр желісінің құрылысы және құрылыс – монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын.
Екінші кезектегі электр желісінің құрылысы 100%-ға толық аяқталса, бірінші кезектегі электр желісінің құрылысы 80%-ды құрап, құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысқан аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы аталған нысандағы жұмыстар толығымен аяқталған соң ауыл тұрғындарына кезекке сәйкес берілетінін айтты.

 

Екі бірдей амбулатория салынуда

Т.Рысқұлов ауданында тұрғын үйлердің құрылысынан бөлек, әлеуметтік ғимараттардың құрылыс жұмыстары да қарқынды жүруде. Биыл ауданда екі бірдей елдімекенде дәрігерлік амбулатория салынуда.
Бірі 3000-ға жуық халқы бар Жаңатұрмыс ауылында заманауи медициналық мекеме 25 адамға арналса, Көкдөнен ауылдық округіне қарасты Жақсылық ауылындағы дәрігерлік амбулатория 15 келушіні қабылдай алатын болады. Қос нысан «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде.
Қос амбулаторияның құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы ауыл тұрғындарын көптен күткен бұл нысандар халық игілігіне ағымдағы жылдың тамыз айында берілетінін, медициналық нысан халықтың көңілінен шығып, құрылыс ережелеріне сай болуын қамтамасыз ету керектігін жеткізді.
Айта кетейік, егерде қос бірдей емдеу мекемесінің құрылысы аяқталса, аудандағы барлық елді мекендер жергілікті дәрігерлік амбулаториялармен толығымен қамтамасыз етілетін болады.

Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!

Ауданда жыл сайын көктемгі және күзгі көріктендіру және көгеріштендіру, санитарлық тазалық екі айлығы жарияланып, осы айлық аясында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Арнайы сенбіліктер де ұйымдастырылып, онда аудан басшысынан бастап, қатардағы қызметкерге дейін тазалық жұмыстарына қатысып, тал-дарақтар егуге атсалысады. Бұл әрине, қоғам тарапынан құптарлық жұмыс. Сайып келгенде, табалдырықтан басталған тазалық – өзің тұратын ауылыңның таза болуының кепілі. Ауылың қоқыстан таза болса, басқа ауылдарға да үлгі болмақ.
Осыған орай, аудан әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің мәліметінше, 2022 жылы Т.Рысқұлов аудан әкімінің «Көктемгі екі айлық көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын ұйымдастыру туралы» 15 ақпан күні шыққан аудан әкімінің №20 қаулысына сәйкес, аудан көлемінде 2022 жылдың 1 наурызы мен 30 сәуірі аралығында көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын өткізудің көктемгі екі айлығы жарияланған. Комиссия құрамы бекітіліп, іс-шаралар жоспары жасалып, ауылдағы тазалықтарды қадағалау үшін ауыл аймақтарға аудан активтері бекітілді. Аптаның жұма-сенбі күндері санитарлық тазалық күні болып белгіленді.
Бөлімнің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес, жалпы көктемгі екі айлық көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарының жоспары бойынша аудан бойынша 950 тал-теректер егіліп, 1600 гүлзарлар және 2710 көгал орналастырылады, 34 шақырым арық-каналдар, 245 шақырым көшелер тазаланады, 1400 саябақтарды, скверлерді тазалау және көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Аудандағы кездейсоқ күл-қоқыс орындарынан шамамен 225 тоннасы тазартылады.
Ауылдық округтер бойынша көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстарына ауылдық округтегі мемлекеттік мекемелер өз аулаларына тазалық жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады.
Иә, тазалық – бәрімізге ортақ жұмыс. Себебі, ауылдың гүлденуі ең алдымен сол ауылдың тұрғындарының жауапкершілігіне тікелей байланысты.

 

Бір жаңа білім ошағы салынып, үш мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Ауданның әлеуеті артып, өсіп-өркендеуімен қатар, халық саны да едәуір артуда. Бұл ретте жылдан-жылға өсіп келе жатқан тұрғындардың сапалы міндетті орта білімге деген қажеттілігін өтеу маңызды екені белгілі. Осы орайда, бүгінде ауданда тағы бір білім ошағы бой көтеруде. 20 мыңға жуық халқы бар Құлан ауылдық округінің халқы үшін қуанышты жаңалық – 300 орынға арналған жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Нысан 2023 жылға өтпелі болып табылады.

Арай тұрғын үй алқабында құрылысы бастау алған жаңа мектептің құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы жұмыстың жүргізілу барысы туралы бірқатар тапсырмалар беріп, үш қабатты жаңа білім ошағы заманауи талаптарға сай, қажетті барлық жабдығымен жасақталатынын айтты.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы ауданда 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Алғабас ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі, Құлан мектеп-гимназиясы және Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектебінде жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Білім ошақтарына арнайы барып көрген аудан басшысы жауапты сала басшыларына және мердігерлерге жұмыстың сапалы әрі уақтылы аяқталуы қажет екенін, жөндеу жұмыстары барлық талаптарға сай жүргізілуі қажет екенін айтты.
Аталған екі мектептің күрделі жөндеу жұмыстары “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында, бір мектеп облыстық бюджет есебінен жүзеге асатын болады.

Ауданда алғашқы модульдік полиция бекеті бой көтеруде

Өткен аптада аудан әкімі Ерболат Садырқұлов аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағының алдына орнатылып жатқан модульдік полиция бекетінің жұмыстарымен танысты. Бұл ауданда орнатылып жатқан алғашқы осындай бекет.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар аяқталған соң модульді бекет қызметкерлері аумақты патрульдеп, тәулік бойы кезекшілік атқару арқылы ауданымызда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейіне оң әсерін тигізетініне сенетінін жеткізді аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы.
Күн санап көркейіп, жаңарып, жасарып келе жатқан ауданымызда құрылыс саласы өркендеп, көптеген әлеуметтік нысандар салынуда. Айта кететіні, ағымдағы жылы Р.Сәбденов, Ақыртөбе және Көгершін елдімекендерінде спорттық сауықтыру кешендерін салу, Көгершін ауылында мәдениет үйін салу жобалары облысқа қаржыландыруға ұсынылып, оң шешімін тауып отыр. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіші.
Бүгінде салынып жатқан құрылыстың ашықтығын көрсету, қоғаммен кері байланыс орнату, мердігерлік құрылыс ұйымдары жұмысының сапасын бақылау, ауыл ардагерлері мен белсенді азаматтарынан құрылған қоғамдық бақылау тобы мен жергілікті халықтың бақылауында болады.

 

Поделиться ссылкой: